Бір сәт айналамызға зер салсақ, табиғаттың шарапаты қаншалықты шексіз екенін түсінеміз. Жарқыраған күннің сәулесі, тыныстап жатқан ауа, ішетін суымыз, құнарлы топырағымыз – бәрі де тіршілік атаулының өміріне мән беріп отырған дүниелер.
Адам – табиғаттың ажырамас бөлшегі. Сондықтан да қоршаған ортаға қамқорлық – адам баласының тікелей жауапкершілігі. Балаларға жастайынан ұқыптылық танытып, қарапайым тазалықты сақтауды, біреудің жұмысына құрметпен қарауды, сондай-ақ ағаштар мен гүлдерді суарып, тірі табиғатқа қамқорлық жасауға баулу мақсатында, білім ордаларында жазғы уақытта экологиялық отряд жұмысын бастайды. Айтқандай, экоотрядтың мүшелері – мектеп оқушылары. Көпшілікке бұл дәстүр таңсық емес. Жазғы демалыс уақытында екі аптаға жуық уақыт бойы білім ордасының ауласында көмек көрсету міндет еді.
Оқу жылы аяқталысымен, маусым айының екісінен бастап Қостанай қаласындағы №1 мектеп-лицейде де мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Мүмкіндігінше, мектеп оқушыларының бәрі де қамтылады. Әрине, өз қалаулары бойынша. Бекітілген кестеге сай, 5-сыныптан бастап 8-сынып оқушыларына дейін, 10-күннен кезекпен жұмыс істейді. Күн ыстық болған уақытта, таңғы салқынмен сағат 8-ден 9-ға дейін, басқа күндері еңбек тәрбиесі сағат 9-да басталатындығын айтады мектеп ұстаздары.
– Экологиялық жоба біздің мектебімізде жыл сайын өткізіледі. Айта кету керек, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының экологиялық мәдениет және еңбек тәрбиесі бағыты бойынша жүзеге асырылуда. Оқушыларымыз ата-аналары мен ұстаздары мектеп ауласына отырғызған гүлдерді суарып, арамшөптерін жұлып, қопсыру жқмыстарын атқарады. Әрине, ауа райының белгілі бір ерекшеліктеріне қарсы көрсеткіштері бар балалар болатын болса, олар өтініш жазу арқылы мектеп ауласын абаттандыру жұмыстарынан босатылады, – дейді №1 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Руслан Мурзагалиев. – Ең алдымен, бұның бәрі – баланы экологиялық мәдениетке тәрбиелеу жұмыстары. Олардың мектеп ауласында көмек көрсетіп, еңбекқорлыққа үйренуі – болашақта өздеріне қажет болатын іс деп ойлаймын. Өсімдіктерге қалай күтім жасау керектігін, жалпы айналасындағы тазалықты сақтаудың маңызын өн-бойымен сезіне бастайды. Сөйтіп, өзінен де, өзгеден де экологиялық мәдениетті талап ететін болады. Бұл, менің ойымша, өте жақсы үрдіс.
Уақыт өткен сайын экологиялық сауаттылық мәселесінің маңызы артып отырғаны белгілі. Сондықтан да ұстаздар қауымы жастар арасында насихат жұмыстары мен осындай іс-шараларды өткізіп тұрудың маңыздылығын алға тартады.
– Жыл сайын 5-сыныптан бастап балалар мектеп ауласын абаттандыру жұмыстарына қатысады. Мектеп ауласы үлкен болғандықтан, аумақ 6-8 сынып аралығындағы оқушыларға тиісінше бөлініп, арнайы күндер бекітілді. Атқаралытан жұмыс көлемі әрі кетсе бір сағатқа, кем дегенде жарты сағатқа қарастырылған. Бір жағынан, оқушылар сыныптас достарымен кездесіп, жұмыс барысында әңгімелессе, екіншіден – ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауды үйренеді. Осылайша әр сынып, кезек бойынша, 10 күн сайын ауысып отырады. Әрине, міндетті түрде, оларға қауіпсіздік шаралары қатаң ескертіледі, – дейді 6 «Д» сыныбының жетекшісі Анжелика Мальцева.
Осылайша жылда ұстаздар мен ата-аналар қауымы мектеп ауласында гүлдерді отырғызса, балалар оларды ары қарай күтіп-баптау ісіне атсалысады. Мектеп-лицейдің химия, биология пәнінің мұғалімі Юлия Шебелисттің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар балаларды еңбекқорлыққа баулып қана қоймайды, қызығушылықпен табиғатты зерттеп, оған қамқорлық жасауға да септігін тигізеді.
– Мектеп жанындағы учаске бірқатар өсімдіктермен абаттандырылған. Қайың, қарағай, үйеңкі, терек ағаштарымен қоса әртүрлі гүлдер де бар. Экологиялық жасақ жастары өсімдіктердің құрылысын қызығушылықпен меңгеріп, оларға күтім жасауды үйренуде. Олар өсімдіктердің айналасын арамшөптерден тазалап, суарып, мектеп аумағын тазалаумен айналысады. Бұл жұмыс ерікті негізде жүргізіледі. Дегенмен балалар үшін өте маңызды деп есептеймін. Себебі, өзіңнің үйіңдегідей, екінші үйің – мектеп аумағын абаттандыру ісі оларды еңбекқорлыққа, қоршаған ортаға қамқорлық жасауға үйретеді. – дейді 8-сыныптың жетекшісі Юлия Николаевна. – Қала мектептері арасында мектеп жанындағы учаскені көгалдандыруға қатысты байқаулар да өткізіліп тұрады. Бірнеше рет біздің мектептің бірінші және екінші орындарды иеленгені бар.
Білім ордасы экологиялық бағыттағы басқа да қандай іс-шаралардың қатысушылары екенін сұрағанымызда, №1 мектеп-лицей басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары біршама тұшымды деректерді мысал ретінде келтірді. Мәселен, былтыр «Neco» экологиялық клубының ұйымдастыруымен батареяларды жинау бойынша акция өткен болатын. Оған қаланың 11 оқу орны – мектептер мен колледждер қатысты. Ойлап қараңызшы, 1 ғана батарея 20 шаршы метр жерді улайтын күшке ие. Бір ай бойы акцияға қатысушылар атқарған жұмыстарын Instagram парақшасында жариялап, ұйымдастырушыларды белгілеулері керек болған. Аталмыш акцияға қатысушы №1 мектеп-лицей, осымен екінші жыл қатырынан, екінші орынды иеленіпті.
– Білім ордасында белгіленген кестеге сай, барлық оқушылардың қатысуымен, макулатура жинау үрдісі де қалыптасқан. Былтыр Әулиекөл ауданында болған сұмдық өрттен кейін жасыл орманды қайта жандандыру мақсатында өткен акцияға Альбина Темясова, Амирхан Аманжолов, Лера Рыдченконың бастауындағы мектеп парламентінің белсенді он оқушысы қатысып қайтқанын айта кеткен жөн. Одан бөлек оқушыларымыз Ы.Алтынсариннің кесенесі мен Гагарин бөгетінің айналасын қоқыстан тазалауға үлес қосты. Нәтижесінде өздеріне бір ой түйіп келгені анық, – дейді Руслан Жусупбекович. Ыбырай Алтынсарин кесенесінің маңайын қоқыстан тазалауға атсалысқан жастың бірі Анастасия Каратаева – биыл 8-ді тәмамдап, тоғызыншы сыныпқа көшкен белсенді оқушылардың бірі. Ол да, міне, 10 күн бойы сыныптастарымен мектеп ауласын абаттандыру ісіне үлес қосты.
– Осы жұмыстар бекер емес, табиғаттағы жаратылыстың барлығы өзара байланысты екенін түсінеміз. Бүгінгі әрекетің ертең ешкімге кесірін тигізбеуі тиіс. Мәселен, адам өзінен кейін қалдықтарды қоқыс жәшігіне тастап отырса, екі жұмыс жасалмайтын еді. Негізі бұл айтпай-ақ істелуі тиіс қарапайым ереже емес пе?! Біріншіден – табиғатқа қамқорлық, екіншіден – біреудің жұмысына деген құрметтің белгісі. Өкініше қарай, қазір адамдардың көпшілігі бұл туралы ойлана қоймайтыны байқалады. Меніңше, бұның басты себебі: немқұрайдылық.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.