Өңірімізде тағы бір қуанышты оқиға. Облыс орталығы Қостанай қаласында мемлекеттік тілде білім беретін қос бірдей жайлы мектеп салтанатты түрде ашылды. Бірі – «Береке» шағын ауданында, екіншісі – «Аэропорт» мөлтек ауданында орналасқан.
«Береке» шағын ауданындағы №31 жалпы білім беретін мектеп

«Аэропорт» шағын ауданындағы №32 жалпы білім беретін мектеп
Ұлттық жоба аясында республикалық бюджеттен құрылысына 14 млрд теңге бағытталған Қостанай қаласы білім бөлімінің №31 және №32 жалпы білім беретін мектептерінің ашылуы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың, қала әкімі Марат Жүндібаевтың, облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева және бір топ зиялы қауым өкілдерінің, ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен өтті.
– Бұл – облыс орталығында ашылып отырған алғашқы мектептер, олар балаларға қадамдық қолжетімділікте мемлекеттік тілде сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. Жаңа мектептер еліміздің Конституциясының 30 жылдығы, сондай-ақ қазақтың тұңғыш ғалымы, тарихшы, этнограф және ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуын мерекелеу жылы өз тарихын жаза бастайды. Осындай маңызды оқиғалар оқушылар мен педагогтердің шынайы патриотизмінің кепілі болатынына сенімдімін, – деп атап өтті мектептердің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
«Береке» ықшам ауданындағы 1200 орындық №31 және «Аэропорт» шағын ауданындағы 900 орындық №32 жалпы білім беретін мектептер әлемдік трендтерге сай толықтай жабдықталған. Жоба атауының өзі де айшықтап тұрғандай, мектептерде сапалы білім беріп қана қоймай, оқушылардың қабілеттерін ашу үшін жайлы және қауіпсіз жағдайлар толықтай жасалған. Оқу кабинеттері компьютерлік жабдықтармен, интерактивті тақталармен, шет тілдер кабинеттері – лингафондармен жарақталған. Оқушылардың зерттеу мәдениетін дамыту үшін химия, биология, физика, информатика кабинеттері, робототехника, сондай-ақ STEAM-зертхана да пайдалануға дайын.
Жайлы мектептердің бірнеше спорт залдары мен хореография залдары, қажетті құралдармен жабдықталған асханалары бар. Әрбір мектептегі акт залы балалар таланттарын дамыта алатын өнер студиясына айналуы мүмкін. Еңбекке баулу шеберханаларында станоктар, тігін жабдықтары қойылған. «Аэропорт» мөлтек ауданындағы №32 ЖББ мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Дилдаш Абдимоминова бізбен әңгімесінде жаңа білім ордасының артықшылықтарына тоқталды.
Ұстаз Дилдаш Каппаровна мен 9-сынып оқушысы Инабат Нағашыбай
– Бұған дейін осы ықшам аудандағы Ә.Бөкейхан атындағы ЖББМ қызмет еттім. Енді мына жаңа Жайлы мектебімізде бәрі көңілімізден шығып жатыр. Мұнда балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған барлық жағдай жасалған. Шеберханаларда заманауи станоктар мен тігін жабдықтары орнатылған. Осы құрал-жабдықтар арқылы оқушылар тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыларды да еркін меңгереді. Әрбір бала өз қолымен жасаған заттың нәтижесін көріп, еңбекке деген қызығушылығын арттыра алады, – дейді Дилдаш Каппаровна.
Білім ордалары ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифт, пандустар жұмыс істейді, арнайы санитарлық бөлмелер жабдықталған. Мектептерде мемлекеттік тілдегі көркем кітаптардың үлкен қоры бар оқу залымен қамтамасыз етілген кітапханалар, оқушылар мен педагогтерге ыңғайлы коворкинг аймақтары, сонымен қатар жоғары жылдамдықты интернет бар – осының барлығы жастарға сапалы білім алып, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жайлы жағдай жасайды.
– Ықшам ауданымызда мемлекеттік тілде білім беретін жаңа қазақ мектебінің ашылғанына қуаныштымын. Алаңсыз білім алуымызға қажеттінің барлығы бар екен. Сабағымыз басталып та кетті, бірақ барлық кабинеттермен толықтай танысып үлгере қоймадым. Бірте-бірте танысып, тәжірибемізде қолданамыз деп ойлаймын. Мектебіміз тек жақсы жаңалықтар мен жетістіктердің жаршысы болсын деп тілеймін, – дейді 9 «А» сынып оқушысы Инабат Нағашыбай.
Салтанатты іс-шара барысында «Береке» шағын ауданындағы білім ордасының символдық кілтін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров мектеп директоры Орынкүл Баяхметоваға, ал «Аэропорт» ықшам ауданындағы мектептің символдық кілтін «Асти» құрылыс компаниясының директоры Антон Квон мектеп директоры Жұмабике Мирамоваға табыстады.
№31 ЖББМ символдық кілті мектеп директоры Орынкүл Баяхметоваға табысталды

№32 ЖББМ символдық кілті мектеп директоры Жұмабике Мирамоваға табысталды
Облыстық білім басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, жаңа мектептерде 167 жаңа жұмыс орны құрылған, оның 100-ге жуығы – мұғалімдер. Өңірде қараша айында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Заречный ауылында және Арқалық қаласында – екі білім ордасы бой көтерді. Биыл барлығы 4500 орындық жеті мектептің ашылуы жоспарланған.
Жамал ШАУКЕН
Би өнерінің бәйгесінде оза шапқандар
Заңды білеміз, тәртіпті сақтаймыз, әділдікті жақтаймыз!
Как меняются трёхлетки и что с этим делать
Путь, заданный великим учителем
Роль профсоюза в сохранении культурно-исторического наследия
Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.
Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.