Рудный мектебіне Алаш арысының есімі берілді

Выпуск - №48(545)   :   09.12.2022
802

Рудный қаласының қара шаңырағы – алғашқы қазақ №15 жалпы білім беретін мектебіне Алаш қозғалысының қайраткері Міржақып Дулатұлының есімі берілді. Ақынның туған күні қарсаңында мектебімізде ескерткіш тақта орнатылып, мәнді әрі мағыналы шара аясында арнайы оқу кабинеті ашылды.

Тағылымы мол шараға қалалық білім бөлімнің басшысы Темурхан Жайлибаев бастаған «Ардагерлер ұйымының» жетекшісі Сәлімгерей Бексейітұлы, мектебіміздің дамуына біршама үлесін қосқан ардагер ұстаз Қайыржан Нұрмағанбетұлы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Қостанай облыстық драма театрының актеры Азамат Чукеев, Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мурзабаева, Рудныйдағы «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уалиев Торғайбайұлы және мектеп, колледж директорлары қатысты.

Алаш қозғалысы қайраткерінің есімін иелену біздің ұжымның көптен күткен арманы болатын. Міне, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы өзекжарды қуанышты бөлісуге келген қонақтарымызды білім ордасының төріне шақырып, мектеп әкімшілігі, оқушылар мен ұстаздарымыз құшақ жая қарсы алды. Жоспарлы іс-шаралар барысында мектебіміздің кіре беріс маңдайшасына М.Дулатұлының есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылып, ашу мәртебесі қалалық білім бөлімнің басшысы Темурхан Жайлибаев пен ардагер ұстаз Қайыржан Нұрмағанбетовке бұйырды. Мектеп басшысы Абзал Әміржанұлы өз сөзінде қоғам қайраткерінің есіміне лайық болу үшін ұжымның еңбегі еселене түсетінін тілге тиек етіп, қонақтарды арнайы ашылған оқу кабинетін тамашалауға шақырды.

Міржақып атамызға арналған оқу кабинеті аз күннің ішінде құнды дүниелермен толықтырылған. Атамыздың шығармаларына құрылған иллюстрация алаңынан бастау алған көрме өмірбаянымен өрілген фото аймақпен жалғасып, кітап, құжаттары мен оқушылардың шығармашылығынан реферат, эссе, буклет жұмыстарына толы болды. Сондай-ақ көрмеге қойылған ақынның өмірінен фотоальбом жинақтары, ғылыми жұмыстар, конференция материалдары, күнтізбе, бисерден жасалған суреті әріптестеріміз бен оқушылардың қолынан жасалған заттармен безендірілген.

Дәл осы күні қаламыздағы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Қымбат Бірманова оқу кабинетіне М.Дулатұлының төлқұжатының көшірмесін және кітаптарын сыйға тартқанын ерекше атап өткім келеді. «Оқитын мектеп» жобасы аясында жазушының кітаптары да көрмеге қойылып, таныстырылды. Астана қаласының тұрғыны ҚР ның қоғам қайраткері, жазушы, Міржақыптанушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қайсар Әлім ағамыз мектебімізге 28 кітапты сыйға тартқанын мақтанышпен айта аламын. Оның ішінде «Міржақыптың оралуы», «Алашшыл жүрек», «Қазақты оятқан» секілді тамаша туындылар бар.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Темурхан Жайлибаевтың сертификат табыстау сәті

Артынша ұйымдастырылған кездесу алаңында қонақтарға Міржақып атамыздың ұрпағы Қымбат Исламбекқызы, Міржақыптың рөлін сомдаушы актёр Азамат Төлегетайұлы және бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы тақырыпқа сай сұрақтарға жауап беріп, атамыздың өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Тәрбиелік мәні зор кездесу барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Т.Жайлибаев мектеп ұжымын құттықтай келе, оқу кабинетін дамыту мақсатында бес жүз мың теңге көлемінде сертификат тарту етті. Мектебімізге келген барлық қонақтар өздерінің ыстық лебіздерін білдіріп, мектеп ұжымына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасының бас редакторы әрі Міржақып атамыздың жиені Ерлан Сатыбалдиев құттықтауын жолдағанын ерекше атап өтсек ләзім.

Мектебімізде Міржақып Дулатұлының өмірі және шығармашылық қызметін тану мен зерттеу мақсатында қашықтық қалалық деңгейде ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан қаламыздағы қазақ тілі әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімдері де тағылымды шараның қонақтары болды. Үздік деп танылған баяндамашы өз жұмысымен бөлісуге мүмкіндік алды. Дәл осындай бірнеше тақырыпта қамтылған ғылыми-практикалық конференция өз деңгейінде өтті. Қатысушыларға алғыс білдіре отырып, жеңімпаздар марапатталды. Жеңімпаздарды марапаттау құрметі қалалық білім бөлімінің басшысы Темурхан Бекбергенұлына берілді.

Марапаттау рәсімінен соң іс-шарамыз әдеби кешпен жалғасын тапты. Оған барлығы 50-ден астам оқушы қатысып, Міржақыптың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін жырлап, ақын оқушыларымыз жырларын арнап, «Бақытсыз Жамал» романы желісімен көрініс қойып, керемет өнер көрсете білді. Әдеби кеш барысында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Асел Жылдамкулованың орындауындағы Міржақып Дулатұлының «Терме» шығармасы көрермендердің көңілінен шығып жатса, жүргізушілер де қоғам қайраткерінің еліне сіңірген елеулі еңбегін мақтанышпен кезектесіп айтып жатты.

Бір сәт тарихқа көз жүгіртсек, Міржақып Дулатұлы жиырмасыншы ғасырда ағартушылық-демократтық бағытта оқыған азаматтардың бірі болды. Аумалы-төкпелі заманда қазақ ұлтының болашағы үшін атқарған қызметі, шығармашылық мұрасы халықтың ішінде аяулы да, құрметті азамат болуына үлкен септігін тигізді. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де Міржақыптың халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып, қашанда күрес шебінің алдында болды деген деректер берілді. Ендігі кезекте жоғары сынып оқушылары «Елім ай», «Шағым», «Шешенің балаларын сүюі» «Арманым», «Алашқа» өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендердің көзайымына айналды. Иә, халқын сүйген қоғам қайраткері жалынды сөзімен де, тындырымды ісімен де, бойындағы адами қасиетімен де өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді.

Кеш барысында Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының рөлін сомдаған оқушыларымыз келген қонақтарды ерекше сезімге бөледі. Жалпы әдеби кеште шығармашылыққа толы, жүрек тебірентерлік сәттер орын алды. Оқушыларымыздың өнерін тамашалаған 180-дей көрермен қол соғып, өздерінің ыстық қошеметтерін көрсетті. Тағылымы мол шара да өз мәресіне жеткен соң, қонақтар Міржақып Дулатұлының рухына Құран бағыштады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Абзал Әміржанұлы бастаған мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымына және оқушылар мен ата-аналарымызға алғыс білдіреміз. Әріптестеріміздің әрқайсысы «Мектебіміз Алаш ардақтысының есімін иеленді, енді осы қасиетті есімнің абыройын асқақтату үшін еңбек етуде күш-жігерімізді аямайық» деген бойтұмардай ой түйгені анық.


Роза ЖАРҚЫМБЕКОВА,
№15 ЖББМ бастауыш
сынып мұғалімі,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.