Өңірдің үздік оқытушылары анықталды

Выпуск - №34-35 (531-532)   :   10.09.2022
556

Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының мұрындық болуымен ұлт ұстазы Ахаңның 150 жылдық мерейтойына орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы-2022» облыстық байқауы өткізілді.

Байқауға облыстың әр аудан, қаласынан келген 21-50 жас аралығындағы барлығы 13 оқытушы қатысты. Үздік оқытушыны анықтауды мақсат еткен бұл шара қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылардың кәсіби шеберлігін анықтау, қоғамдағы беделін арттыру, өзара тәжірибе алмасуды көздеді. Ауданнан іріктеліп, облысқа жолдама алған үздіктер бақ сынаған байқау 3 кезеңнен тұрды. Бұдан жеңіске жеткендер республикада бақ сынамақ.


Алғашқы кезеңде А1 қарапайым деңгей бойынша түсірілген бейнесабақ, тілді оқыту әдістемелері көрсетілді. Яғни, қатысушылар бейнесабақтарын «Тілдарын» облыстық тілдерді дамыту орталығының әлеуметтік желісіне салып, лүпіл саны бойынша бағаланды. Екінші технологиялар мен инновациялық әдіс-тәсілдер кезеңі сұрақ-жауапқа негізделді. Бұл кезеңде қатысушыларға Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша сұрақтар қойылып, облыстың түкпір-түкпірінен жиналған оқытушылар білгенінше жауап беріп, қазылар алқасының әділ бағасына ие болды. Және соңғы сабақ беру шеберлігіне негізделген кезеңде оқытушылар сынама топқа сабақ жүргізулері тиіс болды. Соңғы кезеңде әр қатысушыға 10 минуттан берілді.

– Бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Жалпы қазіргі таңда жұмысбасты адамдардың оқыту курстарына келуі қиын. Сондықтан да осы мемлекеттік тілді халыққа үйрету жолында қызмет етіп жүрген ұстаздарды ынталандыру, олардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау – байқаудың негізгі мақсаты. Одан бөлек Ахмет Байтұрсынұлының ағарту жолындағы қолданған әдіс-тәсілдерін жандандыру, насихаттау да назардан тыс қалмады. Қатысушылардың барлығы он минуттай сынама сабақтарын өткізді. Әрқайсысының сабақ өткізудегі әдістемесі әр түрлі, оны қабылдау бар, оларды игеру бар, – деп атап өтті Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының бас маманы Әсемгүл Тұрымжанова.

Үшінші кезеңдегі қатысушылардың сынама сабақтарына қатысқан кітапхана қызметкерлері сабақтан алған әсерлерін жасырмады. «Әріптестеріммен бірге байқаудың соңғы кезеңіне сынама топ ретінде қатыстық. Әрбір оқытушының сабақ беру тәсілдері әр түрлі. Қанша дегенмен сабақтың нәтижелі болуы оқытушының біліміне, сөйлеу мәнеріне, аудиториямен байланысуына, ішкі сезіміне де байланысты екенін бәріміз де байқадық. Әрине, бәріміздің қазақ тіліндегі деңгейіміз әр түрлі болғандықтан, қатысуышыларға 10 минут ішінде сабақ өткізу қиынға түскені рас. Өзін сенімді ұстап, тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыра білу – нағыз шеберлік деп білемін», – дейді Н.Островский атындағы ОҚК қызметкері Екатерина Севастьянова.

Қазақ тілінен сынама сабаққа қазақ тіліне ерекше құрметін көрсеткен Галина Михаиловская қатысты. Ол кісі қызын қаламыздағы қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін №5 «Гүлдәурен» бөбекжайына беріп, бұл шешіміне бір сәт те өкінбегендігін айтады.

– Қызым кішкентай кезінен қазақ тіліне ерекше құлшыныс танытты. Соны байқап, қызымды қазақ балабақшасына беруге шешім қабылдадық. Бұл шешімімізге ризамын. Қызым балабақшада мемлекеттік тілді үйреніп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жаттап өсті. Үйде де бата айтпай дастархан басынан тұрмайтынбыз. Балабақшада қазақы білім мен тәрбие алғаны үлкен артықшылығы болды. Кейін орыс мектебіне бердік, қазір 9-сыныпта оқиды. Алайда қазақ тілін түсініп қана қоймай, грамматикасын да жақсы біледі. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – ғұмыр кешіп жатқан еліңе, халыққа деген шынайы құрметтің, сыйластықтың белгісі деп білемін, – дейді Галина Алексеевна.


Осылайша тартысты байқаудың жүлделі үшінші орынына Жангелді Нұғманов (Арқалық қаласы), екінші орынға Дина Сергазина (Қостанай ауданы), бірінші орынға Гүлмира Қырықпенова (Қостанай қаласы), ал бас жүлдеге Ерлан Абилов (Қарабалық ауданы) ие болды. Бас жүлде иегері Қарабалық аудандық Тілдерді оқыту орталығы басшысының міндетін атқарушы әрі қазақ тілі мұғалімі. Мемлекеттік тілді оқыту саласында еңбек өтілі 9 жылды құрайтындығын айтады. Жүлдегерлерден бөлек арнайы номинацияларға да ие болған оқушыларды атап өткен жөн. Жанна Альтанова (Рудный қаласы) «Ізденімпаз оқытушы», Анара Сатбаева (Федоров ауданы) «Жаңашыл оқытушы» атанды. Ал барлық қатысушылар Алғыс хаттар мен сыйақыға ие болды.

Байқаудың бірінші, екінші және үшінші орын иегерлері Тілдер күніне орай ұйымдастырылатын ауқымды шара барысында облыс әкімінің қолынан марапатталуы тиіс болатын. Дегенмен өңіріміздегі соңғы төтенше жағдайларға байланысты марапаттау рәсімі кейінге шегерілді. Күні белгіленген соң, абырой биігінен табылғандар жайлы ақпарат газет бетінде жарық көретін болады.


Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.