Тағы бір оқу жылы аяғына жетті. Санасы білімге толы, арманы асқақ тағы бір толқын қанатын кеңге жайып, жас түлек атанды. Күні кеше ғана мектеп табылдырығын имене аттаған бүгінгі түлектер енді үлкен өмірге қадам баспақ.
Облыстық білім басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, биыл Қостанай қаласы бойынша 1068 түлек алтын ұясынан түлеп ұшпақ. Оның ішінде «Алтын белгісін» 41 түлек ақтап шыққан. Өңіріміздің түкпір-түкпірінде түлектерге арналған мерекелік кештер ұйымдастырылып, ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан өтіп, бір белесті артта қалдарған оларға ендігі кезекте ақ жол тілеп, мектепті тәмәмдағандығын растайтын аттестаттары табысталды. Ұстаздары берген білімді қолға алып, мүмкіндігінше қалаған оқу орнына құжаттарын тапсырып, Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан», – дегендей, өзінің дара жолына аттанбақ.
Біздің Қостанай қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2022 жылғы түлектеріне мектеп бітірушілер аттестаттарын салтанатты түрде табыстау рәсімінде болып қайттық. Биыл қаламыздағы НЗМ қабырғасын 7-12 сыныптардың 568 оқушысы бітірді, оның ішінде 84-і – мектеп түлектері. Жоғарыда айтылған 41 «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болған оқушылардың бірі осы білім ордасының биылғы түлегі. Сонымен қатар үш оқушы ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. НЗМ қабырғасындағы салтанатты шараға Облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова арнайы қатысып, үздіктерге өз қолынан аттестаттарын табыс етті.
– Мектеппен қоштасып, болашаққа маңызды қадамның алғашқысын жасамақсыздар. Бұл мектеп қабырғасында өткізген жылдар бойы сіздерге қолдау көрсетіп, алғашқы жетістіктеріңізге бірге қуанған ата-аналарыңыз бен аяулы ұстаздарыңыз үшін де толқытар сәт. Осы сәтті пайдалана отырып, сол кісілерге еліміздің игілігі жолында жасап жатқан еңбектері үшін алғыс білдіргім келеді. Құрметті түлектер, әрқайсыларыңызға ақ жол тілеймін. Ойлаған армандарыңыз бен мақсатарыңызға жете беріңіздер. Биыл 150 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, алғашқы педагог Ыбырай Алтынсарин, тұңғыш ғалым Шоқан Уәлиханов білімді адамдар өзінің халқы үшін, елі үшін аянбай қызмет етеді деп үміт білдірген. Осы ұлы тұлғаларымыздың үмітін ақтайсыздар деген сенімдемін, – деп атап өтті Зәуре Әнуарбекқызы.
Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің 20 түлегі жақын және алыс шетел университеттерінің білім гранттарының иегерлері атанғанына ерекше тоқталып өткен жөн. Оның ішінде: 4 түлек Назарбаев Университетіне (Foundation-ға шақыру); 7 түлек шетелдік жоғары оқу орындарына (HKBU (Гонконг), Drexel U және McDaniel College (АҚШ), Jacobs U (Германия), Падуа, Сапиенца, U of Bologna және Ca Foscari (Италия), Corvinus U, U of Szeged және Корвинус пен Дебрецен (Венгрия), POLYU) және 9 түлек ТМД елдерінің жоғары оқу орындарына (UIB, Мәскеудегі Жоғары Экономика мектебі) шақырту алған.
Мерекелік шараның салтанатты бөлімінде мектеп директоры Думан Сапақов та құттықтау сөз сөйлеп, мектеп өміріне белсене араласып, бала тәрбиесіне жемісті еңбек етіп жатқан ата-аналарға алғысын білдірді. Думан Нәбілұлы түлектерге қиындықтан қорықпай, табандылықпен алға ұмтылуын тіледі.
– Биік шыңдарды бағындыру білім ошағынан басталады деген ұран көпшілігіңізге жақсы таныс. Бүгін, міне, сондай бір биік таудың етегінде тұрсыздар. Осы шыңды бағындыру жолында мектеп қабырғасында ардақты ұстаздарыңыздан алған сапалы білім мен ата-аналарыңыз берген саналы тәрбиені қатар алып жүресіздер деп сенемін. Өмірлеріңіздегі маңызы зор мектеп атты қиындығы мен қызығы қатар жүрген кезеңді артта қалдырдырып отырсыздар. Деңгейі жоғары соңғы емтихандарыңызды абыроймен тапсырып шықтыңыздар. Сол үшін де сіздерге алғыс білдіргім келеді. Себебі біздің істеп жатқан барлық жұмысымыздың нәтижесін сіздердің көрсеткіштеріңіз анықтайды, – деп атап өткен Қостанай қаласындағы ФМБ НЗМ директоры Думан Сапақов, биылғы түлектердің жетістіктеріне тоқталып, оның артында үлкен еңбек, білімге деген ниет, алға мақсат қойып қана қоймай, сол мақсатқа жете білу, сондай-ақ ішкі мінез бен тәртіп жатқандығын атап өтті.
Қоғам белсендісі Қалқаман Жақып НЗМ түлегі атанған немересі мен отбасының ортасында
Мектеп мақтанышы Алеся Гарькуша ата-анасы және мектеп басшысымен
Мектеп директоры Думан Сапақов
Мектеп басшысы ұсынған деректерге сүйенсек, бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім деңгейінің көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыстағы 41 «Алтын белгі» иегерінің бірі осы білім ордасының түлегі Бахыт Гутова. Сонымен қатар үздік аттестат иегерлері Адлет Жұмағалиев, Аружан Дидарқызы және Алеся Гарькуша – мектеп мақтанышы. Салтанатты шара аясында мерейлі білім ордасының директоры Думан Нәбілұлы тағы бір қуанышпен бөлісіп, марапаттарды табыс етті. Биылғы түлек Алеся Гарькуша жалпы білім беретін пәндер бойынша орыс тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанып, ҚР Білім және ғылым министрлігі атынан I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анастасия Юрьевна Барминаға, Алесяның ата-анасына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хаты табыс етілді.
Кеш барысында мектеп ұстаздарының атына да жылы лебіздер айтылды. Ата-аналар мектеп әкімшілігіне және бүкіл педагогикалық ұжымға шыдамдылығы, еңбегі мен балаларға берген білімі үшін алғыстарын білдірді. Ата-аналар атынан құттықтау сөз 12 «С» сынып оқушысы Алина Мұхаметқалидың атасы Қалқаман Жақыпқа берілді. Өз сөзінде Қалқаман Хасенұлы осы беделді білім ордасының артықшылықтарына тоқталып, биылғы түлектердің қатарынан болашақта Нобель сыйлығының иегері шығатынына тілектестік білдірді.
«Алтын белгі» иегері Бахыт Гутова бізбен әңгімесінде қуанышын жасыра алмады. «Өзім Рудный қаласынанмын. Мектепке алғаш келген сәтте бір қызық сезім болғаны рас. Себебі сыныптастарымның бәрі әр жерден. Кейін бір-бірімізді тани түстік, көптеген сұрақтарға қатысты өзара пікір алмасып, соның арқасында әр адамды жеке тұлға ретінде бағалап, ойы мен пікіріне құрметпен қарай бастадық. Осылайша жылдар өткен сайын жақын бола түстік. Сондықтан сыныптастарымның орны мен үшін бөлек. Осы 6 жыл бойы «Алтын белгіні» аламын ба, жоқ па деп қатты алаңдадым. Бүгін қолымның жетіп отырғаны ұстаздарымның үмітін ақтағаным және ата-анамның қуанышына себепкер болғаным деп ойлаймын», – дейді ол.
Ал осы 12 «А» сыныбының кураторы Гүлвира Байдан: «Сыныбым өте ұйымшыл, шығармашылыққа бай. Бұл сыныппен, сөзсіз, жолым болды десем болады. Ата-аналардың да жауапкершілігі жоғары», – деп атап өтті. Әрине, толғанысын да жасыра алмады. Бұл сынып Гүлвира Кәдірбекқызының үшінші түлектері.
Қостанай қаласындағы іргелі білім ордасы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін осы уақытқа дейін 555 түлек тәмәмдап шыққан екен. Түлектердің әрқайсысы қолына аттестатты алған соң «NIS Alumni» қатарына қосылуы дәстүрге айналған. «Alumni Nazarbayev Intellectual Schools» қоғамдық бірлестігі НЗМ түлектерін бір-бірімен де, мектеппен де байланыстыру мақсатында құрылды. Бірлестік балаларға ғаламшарымыздың түкпір-түкпірінде болғанмен, үнемі байланыста болуға, бір-біріне көмек пен қолдау көрсетуге, жаңалықтарды білуге және жетістіктерімен бөлісуге көмектеседі.
«Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» демекші, осы алтын ұя мектебінде ұлағатты ұстаздарынан өмірлік азық болар білім дәнін, тәлім-тәрбиенің негізін алып, жүректері лүпіл қағып қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан осынау сәтте білім ордасымен қоштасып, өмірдің екінші белесіне қадам басқалы тұрған жас түлектерге сәт сапар тілейміз.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.