Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, баланың еркін сөйлеуіне жағдай жасау – аса маңызды міндет. Сыныпта айтары бар, бірақ ойын жеткізе алмай, үнсіз қалатын балалар аз емес. Осындай сәттерде мені: «Баланы еркін сөйлеп, ойын батыл жеткізуге қалай үйретемін?» деген сұрақ жиі мазалайтын.
Мәселенің шешімін іздей жүріп, 2021 жылы «Балақай» қуыршақ театрын аштым. Сондай-ақ «Үлкен жүрек» штабының еріктілер қатарына қосылып, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстарды қолға алдым. Бүгінде театр балалардың тілін дамытып қана қоймай, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіретін ерекше ортаға айналды. Биылғы оқу жылында театр жұмысының негізгі бағыты ретінде «Абай мұрасы мен қуыршақ театры – тіл дамытудың тиімді құралы» атты педагогикалық идеяны жүзеге асыруды жоспарладым. Оның мақсаты – қуыршақ театры арқылы Абай мұрасын бала жүрегіне жеткізіп, ойы мен тілін үйлесімді дамыту.
«Неліктен Абай және қуыршақ театры?» деген орынды сұрақ туындайды. Абай шығармалары – қазақ тілінің көркем әрі таза үлгісі. Ал қуыршақ театры – баланың еркін сөйлеп, өзін көрсетуіне мүмкіндік береді. Абайдың қара шаңырағын бейнелейтін «Киіз үй» орталығында оқушылар ақын шығармаларын сахналайды, арнайы дайындалған қуыршақтарды пайдаланады, комикстер жасап, суретті қуыршақтар арқылы «Білім шыңы» лабиринт ойынын ойнайды. Бұл жұмыстардың барлығы ата-аналардың қолдауымен жүзеге асуда.
«Балақай» театрының тағы бір ерекшелігі – ата-аналардың белсенді қолдауы. Театр жұмысына балалар ғана емес, олардың ата-аналары да үлкен қызығушылықпен қатысады. Балалар мен ата-аналар бірлесіп қолдан қуыршақтар жасап, қойылымдарға қажетті кейіпкерлерді дайындауға өз үлестерін қосып келеді. Әр қуыршақтың артында баланың қиялы мен ата-ананың қамқорлығы бар. Осындай шығармашылық ынтымақтастықтың арқасында театр үлкен бір отбасыға айналып, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайта түсті.
Алғашқы қойылымдар біздің мектепте ғана емес, қала мектептерінде, балабақшаларда, балалар үйлерінде және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасында да көрсетіліп, көрермендерге қуаныш сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тиімді құралына айналды. Театр жұмысының нәтижелері де көңіл қуантады. Оқушыларымыз Мадина Абдинаби, Аялым Абат, Дарина Мырзашаева екі жыл қатарынан «Зерде» республикалық 2–7-сынып оқушылары арасындағы зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының облыстық кезеңінен жүлделі ІІ орынды иеленді. Астанада өткен республикалық олимпиадада Нұрмұхамед Айтжан мен Аяулым Абат жүлделі І орынмен марапатталды. Республикалық «Дарынды оқушы» журналында үш шәкіртімнің мақаласы жарық көрді. Театр мүшесі Мадина Абдинаби «Мейрам» киностудиясының кастингіне қатысып, «Мен кіммін?» телехикаясына түсті. Әрбір қатысушының еңбегі бағаланып, сертификаттар мен мадақтамалар табысталады. Бүгінде театрымыздың өз мөрі бар.
Театр жұмысы жергілікті жұртшылықтың да назарына ілігуде. Аудандық «Авангард» газетінде «Қуыршақты сөйлеткен ұстаз» атты мақала жарияланып, жұмысымыз көпшілік тарапынан жоғары бағасын алды. Өзімнің тәжірибемді әріптестеріммен бөлісу мақсатында облыстық және аудандық семинарларда «Қуыршақ театры – тіл дамыту құралы» тақырыбында баяндамалар жасап, «Абай мұрасы мен қуыршақ театры – тіл дамытудың тиімді құралы» атты шеберлік сабақтарын өткіздім. Сондай-ақ Абай мұрасын насихаттау мақсатында «Қиялға толы әлем» тақырыбындағы аудандық сайыс ұйымдастырдым. Оған 45 оқушы қатысып, 25-і жүлделі орындарға ие болды.
Бүгінде «Балақай» қуыршақ театрының жұмысы YouTube, Instagram, TikTok және Facebook әлеуметтік желілерінде тұрақты жарияланып келеді. Бұл – жай ғана театр емес, балалардың тілін дамытатын, шығармашылығын шыңдайтын және Абай мұрасын жас ұрпақтың жүрегіне жеткізетін үлкен тәрбие мектебі. Жобаның тағы бір маңызды қыры – оның «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен үндесуі. Театр балаларды адалдыққа, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, үлкенді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге баулиды. Ал қойылымға дайындық барысында олар бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ іске жауапкершілікпен қарауды, өз пікірін мәдениетті түрде жеткізуді үйренеді. Бұл қасиеттердің барлығы – «Адал азамат» тәрбиесінің негізі.
Абайдың «Бес асыл іс» қағидалары да жұмысымыздың темірқазығына айналды. Театр арқылы өтірік, еріншектік, жалқаулық, мақтаншақтық секілді жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстап, білімге құштар, еңбекқор, мейірімді ұрпақ тәрбиелеуге ұмтыламыз. Мен үшін ең үлкен жетістік – кеше ғана үнсіз отырған баланың бүгін сахнаға шығып, қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын батыл жеткізе алуы. Міне, «Балақай» қуыршақ театрының шынайы жеңісі де – осы.
Коммуна АРТИКОВА,
М.Шожанов атындағы
№2 жалпы білім беретін мектептің бастауыш
сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші,
Жітіқара ауданы
Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.
Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.