Әрбір жыл мезгілі ерекше. Күз мезгілінде табиғат сап-сары алтынға малынғандай күй кешесің. Біздің «АБВГДейка» балабақшасының «Знайка» (Білгіштер) мектепке дейінгі дайындық тобының балалары да табиғат сұлулығына сүйсінбей тұра алмады.
Олар ауладан сан түрлі жапырақтар, емен жаңғақтарын, шырша жаңғақтарын, бұтақтарды жинады. Әр түрлі табиғи материалдарды қосып, көкөністерді қосып, ата-аналарымен күзгі қолөнер бұйымдарын жасады. Өз қолдарымен қолөнер (поделка) жасау, балаларды еңбекке, төзімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Мысалы, Лиза Барташевич «Ферма», Кира Ахметова «Күзгі ханшайым», Адель Макишева «Ормандағы кірпі», Гүлназым Омарова «Ауыл», Диас Сәндібек «Саңырауқұлақ», Арина Щукина «Жапырақ жамылған кірпі» көріністерін бейнеледі.
Қолөнер баланың ойлау қабілетін ұштай түсумен қатар саусақ қол моторикасын жетілдіреді. Керемет шаттық көңіл-күй сыйлайды, өз ісіне деген сенімділік қалыптастырады. Бала тәрбиесінің ең маңыздысы да осы – оны еңбекке баулу. Бала еңбегін бағалай білу мақсатында «АБВГДейка» балабақшасының директоры Алия Середенко балаларға Диплом мен сыйлықтар табыстады. Еліміздің болашағын жарқын етер тәрбиеленушілерімізден зор үміт күтеміз.
Зәуреш МАМАНОВА,
«АБВГДейка» б/б тәрбиешісі,
Қостанай қаласы