Қолдың ұсақ моторикасын жетілдіру

Выпуск - №26 (422)   :   26.06.2020
1884

Ұсақ қол моторикасын дамыту деңгейі – мектепке дейінгі жастағы баланың жалпы зияткерлік дамуының көрсеткіштерінің бірі. Мектепке дейінгі жаста өлеңмен, тақпақпен ұйқастырылған жаттығуларды пайдалану ұсынылады.

Педагог Василий Сухомлинский: «Балалардың қабілеттері мен дарындылығы – олардың саусақтарының ұшында. Бейнелеп айтқанда, саусақтардан шығармашылық ойдың қайнар көзін сусындатып аса нәзік жылғалар бастау алады», – деп атап өткен. Ұсақ қол моторикасын дамыту үшін өзіне-өзі қызмет ету дағдысын қалыптастыру: қасық пен қарындаш ұстау, түйме тиегін өзі салып, өзі ағыту, бауын байлау, т. б. ұсынылады. Өмірінің бастапқы кезеңінде баланың ұсақ қол моторикасы қалай дамып жатқандығын, жеке интеллектуалды қабілетін байқауға болады.

Қасық пен қарындашты ұстай алмайтын, түймесін түймелеу білмейтін және бәтеңке бауын байлай алмайтын балалардың қолының кіші моторикасы нашар дамыған болып есептеледі. Олар үшін шашылған конструкторларды жинау, пазлмен жұмыс істеу, есептегіш таяқша және мозаикамен ойнау өте қиын. Сол себепті олар басқа балалармен, қатарластарымен ойнаудан бас тартады, жоғарыда аталған жұмыстарды жасағанда үлгермейді. Мұндай балалар элементарлы қызметтің өзінде өздерін нашар сезінеді және бұл жағдай баланың эмоциясы мен өзін-өзі бағалауына кері әсерін тигізеді.

«Ұсақ қол моторикасы» термині саусақтар қозғалысы және қолдың буындарын үйлестіру дегенді білдіреді. Оны дамытудың маңыздылығы неде? Адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ моториканың қимылдары мен қолдың икемдігі бас миы құрылымының даму деңгейін көрсетеді. Осыдан келіп қол қимылдарын басқара білу туады. Сондықтан ешқашан да баланы мәжбүрлеуге болмайды. Кішкентай ғана сәбидің қалайтыны – қозғалу, ал қозғалыс – әлемді танудың мүмкіндігі. Яғни бала қозғалысы дәл және нақты болса, оның әлемді ақылмен тануы да терең бола түспек.

Қолдан ұсақ-түйек заттарды жасау – балалардың ең жақсы көретін шығармашылық жұмысының бірі. Мұндай әрекет балалардың қиялдарын, ойлары мен бармақтарының ұсақ моторикасын дамытады. Ұсақ қол моторикасын дамыту әдістемесі мұндай жағдайда өте тиімді. Жас жарымдағы баламен саусақ ойындарын бастауға болады. Қазіргі күні балабақшамыздың «Ертөстік» және «Айгөлек» жоғарғы тобының балалары Мария Монтессори әдістемесі бойынша баулар, түрлі-түсті қыстырғыштар, күріш, жарма, алтын моншақтар, әр түрлі моншақтар, т. б. материалдармен, ал В.Воскобовичтің тәсілі бойынша геоконтпен жұмыс істей алады. Онда балар түрлі-түсті резеңкелерді шегеге тарта кигізіп, әр түрлі пішіндер мен әріптер жазады.

Мәселен түрлі-түсті моншақтарды сымға тізу арқылы балалардың санау дағдылары жетілдірілді. Ұсақ қол моторикасын дамытуда, сондай-ақ әр түрлі жұмсақ конструкторларды құрастырады, мозайкамен көп жұмыс істейді. Бірлескен және өзіндік әрекет кезінде саусақ театр қозғалыстарын қолдандым. Еңбегімнің нәтижесі ретінде түрлі жұмыстар атқару барысында балалар қызығушылығының артқанын байқадым.

Көрнекті ғалым Мария Монтессори: «Жұмыс жасамас бұрын баланы үйретудің амалын табу, қайталама жаттығулар арқылы қозғалыстар дайындау қажет», – дей келе: «Бала затты алғанда жаман қылық жасағанын байқаса, өзін жеке қателік жасадым деген сезімге бой алдырады, сонымен қоса баланың алғашқы әсері немесе ойы – өте анық және күшті екенін естен шығармау керек», – деп жазған-тын. Міне, сондықтан да шығармашылық процесстен, өзі жасаған істен, әр жұмысты немесе әр қимылды жоғары қызығушылықпен жасауға үйретеміз.


Рауан ТУЛЕГЕНОВА,
«Жұпар» бөбекжай-балабақшасы
логопед-психологы,
Амангелді ауданы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.