Бүгінгі білім алып жатқан әр оқушы – тәуелсіз еліміздің болашағы. Олардың қоғамның тұлғасы болып қалыптасуы үшін ұлттық құндылықтарды меңгеру аса маңызды. Әрбір ұстаз осы міндетті орындауда ерекше рөл атқарады.
Ендеше, бұл жолда не нәрсеге басымдық беру керек? Ұлттық құндылықтарымызды қалай дәріптейміз? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғасақ. Ең алғашқы тәрбие баспалдағын ұлттық нақышта киініп жүруден бастап, тәрбие сағаттарында сәлемдесудің маңыздылығын, жеті атасын білуін, салт-дәстүрлеріміздің түрлерін ұғындырудан бастаған жөн.
Қонақжайлылық – қазақ халқының сүйегіне сіңген қасиет. Бұл қасиет қазақты өзге ұлттардан ерекшелеп, мәртебесін биіктетіп тұрады. Бірде қазақ жерінде болған поляк саяхатшысы, зиялысы А.Янкушкеевич: «Дүние жүзін қазақ жайласа, жер шарын тегін айналып шығар едім», – деп қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті болған екен. Мысалы, «Қонақ келсе – құт» тәрбие сағатында халқымыздың қонақжайлылығын насихаттай отырып, қонақ күтудің өзіндік жөн-жоралғысы мен дәстүрі, ерекшеліктері бар екенін түсіндірдім.
Ұлттық құндылықтардың тағы бір негізі біздің ауыз әдебиетімізде жатыр. Аңыз, қисса, жыр-дастан, мақал-мәтел, жаңылтпаш, санамақ, бата, шешендік сөздер мен батырлар жырларын, оған қоса жыраулар шығармаларын жаттап, тұнығына қанып өскен баланың бойында еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілігі артып, ұлтжанды, намысқой, арлы азамат болып қалыптасатыны сөзсіз. «Мақал – сөздің мәйегі», «Ертегілер еліне саяхат», «Мен тағзым еткен батырларым», «Жаңылтпаш айт, жаңыл» тақырыбында өткізген сыныптан тыс іс-шараларым осының айқын дәлелі болса керек. Оқушылар оларға үлкен жауапкершілікпен әрі қызығушылықпен қатысып, батырлардың бейнесін сахнада керемет сомдай білді.
Құндылық дегеніміз де осы – баланы адамгершілікке баулу, оның бойында көркем мінез қалыптастыру. «Обал болады», «сауап болады», «ұят болады» деген тәрбиелік сөздерді естіп өскен бала әдепті, мейірімді және жанашыр болып қалыптасары хақ. Осындай аса құнды мәдени іс-шаралардың бірі – ұлттық ойындар. Бүгінде оқушыларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудің басты құралы деуге де болады. Оқушылармен «Бес тас», «Қыз қуу», «Асық ату», «Ақсүйек», «Тоғызқұмалақ», «Қол күрес» сияқты ұлттық ойындар өткізілді. Олар балалардың күш-қуатын арттырып, шапшаңдық пен дәлдікке ғана емес, сонымен қатар ақыл-ойының дамуына, өжеттікке, тапқырлыққа және батылдыққа баулиды. Ойындар баланың шығармашылық қабілетін шыңдап, қиялын кеңейтеді, рухани дамуына жол ашады.
Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қалмақ», – деп тұжырым жасаған екен. Яғни, бүгінгі жас шыбық, жас ұрпақты бала шақтан, ерте жастан ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеу керек. Бүгінгі дұрыс тәрбие алған жастар – болашақ жақсы азаматтар. Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ маңызды іс. Сондықтан, ата-ана да, қоғам да бұл жұмысқа белсенділік, парасаттылық танытып, бірге жұмылу керек.
Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады», – дегендей, ата-аналарды да тәрбие сағаттарына жиі шақырамын. Құндылықтарды дәріптеу мақсатында оқушым Абай Қазтайдың атасы, ардагер ұстаз Қазтай Қуанышбекұлы «Қамшы сыры» атты тәрбие сағатына қатысып, жастарға ұмыт болып бара жатқан құнды мұра – қамшы түрлерімен таныстырып, қамшы өріп үйретті.
Қамшы қазақ халқының мәдени-тұрмысында, салт-дәстүрінде және рухани зердесінде ерекше орын алады. Ол – өнер туындысы, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, шаңырақтың киесі, тіпті батырдың қаруы да болған. Қамшыны тек ат айдайтын құрал ретінде қарастыру – ағаттық. Жаңа туған нәресте шошымау үшін бесікке қамшы қойған, ал қамшысын қалдырып кеткен үй келесі күні түстікке шақырған. Яғни, қамшы ата-бабамыздың бірлігі мен бауырмалдығының, қонақжайлылығының символы болған.
«Қамшы ойыны» деп аталатын спорттық ойын түрі де бар. Ауылда өскен әрбір қазақ баласы атқа мінбестен бұрын қамшыны қолына алады. Ұл баланы «атқа мінгізу» дәстүрінде бәсіре атқа ашамай ерттеп мінгізіп, ақсақалдар батасын беріп, баланың қолына аттың тізгіні мен қамшы ұстатқан. Сонымен бірге, жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашу дәстүрі де болған. Қамшының осындай тарихи ерекшеліктерін білу және оны жас ұрпаққа насихаттау – тәрбие сағатымның негізгі мақсаты болды.
Ұлттық тәрбие – қазіргі уақытта елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді, атап айтқанда, ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, қарттар үйіндегі аталар мен әжелер, нашақорлыққа салынған ұрпақ, тағы да басқа мәселелерді жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың бір жолы. Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген бала ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы әрі кішіпейіл болып өседі. Сондықтан, ұлттық құндылықтармен сусындап өскен білім алушы – еліміздің ертеңі.
Қорыта айтқанда, ұрпағымызды парасатты, білікті, мәдениетті әрі білімді етіп тәрбиелеу үшін, олардың рухани дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытуды мақсат етсек, алдымен ұлттық және азаматтық намысты бойына сіңірген ұрпақ өсіруге басымдық беруіміз керек. Бұл үшін бүкіл қоғамдық өміріміздің өзегін келешек ұрпақ тәрбиесіне, әсіресе ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.
Мейрамкүл ӘЛИАСҚАРОВА,
А.Бірімжанов атындағы ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.