Бірінші сыныпқа – бір тілде білім

Выпуск - №40(537)   :   14.10.2022
582

Үстіміздегі оқу жылы жаңашылдықпен бастау алды. Бұдан былай қазақ мектебінің бірінші сынып оқушылары тек ана тілінде, яғни қазақ тілінде білім алады. ҚР Оқу-ағарту министрінің бұл шешіміне көпшілік ризашылығын білдіруде.


Жаңа бағдарламада оқуын бастаған №29 мектептің 1 «Ә» сынып оқушылары мен ұстазы Шынар Букаева

Министрдің айтуынша, қазақстандықтар үш тілді де меңгеруі керек және алдағы уақытта бұл жүйеден бас тарту жоспарланып отырған жоқ. Алайда үш тілді 1-сыныптан бастап оқыту қиын болғандықтан, бастауыш сыныптарға өзге тілдерді бірте-бірте енгізбекші. «Мұның алдында бірінші сыныпқа барған бала қазақ тілімен қатар ағылшын және орыс тілінің әліппесін оқу керек болды. Бұл 6 жастағы бала үшін қиын. Баланы дамыту үшін ана тілін үйретіп алған өте маңызды. Біз сол шешімді қабылдадық. Биылдан бастап қазақ тілді мектепке барған балалар, тек қаза тілінде жазып, үйренетін болады», – деп атап өткен-тін Асхат Аймағамбетов. Осылайша еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептің бірінші сынып оқушылары жаңа оқу жылын тек қазақ тілінде бастап кетті.

Жаңа жүйеде білім беруді бастап кеткен білім ордаларының бірі – Қостанай қаласындағы Аэропорт шағын ауданындағы №29 жалпы білім беретін мектеп. Биыл аталмыш білім ордасының ашылғанына 4 жыл. Жалпы саны 900 орынға арнап салынған мектеп шағын аудандағы жалғыз білім ордасы болғандықтан оқушыларға екі тілде білім береді. Мектеп директоры Жанар Кушанованың айтуынша, жыл сайын оқушылардың саны артып келеді.

– Жаңа пәтерлердің кілттері табысталып, шағын аудан тұрғындарының қатары қалыңдап келеді. Тиісінше, білім ордамыздағы оқушылардың саны да артып отыр. Мектебіміз ашылған 2019 жылы 600 оқушы болса, бүгінгі таңда жалпы саны 1200-ге жетіп отыр. Сондай-ақ басты қажеттіліктің бірі – балабақша ашу мәселесі. Қаламыздың әкімі бұл сұрақ жоспарда тұрғанын айтып өтті, – дейді мектеп басшысы. – Биы мектебімізде 6 бірінші сынып бар.

Соның 4-еуі орыс сыныбы болса, 2-еуі қазақ сыныбы. Қазақ сыныптарына қиын болғандықтан, Білім басқармасымен келісе отырып түстен кейін ұзартуды (продленка) енгіздік. Қазір оған екі топ келіп жүр. Балаларын орыс сыныбына берген қазақ отбасылар да аз емес. Бұл мәселемен қолдан келгенше күресіп келеміз. Оқуға әкелген кезде өзіміздің тараптан түсірдіру жұмыстарын жүргіземіз. Осы ұзартудың да ықпалы бар шығар, 7-8 ата-ана балаларын қазақ сыныбына ауыстырды. Болашақта қазақ сыныптарының саны артады деген ойдамын.

«Қазақ сыныбының оқушылары бірінші сыныпты тек ана тілінде оқуы керек» деген министр Асхат Аймағамбетовтың шешіміне қатысты жұртшылықтың пікірі оң. Бізбен әңгімесінде №29 мектептің директоры да өзінің ризашылығын жеткізді.

– Министрдің бұл өзгерісті енгізуі – өте керемет шешім деп есептеймін. Балалардың көбісі аулада ойнап жүріп, достарымен орысша сөйлеседі. Нәтижесінде қазақ тіліне шорқақ болып қалады, ойын да еркін жеткізе алмайды. Бұл мәселе бар. Биыл өзімнің жиен немеремді қазақ сыныбына беру ісінде табандылық таныттым. Қазір, міне, қазақ тілін әжептәуір үйреніп қалды. Әрине, бұл жерде ұстаздарымызға алғыс айтқым келеді. Тіл үйрену үшін орта керек қой. Білмеген жерін айтып жібереміз. Болашақта бұл нәтижесін береді деп есептеймін, – деп атап өтті Жанар Асановна.

Мектеп директоры Жанар Асановна 1-сынып оқушыларымен


Хәкім Абайдың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деген сөзі үнемі ойға оралады. Мектепке «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» әрбір балаға өмірлік бағдар беретін осы ұстаздар елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиесіне жауапты. «Адам тәрбиелеу – ұлы міндет» болса, соны атқарып жүрген ұстаздар қауымының қолындағы негізгі құрал – сабақ. Сол сабағы арқылы бағыт беріп жүрген ұстаздардың бірі – бастауыш сыныптар мұғалімі Шынар Букаева. Биылғы оқу жылын №29 мектепте алғаш рет бастап отырғандығын айтады. Бұған дейін 2013-2022 жылдар аралығында Рудный қаласындағы №18 орта мектепте қызмет атқарған.

– Жаңа оқу жылын жаңа мектепте, жаңашыл өзгеріспен бастап отырмын. Қазақ тілінде оқитын бірінші сынып оқушыларына жеткен қуанышты хабарды естіп, риза болдым. Себебі бұның алдында бірінші сыныпқа барған бала қазақ тілінің әліппесінен бөлек, орыс тілі мен ағылшын тілінің де әліппесін қатар үйренуі керек болды. Санасы әлі қатая қоймаған бала үшін бұның қаншалықты қиын болғаны түсінікті шығар. Сондықтан баланы өз ана тілінде оқу мен жазуға үйреткеннен соң ғана басқа тілдерді қосқан игілігі мол шешім болды деп есептеймін, – дейді 1 «Ә» сыныбының мұғалімі Шынар Калияскеровна.

Бүгінде ұстаздың қызметтегі жалпы еңбек өтілі – 34 жылды құрайды. Ұлы мен келіні, қызы да анасының жолын қуып, мұғалімдік қызметті таңдаған. «Осы уақыт ішінде алдымнан қаншама шәкірттер өтті. Әлі күнге дейін хабарласып, жағдайымды біліп тұрады. Бұл мен үшін үлкен мәртебе», – дейді ол. Игілігі мол шешім болса, ұстаздар қауымы әрқайым қолдауға әзір. Себебі бәрінің илегені бір терінің пұшпағы емес пе? Ал көздегені: сапалы білім мен саналы тәрбиеге қаныққан ұрпақ тәрбиелеп, өмірде «бір кірпіш» болып қалануына мүмкіндік беру.


Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.