Ыбырай мектебіне 140 жыл: өнегелі тарих, жарқын болашақ

Выпуск - №41(638)   :   18.10.2024
208

IMG-4443


Биыл ұлы ағартушының идеясынан бастау алып, Қостанай қаласының төрінен орын тепкен тарихы терең білім ордасы Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатына 140 жыл толып отыр. Мектебіміз салтанатты мерейтойын толағай жетістіктерімен қарсы алуда.


Ыбырай мектебі білім беру жолындағы үздіксіз қызметімен ғана емес, ұлт руханияты мен мәдениетін көтерген көрнекті тұлғалардың ұстаханасы ретінде де ел жадында сақталып келеді. Мектеп құрылысы 1882 жылы басталып, екі жылдан соң Троицк орыс-қазақ мектебі Қостанай қаласына көшіріліп, «Қостанай екі сыныптық орыс-қазақ училищесі» болып аталды. Ұлт ұстазының идеялары негізінде құрылған бұл мектептің басты мақсаты – қазақ және орыс тілдерін бірдей меңгерген, білімді әрі мәдениетті жастарды тәрбиелеу болды.

Кейіннен мектеп жанынан 1897 жылы ашылған педагогикалық сыныптарда болашақ ұстаздар дайындалып, оқу орны білім мен ағартушылықтың орталығына айналды. Артынша ол екі жылдық педагогикалық курс интернаты болып өзгертілді. 1917 жылы мектеп «Қазкоммуна 7 жылдық мектебі» деген атауға ие болып, ұлт ағарту ісінде маңызды рөл атқарды. 1920 жылдан 1922 жылға дейін «Балалар коммунасы» («Қызыл коммуна») мектебі болып аталса, артынша жеті жылдық балалар қазақ коммунасына айналды. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектеп алғашында Ленин, кейін Мирзоян атымен аталды.

Тарихтың талай кезеңдерін бастан өткерген білім ордасына 1938 жылы Ж.Жабаевтың есімі беріліп, №1 орта мектеп-интернаты болып аталды. Сол жылы мектеп 100 адамға арналған интернаты бар толыққанды орта білім беру мекемесіне айналды. 1939 жылы облыста ашылған мұғалімдер институтының оқу корпусы 1943 жылы осы мектептің ғимаратына орналасты. 50-ші жылдары мектеп-интернаттың ескі ғимаратында жетім балалар мен шалғай аудандардан келген оқушылар білім алды, ал оқу корпусына №13 қазақ орта мектебі (№22 мектеп) көшіріліп, қала балалары оқыды.

1960 жылы мектеп Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаты болып қайта құрылды. 1965 жылы №22 орта мектеп №1 мектеп-интернатымен біріктіріліп, осы кезеңде жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталды. Мектептің ескі ғимараты біртіндеп қирай бастағандықтан, 1968 жылы еңбекшілердің халық депутаттарының шешімімен түгел бұзылды. 1971 жылы 11 ақпандағы КСРО Жоғары Кеңес Президиумы жарлығымен Ы.Алтынсарин атындағы мектеп «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1992 жылы білім ордасы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық лицей атауына ие болса, 1994 жылы Ы.Алтынсарин атындағы №1 педагогикалық лицей-интернаты мәртебесін алды. 2000 жылы ҚР Президентінің 1996 жылдың 30 тамызындағы №3002 Өкіміне сәйкес, Қостанай облысы әкімінің 2000 жылдың 18 сәуірдегі №92 шешімі бойынша, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаты – Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты болып қайта ұйымдастырылды. Осылайша мектептің есімі мен тарихы қай уақытта да оның жоғары мәртебесі мен ұлттық білім беру ісіндегі ерекше орнын айқындап келеді.

Мектептің даңқты түлектерінің қатарында қоғам қайраткері Әліби Жанкелдин, қоғам қайраткері, тұңғыш кәсіби журналист Мұхамеджан Сералин, аса талантты жазушы Бейімбет Майлин, педагог-ағартушы, жазушы Спандияр Көбеев, мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениет министрі Ілияс Омаров, сахна тарланы, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі Серәлі Қожамқұлов, Қазақ ССР-нің Халық әртісі Елубай Өмірзақов, биология ғылымдарының докторы, профессор Темірбай Дарқанбаев, мәдениет министрі, тарих ғылымдарының докторы Әмір Қанапин, ұстаз, Ыбырай мектебінің алғашқы директорларының бірі Бекет Өтетілеуовтерді үлкен құрметпен атап өтсек ләзім. Олар заманының қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына орасан үлес қосты.

Одан бері де мектептен көптеген дарынды тұлғалар түлеп ұшты. Бүгінде бұл түлектер Қазақстанның түкпір-түкпірінде, түрлі салаларда еңбек етіп, елдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Шотбай Манасбаев, Қалима Хасенова, Гүлмира Тасанова, Бақыткүл Байдаулетова Ыбырай мектебінде білім алып, өздері білім алған мектептерінде ұстаздық қызметін атқаруда. Өзім де Ыбырай мектебінің түлегімін. Оқушы кезімде Беген Қаженұлы, Кәрім Жәркенұлы, Сәбира Бірмағамбетқызы, Гүлжиян Сүйіндікқызы, Сара Құсайынқызы, Ләйлә Камешқызы, Қайыржан Абильгазина, Райхан Досполқызындай ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алдым. Білім ордасын 1993 жылы тәмамдап, артынша Ахаң атындағы қара шаңырақтың тарих факультетінде білім алдым. Сөйтіп, біраз уақытты артқа салып, 2017 жылдан бері білім алған мектебімде директор қызметін атқарудамын.


Шәкірттердің мерейі


Мектебімізде заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған физика, химия, ІТ, робототехника, биология, жас сарбаз, STEМ зертхана, гидропоника кабинеттері бар. Білім беру үрдісінің бағыттары бойынша вариативтік компоненттегі курстардың нәтижесінде оқушыларымыз ғылыми жобараларға, олимпиадаларға, түрлі шығармашылық сайыстарға қатысып, жобалау және зерттеу іс-әрекеті дағдыларын дамытып, нәтижесін беруде. Негізгі орта білім деңгейі қоғамдық-гуманитарлық пәндерге және оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталады. Жалпы орта білім беру деңгейінде білім алушылардың ЖОО-да білімін жалғастыруы және кәсіби өзін-өзі анықтау үшін академиялық дайындығын қамтамасыз етуге қолайлы білім беру кеңістігін жасайды.

Тәрбие үрдісі «Үштік одақ: оқушы, ата-ана, мұғалім» негізінде қалыптасқан. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын басшылыққа ала отырып «Cooking Club», «Ұлттық қолөнер», «Туған елге тағзым», «ЭкоДарын», «Мамандықтың бәрі жақсы», «Аялы алақан», «100 кітап», «100 ән», «Оқуға құштар мектеп» жобалары жүзеге асырылуда. Білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 8 шығармашылық және 5 спорттық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Ұлттық тәрбиеге бағытталған «Асық ату», «Тоғыз құмалақ», «Ажар» ұлттық би, «Киелі домбыра» және «Ақындар сыныбы» шәкірттері Халықаралық «Gulnar fest», «CHRISTMAS STARS» және «Жас жұлдыздар», Республикалық «Fantastic Talent», «Абай оқулары» және т.б. шығармашылық, спорттық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары.

«Балалар және театр» жобасы аясында бүгінде «Дарын театр» репертуарында «Жаралы гүлдер» және «Азаттық жол» атты қойылымдары көрермендерге ұсынылды. Дәстүрлі түрде әр оқу жылының соңында «Алтынсарин жұлдыздарының шеруі» салтанатты марапаттау кеші ұйымдастырылады. 2023 жылдан бастап, 2008 жылғы түлектердің алқа шешімімен «Мұрат Қылышбайұлы Жакин» атындағы стипендия тағайындалып, «Дарынды оқушы» номинанттары марапатталуда. Мектептің дәстүрлі іс-шараларының бірін «Мектеп Парламенті» басшылыққа алып, облыстың ЖОО, колледждер мен мектептері арасында «Ybyrai CUP» турнирін және БҰҰ бағдарламасы «YAMUN» отырысының модельдеу конференциясын, сонымен қатар Ы.Алтынсариннің туған күніне орай облыс мектептерінің арасында «Ыбырай оқулары» ұйымдастырылып келеді.

Дарын желісіне қосылған кезден бастап, біздің оқушылар Амстердам мен Мар-дель-Плата қалаларында өткен Халықаралық математикалық, Азия-Тынық мұхиты математикалық, математикалық «Зерде», Президенттік олимпиада, «Әл-Фараби» халықаралық олимпиадасы, Қ.Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадасы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Халықаралық физика олимпиадасы, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Ясауи» Республикалық олимпиадасы, сондай-ақ Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша Халықаралық зерттеу жобаларының конкурсы, «ROBOLAND-2023» VIII Халықаралық роботехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі, «Сардар» республикалық кешенді олимпиадасынан және т.б. олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары атанып жүр.

Республикалық олимпиадалардағы жоғары көрсеткіштері үшін 2011 және 2013 жылдары «Ең үздік олимпиадалық мектеп», ал 2010, 2011, 2019, 2023 жылдары «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасының жүлдегері атандық. 2023-2024 оқу жылында орыс тілі мен әдебиетінен республикалық пән олимпиадасында Айғаным Амангелді 1-орынды, Айдана Утилиева 2-орынды, ал Нурикамал Тулебай 3-орынды иеленді. Дарындыларымыз Нұрғалым Әлтай, Айя Даушева, Айдана Утилиева, Нұралы Мырзатаев, Ғасыр Есенқұлов, Асем Сарсембаева, Айым Өмірзақ республикалық ғылыми жоба конкурсының жеңімпаздары атанды. Алғыр түлектеріміздің бірі Арман Амиров республикалық «Ақберен» өнер байқауында 1-орынға ие болса, «Абай оқуларында» грамотамен, ал Зарина Исламбекова, Жансая Өмірзақ, Ақерке Исламбек, Сания Белгібай қазақ тілі мен әдебиетінен Қ.Бітібаева атындағы республикалық олипиадада грамотамен мараптатталды.

Шәкірттің жетістігі білім ордасының абыройын арттырады деген рас. Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадаға қатысқан мектептердің рейтингі бойынша білім ордамыз 2023, 2024 жылдары «100 Үздік олимпиадалық мектеп» тізіміне енгізілді. Бұл жетістіктер – мектептің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі мен сапалы білім беру жүйесінің жемісі болса керек. Бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты 369 оқушыға білім береді, оның ішінде 238 бала интернатта жатып оқиды. Оқушылардың білімге деген құштарлығы мен шығармашылық қабілеттері мектеп мұғалімдерінің шебер қолдауының нәтижесінде шыңдалып келеді. Дарын жүйесіне енген 24 жылда алтын ұядан 1212 түлек ұшырған екенбіз, оның ішінде 65 түлек «Алтын белгі» белгісімен аяқтап, 43 түлегіміз «Үздік аттестат» иегері атанды.


Ұстаздар ұлағаты


Мектебімізде 42 білікті педагог абыроймен қызмет етуде. Педагогикалық кадр құрамы сандық және сапалық жағынан тиімді жасақталған. Тоғыз мұғалімде магистр дәрежесі бар. Үш ұстазымыз «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иелерлері: математика мұғалімі А.Еришова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Байтасова және химия пәнінің мұғалімі Қ.Жумагулова. Тарих пәнінің мұғалімі Р.Туралина 2013 жылы «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болса, биылғы Мұғалімдер күніне орай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Нугуманов «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды. Бұл жетістіктер мектебіміздің абыройын арттырып, ұстаздарымыздың еңбегінің жемісті екенін айқын дәлелдейді.

Мектебімізде педагогтердің тұрақтылығы қалыптасқан. Ұмсынай Самратованың мектебіміздегі еңбек өтілі – 34 жыл болса, Жұмаш Булекбаева мен Меруерт Ермагамбетова 30 жыл, ал Шотбай Манасбаев, Ағыбай Нугуманов, Аманжол Сыптаев, Шолпан Сейткожина, Роза Туралина, Асыл Еришова, Куланда Дощанова, Құралай Жумагулова, Жанагүл Досжанова Ыбырай мектебінің шәкірттерін 20 жылдан астам білім нәрімен сусындатуда.

Педагогтеріміз жылда облыс, республика көлеміндегі сайыстардың жүлдегерлері атануда. 2021-2024 оқу жылында Г.Абикенова, Г.Токтамысова, Б.Байтасова «Педагогикалық идеялар фестивалі», Г.Есмагамбетова, М.Ермагамбетова, Н.Еликбаева «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауларының облыстық кезеңінде жүлделі орындарды иеленді. 2022-2023 оқу жылында С.Сальмагамбетова «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», Ж.Досжанова «Үздік тарих пәнінің мұғалімі» облыстық байқауында жүлделі орынды иеленсе, Р.Зулгариев «Мектептегі тарих: дәстүрлер мен инновациялар» облыстық байқауында бас жүлдеге ие болды.

Ұстазымыз Г.Тасанова республикалық деңгейде «Үздік педагог-2022» және «Үздік авторлық бағдарлама» байқауларының жеңімпазы, Н.Абдигалиев «Дене шынықтыру пәннің үздік мұғалімі» атанса, Р.Зулгариев республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» байқауында І жүлделі орынмен оралды. Осынау жетістіктер біздің педагогтердің кәсіби шеберлігінің артқанын, білім сапасын көтеру жолындағы ынта-жігерін, еңбекқорлығын айқын көрсетеді. Мұндай табыстардың арқасында мектеп ұжымы білім беру сапасын үздіксіз жақсартып, оқу процесін жаңғыртып келеді.

140 жылдық мерейтой – бұл өткенді еске алу ғана емес, болашаққа бағдар жасап, жаңа мақсаттарға жетелеу. Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты алдағы уақытта да дәстүрлерін сақтай отырып, білім беру сапасын арттыруда, дарынды жастарды тәрбиелеуде аянбай еңбек ете бермек. Білім ордасының мерейтойы – ұрпақтар сабақтастығын жалғай отырып, болашаққа нық сеніммен қадам басқан білім ошағының жарқын бейнесін көрсетеді.

Ырсалды КЕЛИНБЕРДИЕВА,
Ы.Алтынсарин атындағы
мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының
директоры, мектеп түлегі, Қостанай қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.