Ғабит Мүсірепов көрсеткен қоғам мәселесі

Выпуск - №24(471)   :   21.06.2021
1054

Қазақ ұлтында әдебиетті өнер туындыларының бір арнасы ретінде көрсете білген әдеби қайраткерлер некен-саяқ. Солардың бірі «Сөз қасиеті – көркемдігінде, ой қасиеті – шыншылдығына» деген мән мен мағынаға толы жолдың авторы – Ғабит МҮСІРЕПОВ.

Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов – қазақ әдебиетіндегі керемет жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы. Әлбетте, бұндай атақ пен даңқ аталмыш жазушыға бірден беріле салған бақ та емес, бақыт та емес. Бұның барлығы дерлік үлкен еңбегі мен қажымас қайраттың, шығармашылық пен үлкен парасаттылықтың дарасынан берілген, келген мәртебе. Ғабит Мүсіреповтың кез келген шығармасын алып қарар болсақ, әр туындысын қазақ өнерінің сұлу бір арнасы ретінде бағалауға болады.
Сұлу арнасының бірі болып табылатын шығармашылығы – ана тақырыбын, мәселесін қозғаған туындылары. Әлбетте, ана тақырыбына жазушы шығармашылығының басым бөлігін арнай білген ерекше дарын иесі. Бұл орайда не себепті әйел тақырыбын қозғады, не себепті аналар мәселесін бір арнаға тоғыстыра білген деген сауалдар әр қазақ майталмандарының көкейінде тұруы әбден мүмкін. Десек те, аздаған болжамдар жасауға болар еді. Алдымен, Ғабекең қозғаған әйелдердің негізгі өзек болудағы себебін айқындап көрелік. Әйел – кім? Ана деп кімді, қандай жанды айтамыз? Бұл орайда Ғабит Мүсіреповке дейін де аналар тақырыбы, әйелдер бейнесі негізгі өзек ретінде алынған шығарма авторлары да басым еді.
Әрине, жауапты өзім де ой елегімнен өткізіп, саралап көрсем де болады. Әйел – барша табиғат жаратылысындағы, адами жаратылыстағы аналық, әлемге тіршілік, адамзатты сыйлаушы, өмірге әкелуші тұлға. Бұған дәлел ретінде бір ақынның сөздерін де мысал ретінде айтып кетсем, артық болмасы анық:
«Әйел жерден шыққан жоқ,
Ол да еркектің баласы.
Ерлер Көктен түскен жоқ,
Әйел – оның анасы».

Ғабекеңнің өзі: «Көркем айтылған ой – ұлы, ойландыра алған сұлулық – ұлы», – демекші, адамға адам, сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұратындығы рас екен. Демек, әйелдің қоғамдағы орнын Ғабекеңнен басқа да ақын-жазушылар көрсеткені мәлім. Екіншіден, тарих беттерінде әйел – батыр, әйел – қолбасшы, әйел – ақылды. Бұған дәлел ретінде атақты Томирис, Тұмар ханшайымды, алпамсадай батырларымыз Қобыландының Құртқасын, Алпамыстың Гүлбаршынын, Төлегеннің Қыз Жібегін, ұлттың анасы бола білген Ырғызбайдың Зересін, Құнанбайдың Ұлжанын да алсам, дәлелі жеткілікті деген ойдамын. Осы себептен де Ғабит Мүсірепов тарихтағы, әдебиет пен өмірдегі әйелдердің барлық сыр-құпиясын, ашылмаған және өзгелер байқай қоймаған батырлығы мен ерлігін, ержүректілігі мен мейірімін, қамқорлығы мен әділдікті шыншылдығын өз шығармалары арқылы көрсеткісі, танытқысы келгендігі мәлім деп есептеймін.
Бөлек алып қарайтын болсақ, оның әр шығармасы тақырыбынан-ақ бар идеясын ашып тұрғандай: «Ананың анасы», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима», «Ұлпан», «Айгүл қойшының бір күні», «Айгүл қойшының түндері» және де басқа туындылары. Аталған әрбір шығармасында жазушы әр кейіпкердің жаңа бір қырын аша білді. Бірінде баласы үшін жанын қиюға даяр батыр ана әрекеті меңзелсе, екіншісінде өз балаларының ғана емес, барша ұлттың анасы болып табылатын аналар бейнесін кейіпкерлер образы арқылы аша білді.
«Шығарма тек қана мазмұн, тек қана түр емес» демекші, аталған мәселелерді көтерген шығармалардан басқа Ғабит Мүсіреповте «Қос шалқар», «Өмір ертегісі», «Көк үйдегі көршілер», «Талпақ танау», «Шұғыла», «Үздіксіз өсу», «Тюннель», «Жайлау жолында», «Тұтқын қыз», «Жеңілген Есрафил», «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Қыран жыры», «Арқаның әңгімесі», «Көздің әңгімесі», «Жат қолында», «Сөз жоқ, соның іздері», «Автобиографиялық әңгіме», «Этнографиялық әңгіме» сынды шығармалары түрлі әңгіме, проза, очерк түрлерінде жазылған еді. Бұл шығармалардың көтерген мәселелері: туған өлке, тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік теңсіздік пен теңдік, шыншылдық, патриотизм, ауыл мәселесі, махаббат, түсіністік пен жанжал, мәселе, одан шығу жолдары, жеңу мен жеңілу, талпыныс пен көңіл қалу және т.б.
Қай шығарма болмасын, Ғабит Мүсірепов «Ескірген еңбекті жұрттан бұрын жазушының өзі сезуге тиіс» деген ұғыммен, түсінікпен, «Қазақ деген ел – бостандық-азаттық сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық» екендігін дәлелдей білді. Иә, осындай керемет туындыларымен үлкен орын кiшкентай адамдарды кiшiрейтiп жiбередi, үлкен адамды үлкейте түсетіндігін де байқата алған ардақты жазушы.
Қазақ өнерінің сұлу бір арнасы ретінде өз туындыларын таныта алған Ғабит Мүсіреповтің қаламгерлік қабілеті мен даралығындағы қасиетінде сөз таласы жоқтығын көре аламыз. Жазушының өзі айтқан сөзі бар еді: «Ақын заман: бір күндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі – бүгіндік, бүгінгісі – ертеңдік», – деп. Ендеше, жиылсақ – көп болатындай, бейбіт заманда Ғабекең секілді ірі тұлғалардың шығармашылығын дәріптеу – міндетіміз деп білейік.

Әсемгүл АБУТАЛИПОВА,
№1 Құсмұрын ЖББМ
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Әулиекөл ауданы

 

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.