Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Рудный қаласына жолымыз түсіп, жаңадан ашылған №8 білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Мұнда мерекелік қарбалас емес, мазмұнды дайындық пен терең рухани ізденістің ізі байқалады.
Мектеп ұжымы бірлесіп «Ұлттық құндылық – ұлт бренді» атты бекітілген ауқымды іс-шаралар жоспарының негізінде әрекет ететін болады. Қазіргі жаһандану заманында жас өрендердің бойына ұлттық кодты сіңіруге бағытталған рухани бағдаршам деуге саятын мерекелік марафон «Домбыра – ұлттық мұра» күй кешімен бастау алмақ. Қос ішектің үні шәкірттерді тарих қойнауына жетелеп, ұлттық музыканың құдіретін ұғындырады. Ал «Қазақтың салт-дәстүрлері» танымдық сағатында білім алушылар «сүйінші», «ат қою», «бәсіре» сынды жоралғылардың тәрбиелік мәнін тереңірек ұғынатын болады. Бұл – жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, салт-дәстүрді тек өткеннің белгісі емес, өмірлік ұстаным ретінде қабылдауына жасалған маңызды қадам.
«Ұлттық киім – халық мұрасы» көрмесінде қазақ киімінің философиялық мәні, адамның жасы мен мәртебесін, әлеуметтік жағдайын білдіретін ерекшеліктері паш етіледі. Ал «Ұлттық қолөнер – ұлт байлығы» шеберлік сағатында шәкірттердің ата-баба кәсібін заманауи дизайнмен ұштастырып, өз қолдарымен бұйымдар жасаған сәтіне куә боламыз. Сөзсіз, бұл – еңбекқорлық пен эстетиканың ұштасқан тұсы болмақ. Наурыздың сәні – қазақтың қонақжай дастарқаны емес пе? Осы тұста «Ұлттық тағамдар күні» атты фестивальде ата-аналармен бірлесіп, асхана мәдениеті мен дәмнің денсаулыққа пайдасы туралы айтылады. Мерекелік думан спорт залындағы «Ұлттық ойындар күніне» ұласып, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тартыстан бақ сынап, оқушылардың ептілігі мен стратегиялық ойлау қабілеті сыналмақ. Ал өнегелі жобаның түйіні ретінде «Ата мұра – ұрпаққа аманат» қорытынды фестивалі ұйымдастырылмақ.
Кеншілер қаласында бой көтерген №8 жалпы білім беретін мектеп – ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын қасиетті шаңырақ. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында технология мен дәстүрді ұштастырып, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуді мұрат еткен жаңа мектептің тыныс-тіршілігі мен алға қойған асқақ жоспарлары туралы тәжірибелі ұстаз әрі білікті басшы Қымбат Исланбекқызын әңгімелестік. Ұстаздық жүректі басшылық пайыммен шебер ұштастыра білген кейіпкеріміз жаңа білім ордасының болашақ бағдарымен бөлісті.
Қымбат Бірманова: «Біздің мақсат – рухы биік, парасатты тұлға тәрбиелеу»
– Қымбат Исланбекқызы, мол басқарушылық тәжірибеңізден кейін жаңадан ашылған №8 мектептің тізгінін ұстап отырсыз. Шын жүректен құттықтаймыз! Бұл лауазым сізге қандай жаңа міндеттер мен жауапкершілік жүктейді?
– Рақмет! Кеншілер қаласында еңсе тіктеген №8 мектептің тізгінін ұстау мен үшін жай ғана қызметтік ауысу емес, бұл – маған артылған үлкен сенім мен биік кәсіби жауапкершілік. Жаңадан ашылған білім ұйымы – жаңа белестерге бастайтын жарқын болашақ мекені. Сондықтан бұл міндет маған стратегиялық ойлауды, білім беру жүйесіне жаңашылдықты батыл енгізуді және ең бастысы – әр баланың ертеңіне тікелей жауапты екенімді терең сезінуді жүктейді. Мен үшін мектеп – үміттер мен армандардың ордасы, елдің ертеңі қалыптасатын мекен. Сол үмітті ақтау – басты парызым.
– «Келешек мектептері» жобасы аясында ашылған білім ордасының техникалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері жоғары екенінен хабардармыз. Осы білім ордасының өзгелерден дара тұратын басты ерекшелігін сіз қалай сипаттар едіңіз?
– №8 мектеп – тек «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген заманауи ғимарат қана емес, бұл – сапалы білім мен қауіпсіз, қолайлы ортаның мінсіз үйлесімі. Жаңа модификациядағы кең кабинеттер, заманауи зертханалар, кеңейтілген цифрлық мүмкіндіктердің барлығы баланың жан-жақты дамуына бағытталған. Дегенмен, мектебіміздің ең басты ерекшелігі – баланың тұлға ретінде еркін қалыптасуына барынша жағдай жасалған білім беру ортасында. Бұл мектепте әрбір оқушы өзін маңызды сезініп, әлеуетін толық аша алуы тиіс.
– Ұстаздық жолыңызды дәл осы Рудный қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастап, талай белестер мен кәсіби сатылардан өттіңіз. Сол кезеңдерде жинақтаған тәжірибеңіз қазір сізге қаншалықты ықпал етуде?
– Иә, 1997 жылы ұстаздықтан бастау алған еңбек жолым маған, ең алдымен, баланың жан дүниесін терең түсінуді, ата-анамен тығыз байланыс орнатуды және ұжыммен бірлесіп жұмыс істеуді үйретті. Мен үшін әрбір кәсіби саты – үлкен тәжірибе мектебі болды. Бүгінде мектепті басқару ісінде сол жылдары жинаған мол қорым ұлтқа, ұрпаққа қызмет ету жолындағы басты тірегіме айналды. Себебі басшы – ең алдымен ұстаз. Ал ұстаздық жүрек кез келген басқарушылық шешімде әрдайым жетекші рөл атқарады
– Ұлттық құндылықтарға үнемі айрықша мән бересіз. Жаңа мектептің тәрбие жүйесінде бұл бағыт қалай көрініс табуда? Жас ұрпақтың бойына қандай құндылықтарды сіңіруді маңызды деп санайсыз?
– Ұлттық құндылық – ұлттың алтын тамыры. Жаңа мектептің тәрбиелік жүйесінде бұл бағыт кешенді түрде жүзеге асырылуда: ана тіліне деген құрмет, салт-дәстүрді дәріптеу, үлкенге – ізет, кішіге – қамқорлық таныту және отансүйгіштік сезімін қалыптастыру – басты бағдарымыз. Мен үшін ең маңыздысы – рухы биік, жауапкершілігі мол және елінің ертеңіне бейжай қарамайтын парасатты тұлға тәрбиелеу. Технология қарыштап дамыған заманда да ұлттық болмысымыз бен бірегейлігімізді сақтап қалуымыз қажет.
– Сіз басқарған білім ұйымдарының қай-қайсысында да ұжымда өзара сыйластықтың жоғары екені байқалады. Мұның сыры неде?
– Ұжымдық рух – кез келген табыстың алтын діңгегі. №8 мектептің педагогикалық ұжымын қалыптастыру барысында мұғалімнің кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік қасиеттеріне мән бердім. Ашықтық, өзара сенім, әріптестік қолдау және ортақ мақсатқа ұмтылу – біздің ұжымдық қағидаларымыз. Әрбір мұғалім өзін осы үлкен отбасының маңызды мүшесі ретінде сезінуі тиіс. Өйткені бірлік бар жерде ғана нәтиже болады.
– «Бүгінгі мектеп директоры – тек әкімшілік басқарушы емес, ол ең алдымен көшбасшы тұлға болуы тиіс» деген пікір бар. Сіздіңше, заманауи мектеп басшысының бойынан қандай қасиеттер табылуы қажет?
– Өте орынды пікір. Заманауи мектеп директоры тек әкімшілік қызметкер емес, ол – стратег, мотиватор, білікті менеджер және жаңашыл көшбасшы. Бүгінгі басшы өзгерістерден қорықпайтын, цифрлық технологияларды еркін меңгерген, коммуникациялық дағдысы жоғары және қоғаммен тығыз байланыс орната алатын тұлға болуы шарт. Сонымен қоса кез келген шешімді қабылдар алдында жүрегінде – мейірімді, бойында – әділдікті, ал ойында болашаққа деген нық бағдарды ұштастыра білуі – кәсібиліктің белгісі.
– Алдағы жылдары №8 мектепті қандай білім ордасы ретінде елестетесіз? Ұстаздар мен шәкірттеріңізге артатын басты үмітіңіз қандай?
– Келешекте №8 мектепті сапалы білім мен саналы тәрбиені тең ұштастырған, өңірдегі үздік білім орталықтарының бірі ретінде көргім келеді. Біздің мектептен түлеп ұшқан әрбір бала – өз жолын айқындай алатын, білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін тұлға болуы тиіс. Ұстаздарға артатын үмітім – үздіксіз ізденіс пен кәсіби даму, ал оқушыларымыздан білімге құштарлық, сындарлы ойлау, адалдық пен еңбекқорлықты күтемін.
– Сұхбатыңызға рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!
Жамал ШАУКЕН,
Суретті түсірген автор
Я непоколебимо верю, что наука и мир восторжествуют над невежеством и войной, что народы сойдутся друг с другом не для разрушения, а для созидания, и что будущее принадлежит тем, кто сделает более для страждущего человечества.
Величайшие открытия рождаются из простых наблюдений, если смотреть на мир с пытливостью ребёнка.
Наука должна служить людям, а не оставаться в стенах академий. Наука не имеет родины, потому что знание принадлежит всему человечеству.
На той ступени развития, которой мы достигли и которая обозначается именем «новейшей цивилизации», развитие наук, быть может, ещё более необходимо для нравственного благосостояния народа, чем для его материального процветания.
Учитель – это светоч нации. Ежедневным кропотливым трудом каждый из вас вносит неоценимый вклад в развитие страны. Вы сеете семена знаний в молодые сердца и растите мыслящую нацию. Ибрай Алтынсарин говорил: «Превыше всего я ценю хорошего учителя». Педагог – ключевая фигура в построении будущего страны, поэтому ему должно быть отведено достойное место в обществе.