Ақындық – туа бітетін қасиет. Ал оны шыңдайтын – тәрбие мен табандылық. Кей жандарда осы үшеуі бір арнаға тоғысып, болашаққа бастар нық жолға айналады. Сондай сирек үйлесім иелерінің бірі – жас ұстаз, ақын Бақытжамал Кеңшілік.
Жиырма төрт жастағы бойжеткеннің бүгінге дейін бағындырған белестері аз емес. Ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып жүрген жас маманның өмір жолы – еңбек пен ізденістің, сенім мен шабыттың айқын көрінісі. Бәрі бала жүректен туған үш шумақ өлеңнен басталды. Бесінші сыныпта оқып жүргенде әжесінің туған күніне арнап жазған сол өлең Бақытжамалдың тағдырын басқа арнаға бұрды. Мектеп қабырғасында құрылған «Жас қаламгерлер» үйірмесінде алғаш рет өлеңін көпшілік алдында оқығанда жетекшісінің таңданысы бекер емес еді. Ал сол туындының газет бетінде жарық көруі – жас жүрекке сенім сыйлап, қаламына қанат бітірген сәт болды.
– Өлеңге деген махаббатым сол күннен бастап өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Негізі үш шумақ жыр әжемнің туған күніне арналды. Ата-әжемнің қолында өскен соң, оларды ерекше жақсы көремін. Әжемді өзгеше құттықтағым келіп, қолыма қағаз алдым. Сол сәттен бастап әдебиет, оның ішінде ақындық әлемі мені өзіне баурап алды, – дейді Бақытжамал Кеңшілік.
Жангелдин ауданына қарасты Албарбөгет ауылында дүниеге келіп, ата-әжесінің тәрбиесінде өскен ол құлын шағынан ізгілікке жаны құмар болды. Әжесінің «қыз бала білімді, ойы озық болуы керек» деген ұстанымы кейін Бақытжамалдың өмірлік қағидасына айналды. Төртінші сыныптан кейін Меңдіқара ауданына қоныс аударып, жаңа ортада да алғырлығымен көзге түсе білді. Абай оқуларына қатысып, ұлы ақынның жүзден астам өлеңін жатқа айтуы – тынымсыз еңбек пен төзімділіктің айғағы. Анасының ұстаздық жолы да оның қалыптасуына үлкен ықпал етті деуге болады. Бастауыш сыныпта жүріп-ақ анасы тексерген жүздеген дәптерді қайта қарап, қателерін түзетіп отыруы, жоғары сынып бағдарламасын ерте меңгеруі – білімге деген ерекше құштарлығын аңғартты. Қыстың қақаған аязында анасының сабағына еріп барып, соңғы партада отырып тыңдаған дәрістер, келесі сабақта сол ақпаратты жатқа айтып беруі – болашақ ұстаздың алғашқы қадамдары еді. Бүгінде сол бала арман биік мақсатқа айналды. Анасы он бес жылдан астам уақыт бойы Меңдіқара ауданындағы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарса, әкесі – музыка пәнінің мұғалімі, сазгер Бақытжан Сәукеновтің әндерін орындаушы. Өнер мен білім тоғысқан отбасында өскен Бақытжамал жауапкершілік пен ізденісті ерте бойына сіңірді.
– 2017 жылы Қостанай гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, 2021 жылы тәмамдадым. Кейін А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетін 2024 жылы аяқтадым. Меңдіқара ауданында жас мұғалім ретінде еңбек жолымды бастап, дебат үйірмесін аштым. Екі жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, әртүрлі деңгейдегі байқауларда бақ сынадық. Республикалық «PedStart-2023» байқауында І орын, «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауында Гран-при иелену – мен үшін үлкен мәртебе. Ағартушы Ы.Алтынсаринге арналған ғылыми конференциялар мен көркемсөз сайыстарындағы жеңістер де тынымсыз еңбектің жемісі. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс, әдеби және ғылыми байқаулардағы белсенділік үшін берілген марапаттар да еңбегімнің еленгенін көрсетеді, – дейді ол.
Иә, жетістіктері аз емес. Дегенмен, бағындырар шыңдары әлі алда. Қай жерде еңбек етсе де, әріптестерінің қимай қоштасуы – оның адами әрі кәсіби болмысының айқын дәлелі.
– Бақытжамал Маратқызы білім беру үдерісінде заманауи педагогикалық тәсілдер мен тиімді стратегияларды шебер қолдана отырып, өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарады. Ол үнемі кәсіби дамуға ұмтылып, семинарлар мен курстарға тұрақты қатысады. Мектеп, отбасы және қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда жүйелі жұмыс жүргізіп, баланың шығармашылық әлеуетін ашуға күш салады. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі онлайн және офлайн байқауларда үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр, – дейді Меңдіқара ауданындағы Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясының директоры Кемер Уразбеков.
Бақытжамал әдеби ортада да сыйлы. Өлеңдері бірнеше альманахқа еніп, жеке жыр жинағы жарық көрген. Аға буын құрметтеп, замандастары мақтанышпен айтады.
– Бақытжамалмен бірге «Мәңгілік өнер» облыстық әдеби байқауында бірнеше жыл қатарынан әділ қазы болып келемін. Сөзі салмақты, ойы терең. Жас өскіндердің жіберген шығармаларын тексергенде жанын салып, бар ынта-ықыласымен қарайды. Кейде қауырт жұмыстан ба, шаршап, тек басын оқып, келте пікір шығарып жатсақ: «Ол болмайды. Бізден кейін өсіп келе жатқан жас буынға сел-соқ қарайтын болсақ – ұят іс», – деп бір сілкіп алатыны бар, – дейді журналист Бейбіт Мейрамұлы.
Гүлім БАТЫР,
Әділет НҰРАБАЕВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
ҚӨУ журналистика
мамандығының
4-курс студенттері
Би өнерінің бәйгесінде оза шапқандар
Заңды білеміз, тәртіпті сақтаймыз, әділдікті жақтаймыз!
Как меняются трёхлетки и что с этим делать
Путь, заданный великим учителем
Роль профсоюза в сохранении культурно-исторического наследия
Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.
Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.