Заманауи мұғалімге қойылар талаптар аз емес. Сол өреден табылып, үздік қасиеттерді бойына жиған үздік информатика пәнінің мұғалімін анықтау мақсатында биыл алғаш рет «IT мұғалім-2023» облыстық байқауы өткізілді.
Байқауды Қостанай облысы білім басқармасының Ақпараттандыру және білім сапасын бағалаудың әдістемелік орталығы мұрындық болып, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетімен бірлесе ұйымдастырған. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының қабырғасында өткен байқауда өңіріміздің Қостанай, Рудный, Лисаковск қалаларынан бөлек Қарабалық, Б.Майлин, Қарасу, Қостанай, Федоров, Жангелді, Амангелді, Жітіқара, Алтынсарин, Қамысты аудандарынан жалпы 30-ға жуық мұғалім бақ сынады. Олар бағдарламалау тілдерін жетік меңгерген, базалық курспен қатар күрделі деңгейдегі есептердің шешімін таба алатын жан-жақты кәсіби дамыған әрі практикалық икемділігі мен дағдысы қалыптасқан үздік маман екендерін дәлелдеуге тырысып бақты. Олардың жұмысын білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады.
– Байқау екі кезеңде өтті: теориялық және практикалық. Алғашқы кезеңде үш тапсырма берілсе, практикалық кезеңде мұғалімдер роботты жинап, оны бағдарламалап, көрсетулері керек болды. Айта кету керек, алғашқы теориялық кезеңде қатысушылар олимпиада тапсырмаларының шешімін таба білді. Оларды Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институттың оқытушылары арнайы әзірлеген, – дейді Қостанай облысы білім басқармасының Ақпараттандыру және білім сапасын бағалаудың әдістемелік орталығының директоры әрі әділ қазылар алқасының төрағасы Ольга Козлюк. – Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облысымыздың түкпір-түкпірінен педагогтердің бас қосқаны қуантты. Әрине, қатысушылардың дайындық деңгейлері әртүрлі. Дегенмен, бұл тәжірибе олардың әрқайсысына пайдалы болды деген ойдамын.
Иә, бұл жолы оқушылардың орнында педагогтер болды. Олар да бар білімі мен біліктілігін салып, IT саласына қатысты физика, информатика, математика пәндерінен тапсырмалардың шешімін тапты, сондай-ақ өзара жарыса робот құрастырып, оны бағдарламалап, межелі сызық бойымен сәтті жүріп өткенде балаша қуанып, бірін-бірі қолпаштап, достық атмосферада өзара тәжірибе алмасты.
Робототехника саласы елімізде енді ғана дамып келе жатқан шақта қажетті құрал-жабдықтар ғана емес, қарапайым ақпараттарды табудың өзі қиынға соққаны рас. Осы мәселеге тап болғандардың бірі Мичурин ЖББ мектебінің педагогі Сергей Пензештадлер.
– Бұл 2017 жыл болатын. Робототехникамен алғаш айналыса бастаған кез. Ақпараттар жоқтың қасы. Сол кезде өзім сияқты осы салаға қызығушылық танытқан жандарға көмек болсын деген ниетте жинатаған ақпараттарым мен бейнесабақтар түсіріп, арнайы сайт ашып, оны толықтыра бастадым. Қалаған адам сайттан теориялық біліммен қатар тәжірибелік тапсырмаларды, жарыс алаңдарын таба алады. Бұл істі қолға алуыма үздік сайтты анықтауға бағытталған облыстық байқау сеп болған еді. Сонда біздің «Образовательная робототехника» сайты үздік танылды. Бүгінде шәкірттеріммен сайтты апта сайын жаңа ақпараттармен толықтырып тұрамыз, – дейді Сергей Александрович. – Осыған ұқсас байқау бірнеше жыл бұрын өткізіліп, кейін тоқтап қалды. Енді, міне, ұстаздар сынға түсіп, өзін көрсетуіне жол ашатын «IT мұғалім-2023» байқауының ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз.
Бүгінде облысымыздағы мектептердің көпшілігі робототехника құралдарымен жабдықталған, алайда әлі толық қамтамасыз етілмегендері баршылық. Бұл, әрине, уақыт пен қаражат мәселесі. Дегенмен қатысушылардың көпшілігінің ойы бір тұста түйісті: осындай форматтағы мол тәжірибе сыйлайтын байқаулардың игілігі мол.
– «IT мұғалім-2023» байқауы биыл бірінші рет өткізілуде. Бұл – өңіріміздің ұстаздары үшін пайдалы тәжірибе болды деп ойлаймын. Ұстаздарымыз да өзін шәкірттерінің орнында сезініп, білімі мен біліктілігін сынға салып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Ал портфолиосын толықтыруы үшін байқау қатысушыларының әрқайсысына арнайы сертификаттар табыс етілді. Болашақта байқаудың ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Қостанай облысы білім басқармасының Ақпараттандыру және білім сапасын бағалаудың әдістемелік орталығы директорының орынбасары Жанат Уақбаев.
Салтанатты марапаттау рәсімінің басында қатысушылар мен байқаудың ұйымдастырылуына атсалысқан жандарға алғысын білдірген Жанат Жанайдарович қатысушылардың арасында инженерлік модельдеу бойынша облыстық байқауда 2-орынға ие болған Қостанай ауданындағы Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназияның ұстазы Абишев Алмас Эрлановичті құттықтап, белсенді ұстазға лайықты марапатын табыс етті. Ең алдымен, барлық қатысушы педагогтерге қатысқаны жөнінде сертификаттар табысталды. Артынша маңызды сәт келіп жетіп, Қостанай облысы білім басқармасының Ақпараттандыру және білім сапасын бағалаудың әдістемелік орталығының директоры Ольга Александровна байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Тартысты әрі тың тәжірибе сыйлаған байқау нәтижесінде қатарластарынан оқ бойы озық шыққан төрт үздік жүлделі орындарға ие болды. Әділ қазылар алқасының шешімімен 3-орынды Қарабалық ауданындағы Абай Құнанбаев атындағы мектептің педагогі Алескеров Андрей Сергеевич және Қостанай ауданындағы Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназияның педагогі Абишев Алмас Эрланович теңдей бөлісті. Екінші орынға Қостанай ауданындағы Мичурин ЖББ мектебінің педагогі Пензештадлер Сергей Александрович лайық деп танылса, бірінші орынмен Қостанай қаласындағы №7 ЖББ мектептің педагогі Пащенко Александр Абасович қанжығасын майлады.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.