Жылдағы дәстүрге сай WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионаты өтуде. Биыл ол сәуір айының 17-сі күні бастау алып, 27-сіне дейін жалғаспақ. Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі құзыреттіліктеріне қарай облыс орталығындағы колледждерде өтті.
Жастарды кәсіби бағдарлау, жұмысшы мамандықтарына деген құрмет сезімін қалыптастыру мақсатындағы чемпионатқа мектеп оқушылары, колледж студенттері, кәсіпорын қызметкерлері және облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатысуда. Облыстың 22 жасқа дейінгі 300-ден астам жас мамандары WorldSkills-тің 24 негізгі және 14 қосымша құзыреттері бойынша сынға түсіп, таңдалған құзыреттілікте медаль жеңіп алу мүмкіндігі үшін бағын сынауда. Ал сол қатысушыларды 500-ге жуық сарапшы бағалайтынын да айта кеткен жөн.
Чемпионат негізі 30-дан астам құзыреттілік бойынша өтеді. Олардың қатарында: инженерлік графика CAD, IT бизнес шешімдері, графикалық дизайн, желілік және жүйелік басқару, дәнекерлеу технологиясы, электроника, веб-дизайн, электр жұмыстары, кірпіш қалау, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, кескіндеме және сәндік жұмыстар, мобильді робототехника, шаштараз өнері, сән технологиясы, кондитерлік өнімдер, автомобильдерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету, СББ станоктарында токарлық жұмыстар, аспаздық іс, мейрамхана қызметі, медициналық және әлеуметтік күтім, визуалды мерчандайзинг, наубайхана шеберлігі, бастауыш сыныптарда оқыту және мектепке дейінгі тәрбие бар.
Осы аталған негізгі құзыреттер бойынша чемпионаттың конкурстық бөлігі қаламыздағы 13 білім ордасында – Қостанай автомобиль көлігі колледжі, Қостанай тұрмыстық қызмет көрсету колледжі, Қостанай қызмет көрсету саласы колледжі, Қостанай жоғары политехникалық колледжі, Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжі, Қостанай педагогикалық колледжі, Қостанай құрылыс колледжі, Қостанай медициналық колледжі, Қостанай ауыл шаруашылығы колледжі, Қазақстандық агротехникалық колледжі, Рудный құрылыс және көлік колледжі, Жітіқара политехникалық колледжі, ҚИнЭУ кәсіпкерлік колледжінің қабырғасында өтуде.
Өңірлік чемпионаттың бастауыш сыныптарда оқыту және мектепке дейінгі тәрбие құзыреттілігі бағыты бойынша жарыс Қостанай педагогикалық колледжінің базасында өтуде. Аталған білім ордасында өткен чемпионат қатысушыларын қанаттандыратын ашылу салтанатын тамашалап, жарыстың бірден-бір себепкерлерінің дайындық деңгейімен қатар сарапшылардың пікірі мен ұсыныпстарын біліп қайттық.
Кәсіби шеберлік дағдыларын жетілдіріп, жұмысшы құзыреттіліктердің беделін арттыруға ықпал ететін қозғалыстың тарихы да тереңде. Биыл елімізде 9-ыншы мәрте өткізіліп отырған чемпионат 1946 жылы бастау алған. Содан бері 82 қатысушы-елдерде кәсіби даярлық стандарттарын арттырып келеді. Ал Қазақстан 2014 жылдан бастап WorldSkills International (WSI), сондай-ақ WSE (2016), WSA (2019) толық құқылы мүшесі болып табылады. WSI «Talap» КЕАҚ-ты WorldSkills Kazakhstan қозғалысын дамыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мүше ұйым ретінде қабылдады, оған сәйкес «Talap» КЕАҚ және WSI арасында әріптестік келісім жасалған. Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес «Talap» КЕАҚ Қазақстандағы WorldSkills қозғалысының ұлттық операторы болып белгіленді. Бұл туралы Білім басқармасының Техникалық және кәсіптік білім беру әдістемелік кабинетінің әдіскері Мейрамгуль Оспанова атап өтті.
– Негізінен WorldSkills қозғалысы біздің елімізге 2014 жылы келді, бірақ чемпионат бойынша жұмысымызды 2015 жылы бастадық. Облысымыз бойынша айтатын болсақ, бастапқыда небәрі 8 құзыреттілік болса, бүгінгі күні оның саны 38-ге жетіп отыр. Оның ішінде республикаға кететін негізгі 24 құзырет болса, 14-і – қосымша. Жалпы аталған чемпионатты өткізудегі ең басты мақсатымыз – техникалық және кәсіптік білім беру саласына ең озық деген халықаралық тәжірибелерді енгізу. Осы уақыт аралығында студенттеріміз халықаралық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып келеді. Менің ойымша, WorldSkills-тің біздің республикамыздағы болашағы зор. Чемпионатқа қатысушылар мен сарапшылар қауымына сәттілік тілеймін, – деп атап өтті Мейрамгуль Жумалдиновна.
Сервистік және индустриялық мамандықтардың мәртебесін арттыру мақсатында елімізде 2015 жылдан бастап жылда 2000-нан астам қатысушылар мен сарапшылардың басын қосатын өңірлік және республикалық деңгейдегі WorldSkills чемпионат қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай «Abilympics», «JuniorSkills» және «BabySkills» болып үш деңгейде өткізілуде. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш сыныптарда оқыту құзыреттіліктері бойынша қатысушылар Қостанай педагогикалық колледжінің базасында бақ сынауда.
Әрине, кәсіби сарапшылардың қауымдастығын жинау қиын екені белгілі. Дегенмен соңғы бірнеше жыл ішінде тұрақты сарапшылар қауымы да қалыптасқан. Былтыр Көкшетауда өткен республикалық чемпионатаа қатысқан барлық 17 облыс Мектепке дейінгі тәрбие құзыреттілігі бойынша Қостанай педагогикалық колледжінің оқытушысы Әлия Молдабаеваны бас сарапшы, ал Павлодар қаласындағы педагогикалық колледждің оқытушысы Ольга Бычконы орынбасары етіп тағайындаған. Айта кету керек, республикалық чемпионатта Қостанай педагогикалық колледжі екі жыл қатарынан кәсіпқойлығы үшін медальге ие болған.
– Балаларды оқыту процесіне қызықтыру жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Көптеген ақпараттық құралдарды көріп өскендіктен, оларды жаңа дүниемен таңғалдыру қиын. Облысымыз бойынша біздің колледжде ғана мектепке дейінгі тәрбие беруге арналған соңғы үлгідегі заманауи электронды құралдар, атап өтер болсам: интерактивті құмсалғыш, интерактивті тақта, логомер бар. Өкінішке қарай, студенттеріміз онымен жұмыс істеп үйренгенімен, балабақшаларда ондай құралдар болмай тұр. Біздің білім ордасы сол қажетті базамен қамтамасыз етілгендіктен, WorldSkills чемпионаты төртінші жыл қатарынан колледжімізде өтуде. Былтыр осы мамандық бойынша 6, ал биыл 5 колледждің студенттері қатысып, бағын сынауда. Жыл сайын тапсырмалар уақыт талабына сай күрделеніп, өзгеріп отырады. Жалпы бұл чемпионат – оқытушылардың өзара тәжірибе алмасып, оқытқан студенттеріміздің деңгейін көріп отыруға мүмкіндік беретін алаң, – дейді Әлия Өтегенқызы.
– Бұл менің чемпионатқа алғаш қатысуым. Сондықтан аздаған қобалжудың да бар екенін жасырмаймын. Алайда өзіме деген сенімділіктің арқасында қатарластарымнан жеңіп шығамын деп үміттенемін. Чемпионаттың әр кезеңінен жаңа ақпараттар алып, өзімнің білім және білік дағдыларымды дамытып, кәсіби шеберлігімді шыңдауға тырысамын, – деп атап өтті бізбен әңгімесінде Қостанай педагогикалық колледжінің бастауыш білім беру мамандығының 3-курс студенті Аружан Абдирова.
Чемпионатқа әр колледжден бір сарапшы, бір не екі студенттен қатысатыны мәлім. Арқалық қаласындағы Торғай гуманитарлық колледжі 2020 жылдан бастап чемпионаттың тұрақты қатысушылары. Аталған колледжден чемпионатта сарапшы ретінде қатысып отырған Гүлхашима Оразова бізбен әңгімесінде чемпионаттың маңызына тоқталып өтті:
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша колледжіміз үшінші жүлделі орынды иеленді. Биыл да жеңістен үміттіміз. Қатысушыларымыз жақсы дайындықпен келді. Қарсыластарымыз да осал емес. Бұл – мықтылар жеңетін байқау. Сондықтан жыл сайын мүмкіндігімізді сынап көру үшін қатысамыз. Ол білім деңгейіміз бен кәсіби шеберлігімізді жетілдіретіні хақ.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.