Меңдіқара ауданына жасалған рухани-тағылымды сапар

Выпуск - №44(592)   :   28.11.2023
545

Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейі «Алтынсарин айналасындағы адамдар» инновациялық жобасы аясында қазақтың көрнекті тұлғалары Спандияр Көбеевтің туғанына 145 жыл, Мұхамеджан Қарабаевтың туғанына 165 жыл толуына арналған ғылыми экспедиция ұйымдастырды.

Экспедиция тобына Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов, басшының ғылыми жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева, музей жанынан құрылған ғылыми орталықтың жетекшісі, ыбырайтанушы Қалқаман Жақып және музей қызметкері ретінде мен қатыстым. Жұмыс барысында экспедиция бағдарламасы, баспасөзбаяны, ұлағатты ұстаз, жазушы, аудармашы Спандияр Көбеевтің қызметі мен шығармашылығына арналған құжаттар мен фотосуреттерден тұратын призентация жасалып, қазақтан шыққан тұңғыш жоғары дәрежедегі дәрігер Мұхамеджан Қарабаев туралы Қ.Жақыптың әр жылдары баспасөз бетіне жарияланған мақалалар жиынтығы шығарылды.

Мұхамеджан Қарабаевтың туғанына 165 жыл

Спандияр Көбеевтің туғанына 145 жыл

Жоспар бойынша Спандияр Көбеевтің туған еліне, Мұхамеджан Қарабаевтың туған және жерленген жері Введенге бару көзделген еді. Осы бағытта Мендіқара ауданына жол тарттық. Аудан орталығындағы мешітке тоқтап, аты аталған тұлғаларға құран бағышталды. Экспедиция тобын қарсы алған Спандияр Көбеевтің туған немересі Қуанышбек Нәзірұлының жол көрсетуімен туған жеріне бағыт алып, Ақсуат еліне келіп, онда ұлағатты ұстаздың жерленген зираттағы бейіті басында аруаққа арнайы құран оқылып, тағылымды әңгімелер айтылып, тағзым жасалды. Зират басындағы зиярат мұнымен шектелген жоқ. Осы қорымда жерленген Кәмшат Дөненбаева апамыздың бейітінің басына да соғып, құран бағышталды. Бұл кісінің әулиелігі жайлы тағылымды әңгіменің де куәсі болдық.

Аудан орталығына оралған соң, М.Қарабаевтың өмірінің соңғы күндеріне дейін дәрігерлік қызмет атқарған аурухананы көріп қайттық. Артынша дәрігердің атындағы оңалту шипажайында «Тұлғалар тұғыры» тақырыбында конференция өтті. Модератор – музей басшысы М.Оспанов – сөз бастап, облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейі және Меңдіқара ауданының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Алтынсарин айналасындағы адамдар» жобасының аясында Меңдіқара жерінен шыққан қазақтың көрнекті тұлғалары С.Көбеев пен М.Қарабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Тұлғалар тұғыры» тақырыбындағы ғылыми конференцияны ашты.

Кейін баяндамашыларға кезек беріліп, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Қалқаман Жақып «Мұхамеджан Қарабаев – ұлы дала гиппократы» баяндамасын оқып, соңында ұсынысын былай деп жалғады:

– Қостанай қаласындағы медициналық колледжге М.Қарабаевтың есімі берілсе. Боровское орталығында бүгінгі күнге дейін М.Қарабаев соңғы жылдары мен өмірінің соңына дейін жұмыс істеген ауруханасыда бар. Қабырғасында құрмет тақтасы да М.Қарабаевтың туғанына 150 жыл толуына байланысты ілінген еді. Ал сол аурухана ерте ме, кеш пе ескі ғимарат есебінде бұзылады. Сондықтан оның орнына сквер-аллея жасап, ортасында ескерткіші, бюсті тұрса орынды болар еді, – деді Қалқаман Хасенұлы.

Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясының мұғалімі Айдос Анарбекұлы «Қазақ медицинасының гиппократы», ал Мендіқара орталықтандырылған кітапхана қызметкері Ақжан Қазбекқызы «Қазақтың тұңғыш дәрігері» тақырыбында жасаған баяндамасының соңында: «Меңдіқара ауданындағы М.Қарабаев атымен аталатын шипажай ғимаратының ішінен орын бөлініп, ол М.Қарабаевтың өмірі мен қызметіне байланысты материалдармен, фотоқұжаттармен жабдықталса», – деген ойын жеткізді.

Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейі басшысының ғылыми жөніндегі орынбасары Салтанат Амантайқызы «Ағартушы, жазушы Спандияр Көбеевтің мұрасын зерттеудегі жаңа деректер» баяндамасында С.Көбеевті зерттеген халық ағарту ісінің үздігі А.Шотаев, ақын М.Хәкімжанова, профессор М.Қозыбаевтың ғылыми мақалаларында жазылған деректерді келтіріп, әлі еш жерде жарияланбаған фотосуреттер мен құжаттарға тоқталып өтті. Артынша С.Көбеевті жаңа қырларынан танытуға жол ашар естелік қолжазбалардың зерттеліп, жазушының шығармалары жазылған әдебиеттердің баспадан жаңартылып шығарылуы қолға алыну қажет екенін, «Үлгілі тәржімә», «Үлгілі бала» атты кітаптары аз зерттелгендіктен әлі де талдауды қажет ететіндігін айтты.

Ғылыми экспедиция жұмысы конференциямен ғана шектелген жоқ, ары қарай Меңдіқара ауданы орталығынан 40 шақырым қашықтықтағы Введен селосына жолға шықтық. Бұл жерде Мұхамеджан Қарабаев дүниеге келіп, өмірінің соңғы жылдары мекен еткен және жерленген. Ат басын осы Тобыл өзенінің оң жағалауында жоталы аумақта төбешікте туысқандарының ортасында жерленген М.Қарабаевтың бейітіне келіп тіредік. Зират айналасын адам бойымен бірдей қара қалың жыңғыл өсімдігі өсіп кеткендіктен көрінбейді екен.

Бейіт басына жақын аумақта биіктігі мен ені 1 метр 40 см құрайтын сары кірпіштен ескерткіш қабырға соғылған. Оның ортасында ақ мрамор тастан 120х60 см оң жақ шетінде М.Қарабаевтың кеудесінен жоғары түскен ақ-қара фотосуреті басылған, алтын түсті әріптермен «Мұхамеджан Қарабаев / 1858ж.-1920ж. / Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер / 1887 жылы Қазан университетінің медицина факультетін бітіріп, дәрігер ретінде халыққа 41 жыл аянбай қызмет етті / Ұрпақтары мен жерлестерінен ескерткіш / 2018 жыл» деген жазу бар.

Мұхамеджан Қарабайұлының жерленген орыны осы ескерткіштен 5 метрдей жерде, биік емес көк бояумен сырланған темір қошауы бар. Қоршаудың сыртында белгі тас орнатылған. Онда: «Руы: Қыпшақ Тоқберіш тайпасы / Мұхамеджан Қарабайұлы / 1858-1928 / Ұрпақтарынан» деген белгі тас орнатылған. 2023 жылы қыркүйек айында қажылық сапарын өтеп келген музей басшысы Марғұлан Бақытбекұлы Қарабайдың қатар жатқан екі ұлына Мұхамеджан мен Дәулетке және оның айналасында жатқан туысқандарына құран бағыштады. Қалқаман Хасенұлы М.Қарабайұлы жайында естеліктер мен деректер келтіріп, өмірі мен қызметі туралы әңгімеледі.

Мұхаметжан Қарабайұлы Торғай губерниясы, Кеңарал облысының 4-ауылында 1858 жылы желтоқсан айында туған. Әкесі Қарабай шаруа кісі болатын. Мұхаметжанның балалық шағы өз ауылында өтеді, кейіннен өзінің зеректігі мен қаблеттілігінің арқасында, жергілікті халықтың талабы мен Ы.Алтынсариннің ерекше қамқорлығының негізінде 1872 жылы қазақ жерінде алғашқы Троицкідегі гимназияға түсіп, он шақты баланың ішіндегі үлгілісі болды. Гимназияны бітірісімен, білімін одан әрі жалғастыру мақсатында 1881 жылдың күзінде Қазан университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Қаражаттың тапшылығы мен тұрмыстың ауырлығына байланысты көптеген қиыншылықтарды бастан кеше жүріп, 1887 жылдың көктемінде тәмамдап шығады.

Аз уақыт Орынбор қаласында қызметте болып, 1888 жылдың басында еліне қайта оралады. Келісімен өз мамандығын жақсы меңгерген М.Қарабаев Қостанай қалалық аурухананың дәрігері болып қызметке орналасады. Ол қазақ баласы аяқ баспаған Саха, Якутия сияқты үскірік суық елдерге өз еркімен сұранып барып, медициналық көмек көрсеткен. Кейін Қызыл Кресте Санкт-Петербург, Уфа, Қазан қалаларында да медициналық уақытша жәрдем орталықтарында жұмыс істеген. 1921 жылы өмірінің соңына дейін Боровой ауруханасының меңгерушісі, арасында Әулиекөл (Семиозер) ауылында да аурухана меңгерушісі қызметін атқарған. Введен ауылдық ЖББ мектеп музейінде М.Қарабаевқа арналған «Қазақтың тұңғыш дәрігері» Мұхамеджан Қарабаев 1858-1928 ж. деген қабырға жасалған. Онда мұрағат құжаттарынан көшірмелер, дәрігердің фотосуреті ілінген, дегенмен М.Қарабаевтың өзі ұстаған заттарын, өкінішке қарай, көре алмадық.

Қазақтарда «Қарабай өткелі», орыстарда «Карабайевка» деп аталып кеткен Тобыл өзенінің оң жақ жағалауынан келесі сол қапталға өтетін өткел бар. Өзеннің сол жағында ауылдың бұрынғы қорымы зират болған. Сол жерге де Қалқаман Хасенұлы алып барып, мынадай мән-жайды баяндап берді: Мұхамеджанның әкесі Қарабай осы зиратта жерленіп, кейін жаңа қорымға қайта көшірілген. Оның себебі: көктемгі су тасқыны кезінде осы жердегі қорымды су шайып бастаған соң, әкесі Қарабайдың моласына қауіп төне бастап, Мұхамеджанның ағасы Дәулеттің баласы Кәрім атай (азан шақырып қойған аты Мұхамедкәрім) аудан, облыс басшыларына ол мәйіт қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер М.Қарабаевтың мәйіті деп қулыққа барып атасының сүйегін Введен ауылының солтүстүгіне, аурухананың арғы жағына сайдан өтіп, тегіс далаға апарып жерлейді. Ал, Введен ауылынан 4-5 шақырым күншығыстағы Кеңарал зиратында Мұхамеджан мен Дәулет інісі қатар жерленген. Бүгін ұрпақтарының атынан, қойылған белгі де бар. Осыдан 5 жыл бұрын, Мұхамеджан Қарабаевтың туғанына 160 жыл толуына байланысты, сол кездегі Меңдіқара ауданының әкімі Ерлан Теменовтың көмегімен жеке белгі монумент көтеріп, аудан орталығында конференция да өткізіліпті.

Мұхамеджан Қарабайұлы мен Спандияр Көбейұлы ұлы ұстаз Ибраһим Алтынсарыұлының үмітін ақтап, халқына пайдалы азаматтар бола білді. Осы аталған тұлғалардың жерленген орындары (бейіт басы), тарихи тұлғамен байланысты жалпы ұлттық маңызы бар киелі нысандар қатарына енгізілсе құба-құп. Оған екі тұлға да лайықты. Сонда олардың ерен еңбектері, өнегелі өмірлері ұрпақтан-ұрпаққа насихатталып, үлгі болар еді.


Шынар ДУСМАГАМБЕТОВА,
Қостанай облыстық
Ы.Алтынсариннің
мемориалдық музейінің
қызметкері

Реклама

Когда старшие пытаются привести ребёнка к состоянию покоя, неподвижности, они вредят его здоровью, портят его жизнь, обездвиживают его способность приобретать знания. Самый трудный урок, который приходится усваивать ребёнку, – это деловой: ребёнок должен научиться приспособляться к людям и к работе, и, если тут его постигнет неудача, никакое количество книг не может поправить дело. Практический способ кажется самым простым и самым подходящим для решения этой задачи.