Балаларды қосымша біліммен қамту мәселесі қашан да өзектілігін жоғалтқан емес. Мектептен босаған уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жастар арнайы үйірмелер мен секцияларға жазылады.
Өткен аптада ұйымдастырылған қалалық тамыз кеңесінде балаларды қосымша біліммен қамту мәселесі жайлы қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Уразбаева баяндаған еді. Айтуынша, қосымша білім беру жүйесіне Қостанай қаласы бойынша 10 мыңнан астам баланы қамтитын 7 ұйым кіреді. Оның ішінде аула клубтары – 5466, қалалық техникалық шығармашылық мектебі – 500, қалалық балалар шығармашылығы мектебі – 1987, «Дарын» білім беру орталығы – 460; музыка мектебі – 636, көркемсурет мектебі – 620, ал «Карнавал» би ансамблі – 482 баланы қамтып отыр.
Айта кету керек, көп ұзамай қосымша білім беру ұйымдарының желісі смарт-орталықты ашу есебінен кеңейтілмек, сонда тағы мыңнан астам бала түрлі үйірмелер мен секцияларда тегін айналысу мүмкіндігіне ие болмақ. Гүлсім Әділханқызы, конференция барысында, ата-аналарға музыка, кескіндеме және бимен айналысқысы келетін балалардың тізімдері білім ордасында қалыптасатынын және тұрақты негізде жаңартылып тұратынын еске салды.
– Мектеп қабырғасында да балаларды қосымша біліммен қамту мүмкіндіктері бар. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында білім ордаларында 179 спорт секциясы мен 460 қызығушылық үйірмесінің жұмысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жарыстар «Айсұлтан» волейбол лигасымен, «Шанс» баскетбол лигасымен және «Қостанай «Велоқауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен меморандумдар аясында өтті. Барлық қабылданған шаралар балаларды сабақтан тыс жұмыспен, оның ішінде жазғы кезеңде де 100% қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті қалалық білім бөлімінің басшысы.
Қалалық техникалық шығармашылық мектебінің көрмесі
№115 мектептің қолөнер көрмесі
Ендігі кезекте қаламыздың білім мен тәрбие ошақтарындағы балалардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударғымыз келеді. Айтқандай, әр білім ордасында тұрақты түрде бірқатар шығармашылық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Соның бір көрінісі қалалық тамыз кеңесінде ұйымдастырылған көрме барысында жұртшылық назарына ұсынылды. Көзіміз көріп, әңгімелесіп үлгерген №19 ЖББ мектептің қолөнер бұйымдары көрмесі, Физика-математикалық лицей ұсынған роботехника және тың жобалар мен жетістіктер көрмесі және №115 ЖББ мектептің қолөнер көрмесі. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтелік.
Қостанай қаласындағы №19 ЖББ мектебінің ұстаздары мен шәкірттері «HANDMADE» қолөнер көрмесін ұсынды
Тамыз кеңесіндегі көрмеде өзінің қолөнер бұйымдарын ұсынғандардың бірі – №19 жалпы білім беретін мектеп. «HANDMADE» деген атауға ие көрмеге зер салсақ, шеберлікпен жасалған әртүрлі туындыларды көреміз. Әрине, қолөнер шеберлері бұл жұмыстарға сын көзбен қарар, дегенмен түрлі-түсті жіптерден тоқылған сүйкімді ойыншықтар мен қолда бар дүниелерден жасалған шамдар, одан қалды көненің көзіндей болған ұлттық қолөнеріміздің ерекше үлгісі киізден әзірленген әшекей-бұйымдар мен әсем картиналарға қарап, таңданып біраз тұрдым. Мектеп директорының шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасары Даметкен Капенованың айтуынша, бұның барлығы арнайы үйірмелер аясында оқушылардың қолынан шыққан туындылар.
– Мектеп бағдарламасы бойынша тоқыма, киіз басу өнерінің үйірмесі, жалпы бірқатар бағыттағы қолөнер үйірмелері жұмыс істейді. Сондықтан да жастар арасында бұл іске деген қызығушылық жоғары деуге болады. Мінекей, осы көрмедегідей ойыншықтарды тоқып қана қоймай, бүгінде қыздарымыз табыс көзіне де айналдырып отыр. Мектепте де арнайы жәрмеңке ұйымдастырып, шәкірттерімізге қолдан жасаған бұйымдарын сатудың мүмкіндігін жасаймыз. Жалпы балаларды жастайынан қолөнерге баулу қажет деп есептеймін. Неге десеңіз, болашақта бұл дүниелердің барлығы өзгеріне пайда, азық болады емес пе, – дейді Даметкен Кужаковна.
Аталмыш мектептің 7-сынып оқушысы Ульяна Цокало киіз басу мен тоқыма тоқу өнеріне әуес. Тоқымамен 6 жастан айналысып жүргенін айтады. Түрлі ойыншықтар ғана емес, қазіргі уақытта киім де тоқып, бір жылдан бері сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып отыр. «Кез келген іске жаныңды салу керек деп ойлаймын. Сонда қолың да жүреді, ісің де алға басады», – дейді ол. Машықтанып алғандықтан, қазіргі уақытта екі ойыншықты бір күнде тоқуға қауқары әбден жетеді.
Ал 6-сынып оқушысы 12 жасар Сафия Жумабекова киіз басу өнеріне әуес. Былтыр мектепте киіз басу өнеріне баулитын үйірме ашылған бетте жазылған. Киізден әшекейлер, ойыншықтар, картиналар дайындаудың қыр-сырын үйреніп келеді. Айта кету керек, биыл №19 мектепке 6 қыш станогы мен 1 муфель пеші сатып алынған. Үстіміздегі жаңа оқу жылынан қыш шеберханасы да іске қосылуы тиіс. Балалар көркем еңбек мұғалімі Даурен Нарумовтың жетекшілігінде болады.
Келесі болып №115 ЖББ мектептің көрмесіне, оның ішінде бірден «Алтын адамға» көзіміз түсті. Бұл – мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Еркөкше Кенкеновтың жұмысы. Қолөнер шеберінің айтуынша, мүсінді жасау идеясы Есік қаласынан алғашқы «Алтын адамды» тауып алған тұста келген. Мүсін толықтай ағаштан жонып жасалған. Тұғырымен есептегенде 180 см болатын «Алтын адамды» жасауға Еркөкше Еркебланұлының 20 жылға жуық уақыты кеткен. Қазір енді бұл туынды көрер көзді бей-жай қалдырмасы анық. Қалалық тамыз кеңесіндегі көрме барысында да жанынан өткен адамның бәрі сұрап, қызығушылық танытып, үлкен таңданыспен қарап жатты.
Ата-балаларымыздан келе жатқан өнерді насихаттап жүрген ұстаз еңбек ететін №199 мектепте жастарды ұлттық өнерге баулу алғашқы орындарға қойылған. Соның бірден-бір көрінісі – білім ордасының қабырғасында қолөнер шеберінің жетекшілігімен жұмыс істеп келе жатқан «Эко шеберхана» үйірмесі. Үйірмеге жастардың қызығушылығы жоғары. Отыздан астам оқушы тұрақты түрде үйірмеге қатысып, қолөнер шеберінің тәжірибесін бойларына сіңіріп келеді.
– Мектепте оқытатын көркем еңбек пәнінде оқушылардың қолөнерге қабілеті, икемі бар болған жағдайда «Эко шеберхана» үйірмесіне шақырамын. Қызығушылықтарына қарай балалар жұмыс бағытын таңдайды. Үйірмеде әртүрлі материалдарды қолданамыз. Ол ағаш, металл, пенопласт, фанера, тері, тіпті сүйек болуы да мүмкін. Сөйтіп, үйірме аясында ежелден келе жатқан қазақтың ұлттық өнерін қайта жаңғыртып, оны ұмыт қалдырмау жолында еңбектенеміз. Ұлттық аспап – домбыра, шертер, қыл қобызды, зергерлік бұйымдардан сақина, білезік және басқа да қолөнер бұйымдарын жасауға шәкірттерімді баулып келемін, – дейді Еркөкше Кенкенов.
Айта кету керек, үстіміздегі жылы Наурыз мерекесіне орай Ы.Алтынсаринның мемориалдық музейінде қолөнер шеберінің жеке көрмесі ұйымдастырылып, ұстаздың өз жұмыстарымен қатар шәкірттерінің жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылған. Шебердің айтуынша, жастар үйірме барысында қолөнер шеберлігін үйрену арқылы халқымыздың ежелгі дәстүрлері мен тұрмыс-салтын танып, трихымызға әжептеуір жақындай түседі. Нәтижесінде нағыз елжанды азаматтар тәрбиеленіп шығарына ешкім шүбә келтіре қоймас.
Осылайша көрмеде тарих та ұлықталды, жастардың қолөнер шеберлігі де көрініс тапты. Сонымен қатар заманауи робототехника көрмесі мен жастардың еш жерде аналогы жоқ тың жобалары да ұсынылды. Мәселен, бұл күндері 500-ден астам шәкірт тәрбиелеп отырған қалалық теникалық шығармашылық мектебі – жұмыс нәтижесімен мақтана алатын ұжым. Тәлім алушы өрендері небір республикалық, халықаралық додаларда топ жарып, қанжығалары бірнеше мәрте майланып қайтқан. Сабақтан соң технологияның қызығына ынтыққан балдырғандардың барлығы осы тұстан табылады. Олардың жетістіктері де мақалаға арқау болып отырған көрме барысында көпшілік назарына ұсынылды. Оны суреттегі кубоктардан аңғаруға болады.
Ал жастардың бірегей жобаларын көрмеде қаламыздағы физика-математикалық лицей ұсынды. Ол жайлы толығырақ лицейдің физика, информатика пәнінің мұғалімі, бірқатар табысты ғылыми жобалардың жетекшісі Александр Немцов баяндап берді.
– Осы бағытта 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Неге десеңіз, сол жылы мектебіміздің оқушыларды ерте профильдеу бойынша «Болашақ инженерлері» деген атаудағы қалалық экспериментке қатысқан болатын. Біз жұмыс істей бастаған бірінші бағыт – инженерлік дизайн еді. Артынша робототехника қосылды. Ал осы екі бағыттың түйіскен жерінде үшінші бағыт – оқушылардың ғылыми шығармашылық жобалары бастау алды. Біздің жұмысымызды бағалап, екі жыл бұрын Stem-кабинет ашылды. Бұл жерде инжеренлік дизайннан бөлек, робототехника бағыты да қарқынды дамып келеді, – дейді Александр Александрович.
Физика-математика лицейінің көрмесі
Лицейдің ғылыми жобалар жұмысы 2017 бастау алып, содан бергі жобалардың барлығы әлеуметтік бағытта және белгілі бір оқиғаларға байланысты шығарылып тұрған. Мәселен, 2020 жылдың басында қаламызда болған мұзды жаңбырдың салдарынан жарықтың өшіп қалуының себебін анықтап, жастар соған байланысты жоба қорқап, бірқатар шығармашылық және ғылыми сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болыпты. Ал келесі жоба сол жылы болған пандемия кезінде жүзеге асқан. Александр Александровичтің шәкірттері ультрадыбыстық бүрку әдісін қолдана отырып, шағын бөлмелер мен қоғамдық көліктерге арналған дезинфекциялық құрал жасап шығарыпты. Ал ең жаңа жобалардың бірі – өрістерді өңдеудің автоматтандырылған жүйесі. Бұл жоба, тіпті Samsung ұйымдастырған халықаралық байқауға қатысып, жастар 2,5 млн теңгенің сертификатына ие болған.
– Мұның бәрі – балалардың өз идеялары, олардың қоршаған ортаға деген қызығушылығы және өз пайдасын тигізуге деген ұмтылысы, – дейді Александр Немцов.
Иә, әр бала жан қалауы бойынша бос уақытын тиімді пайдалана алады. Біреу қолөнермен айналысса, екіншілері ғылыми бағытта шыңдалуда, ал үшіншілері спортты жанына серік еткен. Болашағын да осы саламен байланыстыруы бек мүмкін. Себебі бүгінгі ісіміз – болашағымызға жасалған қадам болса керек.
Жамал ШАУКЕН,
суреттерді ұсынған
қалалық білім бөлімі
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.