Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда 2022-2023 оқу жылынан бастап оқушылардың өнерге, мәдениетке құштарлықтарын дамытып, уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында шығармашылық «Жас актёр» үйірмесі жұмыс атқарып келеді.
Өзімнің жетекшілігімдегі аталмыш өнер үйірмесіне оқу жылының басында бойларында әртістік қабілеті бар, театр өнеріне шынайы қызығушылық танытатын 7-9 сыныптардың оқушылары қатысуда. Оларды театр әлемінің қыр-сырымен таныстыру мақсатында қыркүйек айының басында үйірме мүшелерімен Арқалық қаласындағы жасөспірімдер театрына ат басын бұрдық.
Оқушылар 20 жылдан астам тарихы бар өнер ұжымы әртістерінің фото галлереясын, театр қойылымдарына арналған көрме, әрлеу залдарын және костюм цехын аса қызығушылықпен аралап, театр әлемімен танысып шықты. Сонымен қатар оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнайы дайындалған «Не жазып ем...» поэтикалық қойылымында басты рөлді сомдаушы Орынбасар Қойбағаровқа өздерін қызықтырып жүрген сауалдарын қойып, шағын сұхбат өткізді. Саяхат соңында оқушылар театр ұжымына алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта театрлық қойылымдарды тамашалауға келетіндерін жеткізді.
Артынша «Жас актёр» үйірмесінің мүшелерімен бірге Арқалық қазақ жасөспірімдер театрына жоғарыда аты аталған «Не жазып ем...» поэтикалық қойылымын тамашалауға бардық. Қойылымда достарының алды бола білген Ахметтің өткір, алмас қылыштай адамның ойын осып өтетін сөздері, қазақ елінің келешегін тәуелсіздікке жетелеген рухани жетекшілік қасиеті, қaжыpлы eңбeгiмeн хaлқына білімнің шуағын шaшуғa тaлпынғaн aғapтушылығы қалтқысыз бейнеленді. Рухани азық сыйлар қойылым көпшіліктің көңілінен шықты. Сол заманның ащы шындығын көрсете білген театр әртістерінің өнері көпті сүйсіндірді. Әртістердің бойынан өз кейіпкерін сомдаудағы шеберліктеріне сүйсініп, сахнадан үлкен еңбектің жемісін көрдік.
«Жас актёр» үйірмесінің оқушылары Қостанай қаласында өткен «Ыбырай оқуларына» қатысып, Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесінен сахналық қойылым әзірледі. Қойылым қазылар алқасының тарапынан жоғары бағаланып, облыстан жүлделі 1-орынды иеленді. Оқушылардың сахналық мәдениеті, өз-өзін ұстаулары, сөйлеу дикциялары көрерменді тәнті етіп, қойылым көптің көңілінен шықты. Әрине, облыстан алған жүлделі орын оқушылардың ары қарай шабыттануына мұрындық болды.
Үйірменің келесі сәтті шыққан туындысы деп Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың аянышты тағдырын суреттейтін «Желтоқсан ызғары» тақырыбындағы сахналық қойылымды атап өтсек болады. Жүректерде мұз болып қатқан сол бір желтоқсанның қаһарлы күндері қойылымда қалтқысыз бейнеленді. Сол кездегі жастардың аянышты тағдыры, елі үшін қыршынынан қиылған жандары көз алдымызға әкелген қойылым көрерменнің көзіне жас әкелді.
Қайраттың рөлін 9-сынып оқушысы Нұрасыл Сафаргалиев сомдаса, Лаззаттың рөлін Аяулым Чапай жоғары деңгейде сомдап шықты. Сахнадағы әр бейне үлкен шеберлікпен сомдалды. Сахналық қойылымды тамашалаған 8-сынып оқушысы Арай Сапарбаева: «Оқушылардың бойына патриоттық сезім ұялатып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыратын керемет қойылым болды. Залда көзіне жас алмаған жан болмады. Әр образ оқушының шеберлігіне сай керемет таңдалған. Осындай туындылар көберек болса екен», – деген пікірін білдірді.
Жақында жылдағы дәстүрге айналған қала және ауыл мектептерінің оқушылары арасында «Армандастар» қалалық балалар шығармашылығының фестиваль-байқауы өтт. Бұл байқауда оқушылар ата-анасының мейірімінсіз қалған жетімдердің аянышты тағдырын бейнелейтін «Жетімдер үні» атты қойылымды сахналады. Мұнда әр жетім баланың тағдыры көрсетілді. Жетімдер үйіндегі балалардың қанша қиындық көрсе де, өмірдің ащы сынағын татса да, оған мойымайтын ерік-жігерлері ерекше бейнеленді. Қойылым қазылар алқасының оң бағасын алып, жүлделі 1-орынға ие болды. Бұл жеңіс оқушылар еңбегінің нәтижесі. Оқушыларыма әркез «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек болу керек» екенін айтып отырамын.
Ал күні кеше хантәңірінің мұзбалағы, ақиық ақын, тау тұлғалы талант, сырлы сезімдердің иесі Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Аққудың қанатына жазылған жыр» тақырыбында өткен поэзиялық кеште жас өнерпаздар «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық қойылым көрсетті. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы оқыған жанның жүрегін тебірентіп, ерекше күйге бөлейтін ғажайып туынды. Ақын бұл поэмасында аққулардың сұлу да пәк, киелі құс екенін айқын суреттеп, егерде қоныстанған жерінен жәбір көрсе қайта оралмайтындығын басты назарда ұстап, шебер кескіндеп жырлай білген. Поэмадағы бауыр еті баласы үшін отқа да, суғада түсуге даяр ананың рөлін 9-сынып оқушысы Аяулым Чапай өте керемет сомдап шықты. Оның баласынан айырылған сәтіндегі қайғысы көрерменнің жүрегін елжіретті.
«Жас актёр» үйірмесі дарынды, үздік, шығармашыл оқушылардан жасақталған. Бір бойында бірнеше өнер түрі табысқан оқушылар спортта да, музыка саласында да, ғылыми-зерттеу жұмыстарында да гимназиямыздың атын шығарып жүр. Атап айтсақ, Нұрасыл Сафаргалиев – қоңыр дауысымен ән сүйер қауымның құлақ құрышын қандырып жүрген әнші, күрестен қалалық, облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы, оқуда озат, шығармашыл оқушы. Жанболат Шайкамол әртістікпен қатар жанына жыр қаламын серік етіп, жырларына жүректегі үндерін арқау етіп жүрген жас ақын. Бірде-бір поэзиялық кеш Жанболатсыз өтпейтінінің өзі осының айқын дәлелі. Қара өлеңді мәнерлеп оқығанда поэзия әлемінің тұңғиығына еріксіз еніп кетесің.
Аяулым Чапай – гимназиямызға «Әртіс қыз» атымен танылған, театр десе ішкен асын жерге қоятын шығармашыл оқушы. Қандай сахналық көрініс болмасын, ең басты рөл Аяулымның еншісіне бұйырады. Дидар Ербатыр мен Данияр Жауғашты – кітапты жандарына серік еткен өте білімді оқушылар. Кітапханаға жаңадан келетін кітаптардың алғашқы оқырмандары Дидар мен Данияр десем, артық айтпаған болар едім. Оқыған кітаптарын әңгімелегенде тіпті сағаттап, апталап тыңдай беруге бармыз. Перизат Руслан қазақтың қара домбырасын күмбірлеткен күйші, қалалық, облыстық «Абай оқуларының» жеңімпазы. Бұл оқушыларымның жетістігін осылайша тізбелей беруге болады.
«Жас актёр» үйірмесі алдағы уақытта бірнеше қойылымдарды сахналауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда соған қызу дайындық үстінде. Үйірме оқушыларының жарқын болашағына сеніммен қарап, «талаптарыңа нұр жаусын», таудай талаптарың бармақтай баққа кенелсін демекпін. Олардың алдағы уақытта гимназияның мақтанышына айналып, талай асуларды бағындырып, театр сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалдырарына сенімім мол.
Анар ГИССИНОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы
гимназияның «Жас актёр»
үйірмесінің жетекшісі,
Арқалық қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.