Шығармашылық пен өнердің қанатында

Выпуск - №14(611)   :   17.04.2024
2478

2

Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері атанған кәсіби ұстаздар жетерлік. Еңбек жолын ұстаздық сара жолдан бастап, ұрпақ тәрбиелеу ісінде өлшеусіз үлес қосып жүрген жас ұстаздардың бірі – Арысбек Бағдәулетұлы.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген атқа лайық жанның басқа да қырлары жетерлік. «Жас келсе – іске» демекші, талантты дарын иесі, Жайдарман ойындарына жас жеткіншектерді дайындаушы аға тәлімгер, ақын, сазгер, мобилограф, кішігірім қысқа метражды фильмдерді әуесқой түсіруші ретінде де танылып жүр. 2019 жылдың жаңа оқу жылынан бастап Қостанай ауданына қарасты Жданов жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Кейіпкерім жайлы айта берсе, бүтіндей бір тақырыпқа арқау болар дүние жетерлік. Соның ішінде жасөспірімдерді үлкен сахнаға дайындау жолы қызық. Шәкірттері бірталай үлкен додалардың жеңіпаздары. Осы тақырып төңірегінде әріптесімді әңгімеге тарттым.

1

– Арысбек, мектебіміздің ұжымы сені шығармашыл, білікті жас маман ретінде ғана емес, басқа да қырларыңнан жақсы таниды. Оқушыларыңды шығармашылыққа баулып қана қоймай, оларды үлкен сахна төріне шығарып, сахнаның киесін, қадірін сезіндіріп жүрсің, сол үшін саған Жданов ЖББМ ұжымы атынан алғыс айтамыз! Естуімше, «Шаңырақ» жайдарман құрамасынан басқа, алғашқы «Жеті қарақшы» құрамасы да болған екен. Осы комадалардың құрылу тарихына тоқтала өтсең?

– Иә, алғашқы «Жеті қарақшы» тобын 2020-2021 жылдары құрдым. Құрамында Аружан Мұхтар, Диляра Абишева, Жанерке Молдасалыкова, Сая Талғатқызы, Дамир Жандильдин, Темірлан Еркеш, Ақмаржан Русланқызы сынды оқушылар болды. Қазір кейбіреулері студент. «Жеті қарақшы» құрамасымен аудан көлемінде бірінші, екінші орындарды иеленіп, алғаш рет сахнаға шыққанбыз. 2022 жылы оқушыларыммен «Шаңырақ» құрамасын құрдым. Ол екі топтан құралды. Алғашқы топтың құрамында – Саида Даут, Аяжан Талғатқызы, Назерке Темірбек, Ақпейіл Мұхтар, Ернар Өмірбек, Елдар Өмірбек, Дариға Бағдәулет, Дария Бағдәулет, Нұрсая Мамрайм сынды оқушылар болса, екінші топтың құрамында – Саида Даут, Аяжан Талғатқызы, Назерке Темірбек, Ақпейіл Мұхтар, Санжар Жандильдин, Ислам Бахытжан, Нұрдәулет Абдрахман, Сая Талғатқызы, Дариға Бағдәулет, Дария Бағдәулет, Нұрсая Мамрайм бар.
2022 жылдан бастап «Шаңырақ» құрамасымен аудандық облыстық «Doda», «Jaidarman Junior» сынды ойындарға қатысып, облыстан 1, 2-орындар иеленіп жүрдік. Ал, былтыр көктемде облыстық «Jaidarman Junior» ойынынан Бас жүлдені қанжығаладық. Биыл да қаңтарың 29-ы мен ақпанның 1-і аралығында болған Республикалық «Jaidarman Junior» ойынына қатысып, өнер көрсетіп қайттық. Астанада болған маусымашардан Алматыда болатын жартылай финалға өттік. Енді Алматыда өтетін тартысты бәйгеге дайындалу үстіндеміз. Жақында, Астанадан келген соң, ақпан айында Қостанай қалалық Жайдарман лигасының «Nonstop» редакторлық ойындарына қатысып, осы жолы да «Шаңырақ» командасы 15 команданың ішінен 3 мектеп құрамасы 12 студенттен құралған командадан Бас жүлдені иеленіп, чемпион атанды.
Оқушыларымды бөліп-жармаймын, барлығы да мақтауға лайық, талантты, дарынды оқушылар. Әрқайсысының өз ерекшелігі мен ұстанымдары бар. Жалпы, осы жерде айта кететін бір жайт бар, негізі Жданов ЖББ мектебінің ұстаздары да, оқушылары да мақтауға лайық, небір талантты, дарынды, шығармашыл ұстаздар мен оқушылар – әрине, біздің ұжымда.

– Расында, өзің мұрындық болып, елдің, оқушылардың, ұжымның біршама қошеметіне бөленген командаларды құрдың. Осы бір жобаны, команданы құрудағы мақсатың қандай?

– Өте орынды сұрақ. Ең басты мақсатым – оқушыларды жайдарман ойындарына баулу арқылы оларды өзара достыққа қарым-қатынасқа тәрбиелеу, көңіл-күйлерін көтеру ғана емес, КТК ойындарына да тәрбиелеу еді. Шара барысында еркін тақырыптағы қаратпа қалжың, астарлы әзіл айта алатын оқушыларды таңдап, республикалық сайыстарға араластыру. Жалпы мен үшін ұстаздық жолда қызмет қылу – үлкен мәртебе. Әсіресе, бала жанын түсініп, оқушыларды шығармашылыққа баулып, олардың өнерін шыңдау арқылы өз жұмысымнан рахат аламын. Өйткені, «Жерде бір бала қуанса, көкте жеті періште қуанады» деген сөздің маңызын жақсы түсінемін.
«Ұстаздан шәкірт озар» деген керемет сөз бар емес пе. Шәкірттерім болашақта меннен озып, үлкен сахналарды бағындырып жатса, әрине, мен тек шын жүректен қуанып, бар ізгі тілегімді арнаймын. Олардың өмірлік жолдарында жақсы бір бағыт-бағдар бере алсам, еңбегімнің еш кетпегіні деп білемін.

– Интеллектуалды әзілдерден гөрі, ойынға, қимылға, әдемі әнге басымдық берген командалар алға шығады. Жайдарманда да небір маңызды дүниелер айтылып жүр. Оны көрермен байқамай жатса, айып өздерінен. YouTube платформасында «Жайдарманның» белсенді көрермені бар, демек, сұраныс та бар. «Өздері айтып өздері күледі» деген сынның жаны бар шығар, қалай ойлайсың?

– Шындық қашан да ащы ғой. Олардың әзілін өз қатарластары жақсы түсініп, қабылдайды. Жастық жалынды тұқыртып тастамай, оларға дұрыс бағыт беріп отыруымыз керек. Тағы бір айта кететін жайт, Жайдарманды – өнер деп емес, өмір деп қараған абзал. Себебі, ауыл жастары үшін Жайдарман – әлеуметтік лифт және олар өздері өмір сүріп отырған ортаның шындығын айтып, сахнада өздерін шыңдап, тәжірибе жинақтап, жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік алып отыр. Жайдарманның артықшылығы да осында.

– Арысбек, бүгінгі әңгімемізден бойымды мақтаныш сезімі кернеп отыр. Ұжымымызда өзіңдей шығармашыл, еңбексүйгіш әрі ізденімпаз жастардың барына қуанамын және де мектебіміздің керемет дарынды оқушыларын мақтан етеміз. Шығармашылық жолда саған және шәкірттеріңе толағай табыс тілейміз.

Айман ҒАБДУАХИТОВА,
Жданов ЖББ мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,
Қостанай ауданы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.