Қостанай облысының 16 ауданы мен 4 қаласын қамтыған «Кітап оқитын ұлт» жобасы – жай ғана байқау емес, 55 мыңнан астам адамның басын біріктірген, рухани жаңғыруға бағытталған ірі қоғамдық толқынға айналды.
Жалпы саны 300-ден астам білім беру ұйымы мен мыңдаған белсенді азаматтар қатысқан бұл бастама – облыс әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей, жастарды бәсекеге қабілетті, ойы ұшқыр, рухани бай тұлға ретінде тәрбиелеудің басты бағдарындай болды. Шын мәнісінде, кітап оқыған адамның кез келген ортада озық тұратынын дәлелдеген осынау жиынның маңызына халықаралық деңгейдегі қаламгер, ТҮРКСОЙ Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те биік баға берді.
– Біздің заманға дейінгі екі мың жыл бұрын, фараондар дәуірінде Рамзес II-нің кітапханасы болған. Оның қабырғасына «Дәріхана» деп жазып қойған екен. Мәнісін сұрағандарға: «Кітап – адамның жанын емдейтін шипа. Бір кітаптың өзі жүздеген адамды емдей алады», – деп жауап берген көрінеді. Сол кітап өзінің емшілік, тәрбиелік қасиетін қаншама ғасырлар бойы жоғалтқан жоқ. Президентіміз өзі бастап берген «Кітап оқитын ұлт» жобасы – болашақтың негізіне ізгілік дәнін егетін үлкен бастама деп айтар едім. Кітап атылған оқты тоқтата алмайды, бірақ оқ ататын қолды тоқтатады. Бұл – бүгінгі әлемдік ахуалмен үндес, өте дәл айтылған сөз, шынын айтқанда, – деді танымал ақын Ұлықбек Есдәулет.
Жоба аясында өткізілген 1200-ден астам интеллектуалды іс-шара – дебаттар мен квиздерден бастап, терең мағыналы кітап талқылауларына дейін – өңірдегі кітапханалардың тынысына қан жүгіртіп, оқырмандар санын еселеп арттырды. Мұндағы ең маңызды жетістік ретінде «мектеп – педагог – кітапхана» үштік одағының тиімді моделінің қалыптасуын айтуға болады. Жалпы 11 мыңнан астам мұғалімнің шәкірттерді жүйелі оқуға баулуы бұл үрдістің жасанды емес, табиғи қажеттілікке айналуына жол ашты. Тіпті, қауырт жұмыс кестесіне қарамастан 400-ден астам мемлекеттік қызметшінің жобаға атсалысуы, кітап оқу мәдениетінің басқару жүйесінде де терең орныға бастағанын көрсетсе керек.
– «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алғанда, бізге ең алдымен оқылуы тиіс он бес кітаптың тізімі ұсынылды. Бір қарағанда, тізімдегі туындылардың бәрі таныс, ал жазушылар – біздің ең сүйікті авторларымыз екен. Бұл жаңалық жобаға қатысуға деген құлшынысымызды одан сайын арттыра түсті. Мектепішілік және қалалық кезеңдерде Бас жүлдені иеленіп, облыстық деңгейде де жеңімпаз атанып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл жоба біз үшін жай ғана тапсырма емес, кітап әлеміне жасалған ғажайып саяхат болды. Соның арқасында әдебиетке деген көзқарасымыз өзгеріп, оқуға деген ынтамыз ашылды, – дейді жеңімпаздардың бірі, Арқалық қаласындағы Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Інжу Мақсұтбек. – Тізімдегі он бес кітаптың ішінде менің сүйікті авторым Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» хикаяты бар, жоба шеңберінде оны да оқыдық. Маған ерекше әсер қалдырған шығарма болды. Ал алғашқы болып оқығандарымның бірі – Дулат Исабековтің «Дермене» хикаяты еді. Оны оқу барысында атамды еске алып, кейіпкерлер әлемінде өзім жүргендей сезімде болдым. Өте керемет, әсерлі дүние.
Салтанатты кеш барысында жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құраған марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздарға табысталған 1 миллион, 600 мың және 400 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификаттар – білім саласына құйылған ең қайтарымды инвестицияның көрінісі. «AMANAT» партиясы мен «Олжа Агро» ЖШС секілді мемлекеттік және бизнес құрылымдардың осы игі іске қолдау көрсетуі, ел болашағы мен адами капиталды дамытудағы ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісін паш етті. Осылайша, өңіріміз кітап оқитын ұлт болу идеясының құрғақ ұран емес, нақты нәтижеге негізделген ұлттық қозғалыс екенін бүкіл елге тағы бір мәрте паш етті.
Жамал ШАУКЕН,
Суретті түсірген автор
«Учительская плюс» – это газета, которую читаешь не по обязанности, а с интересом. Здесь нет сухих отчётов. Есть живые истории учителей, полезные методические находки, опыт коллег со всей области. Каждый номер как подсказка и поддержка. Я очень люблю нашу газету за возможность рассказать о своей работе и узнать больше о работе своих коллег по всей области.
Спасибо редакции за то, что говорите с учителем на одном языке и вселяете веру в нашу профессию!
Школу-гимназию им. Абая г. Аркалыка и газету «Учительская плюс» связывают годы крепкой дружбы. Педагоги школы всегда проявляют искреннее желание подписаться на издание, ведь они горят своим делом и хотят публиковать статьи, транслируя свой опыт. Газета стала для нас незаменимой диалоговой площадкой, где каждый педагог может щедро делиться своим уникальным опытом, профессиональными открытиями и мастерством. Возможность сотворчества с такой авторитетной газетой для меня бесконечно ценна.