Суреттегі жастар – Қостанай қаласында жаңадан ашылған жатақхананың алғашқы тұрғындары. Жаңа орынға қоныс тепкендеріне бар-жоғы бірнеше күн. Білім алатын оқу орындары әр түрлі болғанмен, бәрін біріктіретін бір дүние – «студент» мәртебесі.
Осы мәртебеге ие кез келген жас бүгін сөз қозғап отырған жатақханаға келіп, тұруға өтініш жазуына болады. Ол үшін, әрине, жеке басын куәландыратын құжаттан бөлек міндетті түрде өзі білім аталын оқу орнынан анықтама әкелсе, жұмыстың 50 пайызы бітті дей беруге болады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің жағдайында ата-аналары арнайы келіп, баласын орналастырып кетуі қатаң талап етіледі.
Жатақхана қаламыздағы Полевая 7 мекен жайында орналасқан. Сары, ақ түстермен қапталған төрт қабатты ғимараттың сыртқы есігінің үстіңгі жағында латын қаріптерімен «STUDENTTER ÜII» деген үлкен жазуы бар. Қашаннан бар студенттердің баспана тапшылығы мәселесінің шешімі болған бұл шаңырақ бастапқыда 10 жылдай қаңырап бос тұрған екі қабатты ғимарат болатын. Жеке инвестиция арқылы жатақхана құрылысын қолға алып, ұжымымен игілікті істі аяғына дейін жеткізген «Сервис КСТ» ЖШС директоры Әсел Таңжарық бізбен әңгімесінде бұл шаңырақтың артықшылықтарын атап өтті.
– Осы үстіміздегі 2022 жылдың мамыр айында ғимаратты сатып алдық. Содан бастап құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, міне, қарашаның 18-і күні студент жастарға есігін айқара ашты. Жалпы 4, 6 және 8 орындық 32 бөлме бар, 206 орынға қарастырылған жатақханамызда жастарға қажет жағдайлар барынша жасалған. Өзіміз де студент болдық қой. Сондықтан оларға қажет болады-ау деген ең басты дүниелерді қамтуға тырыстық, – дейді Әсел Мұратқызы
Иә, енді жатақхананың ішкі жағдайына тоқталсақ. Әрбір қабаттың тұрғындарына ортақ бір ас бөлмесі, әрбір қанатында өзінің 8 кабинадан тұратын душ қабылдайтын бөлмесі және дәретхана бөлмелері бар. Әрбір бөлмеде бар жататын төсек, төсеніш жабдықтар мен үстел-орындықтар – бәрі де жаңадан сатып алынған. Ортақ кір жуатын бөлме 3 кір машинасы, жуылған киімді кептіретін, кейін оны үтіктеуге қажет құрал-жабдықтармен де қамтылған. Бұл – бастапқы қажеттіліктер. Одан бөлек, жайлы жағдай үшін, монша мен шағын маркетпен де қамтамасыз ету көзделіп отыр екен.
Ал жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында үлкен спорт залы, шағын кітапхана, теннис үстелі орнатылған. Бұл – аталмыш жатақхананың артықшылығы болса керек. Бағасы да, айта кету керек, студенттердің көңілінен шығып отыр. Әр адамға коммуналдық қызметтер мен тегін вай-файды есепке алғанда айына 20 мың теңге. Оқу орнының жанындағы жатақханада орын жеткілікті бола бермейтіні рас. Жатақханасыз қалған студенттер, қазіргі жағдайда аспандап кеткен бағасына қарамастан, пәтер жалдап тұруға мәжбүр болатын. Ал енді, міне, осындай тиімді мүмкіндіктің туып отырғаны бұрынғы студент ретінде мені де қуантпай қоймады.
– Бүгінде Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ және М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ-мен моморандум жасасқанбыз. Оған қарамастан, қаламыздағы кез келген жоғары оқу орнының, колледждің студенттерін қабылдаймыз. Іштей оқи ма, әлде сырттай оқи ма, ол – маңызды емес. Бастысы оқитын студент болуы тиіс. Қажетті құжаттарын әкеліп, ата-анасы өтініш жазып, келісімшартқа қол қойса, қабылдауға әзірміз, – дейді бізбен әңгімесінде Әсел Мұратқызы.
Қызметкерлерге келер болсақ, қазіргі уақытта 15 орын ашылған. Оның ішіде жатақхана меңгерушісінен бөлек 6 тәрбиеші, техникалық қызметкерлер және 3 күзетші-вахташы бар. Тәрбиешілердің жұмыс уақыты кешкі 17.00-ден басталып, таңға дейін жалғасады. Олар тәртіп сақтаушы ғана емес, «STUDENTTER ÜII» атты үлкен шаңырақтың әрбір баласына тәлім мен тәрбие беру ісіне де көңіл бөліп, сол бағытта арнайы іс-шаралар аясында басын қосып, қажет жерінде ақыл-кеңесін де беруге әзір. Жатақханада тәрбиешілік қызметін бастап кеткен жанның бірі – Білім беру ісінің құрметті қызметкері Мурат Дюсекеева.
– Бұл жұмыс маған таңсық емес. Еңбек жолыма кішігірім тоқталып өтер болсам, соңғы жылдары Қостанай жоғарғы экономикалық колледжінде қызмет істеп, құрметті демалысқа шықтым. Артынша Қостанай құрылыс колледжінің жатақханасында тәрбиеші болуға шақырды. Сол жерде 3 жыл жұмыс істедім. Жақында осы жаңа жатақханаға тәрбиеші керек дегенді естіп, хабарласқан едім, келген бетте тәжірибемнің бар екенін көріп, бірден жұмысқа қабылдады, – дейді жатақхана тәрбиешісі Мурат Кажиакбаровна. – Жатақхананың өз тәртібі бар, әрине. Арнайы журналға студентердің бәрін белгілеп отырамыз. Егер студент алыс жаққа кетер болса, міндетті түрде басшының атына өтініш жазады. Жастардың өзара құрметпен қарап, тәртіп пен тазалық сақтауын қадағалаймыз. Осылайша әр түрлі оқу орнынан жиналған жастардың басын қосқан үлкен бір шаңырақ болмақ.
Ашылған соң, екі-үш күн ішінде жатақханаға 10-ға жуық студент қабылданған. Бізбен әңгіме барысында қуаныштарын жасырмады. «Жылы, жанға жайлы. Бұған дейін пәтерде тұрдым. Студенттерге осындай тиімді бағада жатақхананың ашылғанына қуаныштымын», – дейді М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ колледжінің 3-курс студенті Еламан Алгазов. Ал «Зерек» колледжінің 3-курс студенті Виктория Пилиш болса, өз артықшылықтарын атап өтті: «Біріншіден, жатақхана біздің оқу орнымызға жақын. Екіншіден, осында бар дүниенің бәрі жаңадан әкелінген. Бос уақыттарымызды тиімді ұйымдастыруға да жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл – тіпті керемет. Алдағы уақытта келушілердің қатары арта түсетініне сенімдімін».
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.