Қашан да бәсекеге қабілетті ұрпақты білім нәрімен сусындатып қана қоймай, оларға тәлім-тәрбие беруде мұғалімнің рөлі ерекше. Жаһандану заманында білім беру саласында да көптеген өзгерістер мен жаңашылықтар болуда.
Мұғалім әркез сабаққа тыңғылықты дайындалуы тиіс. Оқушыларға жан-жақты ақпарат бере отырып, олардың ойлау қабілетін де дамыта алатындай тапсырмалар дайындау арқылы мұғалім көптеген нәтижелерге жетері анық. Сабақ жүргізу барысында мұғалім тек бағыт-бағдар беруші, ал оқушы сол дұрыс берілген бағыттан мол білім жинақтаушы болуы тиіс. Сабақтың сапасы – ұстаздың білігінде екені айдан анық. Оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытуда мұғалім шеберлігінің маңызы зор. Себебі бұл күндері білімді, шебер, іскер мұғалім ғана оқушысына жақсы қасиеттерді сіңіре отырып, сана-сезімі жетілген саналы ұрпақ тәрбиелей алады. Ол үшін мұғалім оқыту мен білім берудегі жаңалықтарды жылдам қабылдап, оларды өз сабақтарында қолдануда үлкен белсенділік танытса ләзім.
«Мектептің жаны – мұғалім», – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ғылым мен білімге қойылар талап та артып, оқу жүйесі күрделене бастаған шақта мұғалімдер қауымына жүктелер жүк те еселене түскені мәлім. Мектеп қабырғасында бастауыш сынып мұғалімі ретінде сабақтарымда түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, әрбір оқушының білім қорын байытып, қызығушылығын арттыру арқылы сапалы білім беруді – басты міндет санаймын. Осы орайда білімімді көтеру үшін арнайы жоспар жасап, сол жоспардың негізінде жұмыс істеймін.
Үстіміздегі оқу жылына жоспарлы түрде «Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту» атты тақырыпты бекіттім. Енді осы тақырып аясында біраз ізденіп, біршама еңбектеніп жүрген жайым бар. Себебі бастауыш сынып балалардың барлық қабілеттерінің нышаны ашылып, ойлау процесінің көрініс беретін шағы. Ал ойлау қабілетін дамыту арқылы оқушының функциялық сауаттылығы да арта түседі. Яғни талдау, салыстыру, анализ жасау, өз көзқарасын білдіру сияқты қасиеттер қалыптасады екен.
Әр сабағымды күн сайын ерекше етіп өткізуге тырысамын. Ойын түрінде, топтық жұмыс, жұптық жұмыс, жеке жұмыс түрінде де көптеген тапсырмаларды дайындап қоямын. Бастысы оқушылар тақырыпты толық түсініп, сабақта ойларын толық жеткізе алуын қадағалаймын. Әрбір оқушының ойлау қабілеті әр түрлі болғандықтан, олардың пікірін тыңдап, әрқайсысымен кері байланыс жасауға тырысамын. Нәтижесінде еңбегімнің еш кетпегеніне көзім жетеді. Мысалы оқушыға оқыған шығармасының әдеби каһармандарының қайсысының пікірі дұрыс екенін анықтауды тапсырсам, ол кітап қаһармандарының барлық нақтылы қылықтарын талдаудан өткізуі керек болады. Мұның барлығы оқушының терең ойланып, сараптама жүргізуі арқылы анықталады.
Ойлау қабілеті жақсы дамыған оқушы заттар мен құбылыстарды талдап, бір-бірімен салыстырып, ортақ қасиеттерін тауып, оларды жүйеге келтіру жұмыстарында шапшаңдық танытады. Осы ойлаудың ерекшелігін қалыптастыруға арналған көптеген шығармашылық тапсырмаларды пәндердің ерекшеліктеріне байланысты жинақтап, тиімді қолдануға болады. Мәселен оқушыларға фигураларды қолданып, заттардың формасын, түрі мен түсін, кеңістікте орналасуын дұрыс қабылдап, ұқсастығын табу сияқты тапсырмалар берсем, оқушының қоршаған ортадағы нәрселердің біркелкілігін түсінуге, ұқсастығын және айырмашылығын таба білуге дағдыланатынын байқадым.
Бастауыш сынып оқушыларының ойлау қабілеті олардың тіл байлығымен, сөйлеу ерекшеліктерімен, өз ойын жеткізе алуымен сараланады. Сол себепті сабақ барысында балалардың ойлау қабілетін дамытуға арналған арнайы әдіс-тәсілдері қолдану қажет. Бұл тұста ұлттық ойындар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдердің атқарар рөлі зор. Олар балалардың байқағыштығын, заттардың мән-мағынасын түсініп, негізгі қасиеттерін анықтауға қабілетін дамытып, ойлау процесін тереңдете түседі. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытуда шығармашылық тапсырмалардың да орны ерекше. Оларды жүйелі түрде қолданып, тақырыптан тақырыпқа түрлері мен мазмұнын тереңдету және орындау әдістемесін қиындату арқылы балалардың ойлау қабілетін дамытуға болады.
Гүлсім ӘБДІЖАНОВА,
№19 ОМ бастауыш
сынып мұғалімі,
Рудный қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.