Дәстүрлі «Worldskills Kostanay-2024» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты бастау алды. Мамырдың 13-і мен 26-сы аралығында үздіктер өз құзыреттері бойынша бақ сынасып қана қоймай, озық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Қостанай автомобиль көлігі колледжі, Қостанай қызмет көрсету саласы колледжі, Қостанай жоғары политехникалық колледжі, Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжі, Қостанай жоғарғы педагогикалық колледжі, Қостанай құрылыс колледжі, Қостанай ауыл шаруашылығы колледжі, Қостанай медициналық колледжі, Рудный құрылыс және көлік колледжі, Жітіқара политехникалық колледжі, Қазақстандық агротехникалық колледжі, ҚИнЭУ кәсіпкерлік колледжінің базасында 12 жарыс алаңы ұйымдастырылып, облыстың 22 жасқа дейінгі 300-ден астам жастары Worldskills-тің 26 негізгі және 25 қосымша құзыреттері бойынша сайысқа түсіп, таңдалған құзыреттілікте медаль жеңіп алу мүмкіндігі үшін барын салуда. Әдеттегідей, олардың жұмысын 500-ге жуық сарапшы бағалап, өз құзыреттілігі бойынша қатарластарынан суырылып шыққан лайықты үздікті анықтайды.
«Инженерлік графика CAD», «IT бизнес шешімдері», «Графикалық дизайн», «Желілік және жүйелік басқару», «Web-технологиялар», «Электроника», «Электр жұмыстары», «Дәнекерлеу технологиясы», «Кірпіш қалау», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Кескіндеме және сәндік жұмыстар», «Мобильді қосымшаларды құру», «Шаштараз өнері», «Сән технологиясы», «Автомобильдерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Прототиптеу», «Мехатроника», «Өндірістік автоматика», «СББ станоктарында токарлық жұмыстар», «Кондитерлік өнімдер», «Аспаздық іс», «Наубайхана шеберлігі», «Мейрамхана қызметі», «Визуалды мерчандайзинг», «Бастауыш сыныптарда оқыту» – осы аталғандардың бәрі де құзыреттердің негізгілері ғана.
Биылғы Worldskills чемпионатының, тура мағынасында, ішкі асханасынан хабар тарату мақсатында Қостанай жоғары политехникалық колледжіне жол тарттық. Аталған білім ордасында жалпы 10 құзыреттілік бойынша жарыс өтуде. Олардың ішінде «Наубайхана шеберлігі» құзыреттілігі бойынша болашақ мамандардың дайындық деңгейі қандай екенін сарапшылардан сұрап, халықаралық деңгейдегі жаңа формация маманын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын Worldskills чемпионаты жайлы қатысушылардың ой-пікірін білуге тырыстық.
Қостанай жоғары политехникалық колледжіне кіре сала жаңа ғана пештен пісіп шыққан тәтті тоқаштар мен бәліштердің иісі мұрныма келді. Айтқаным сол-ақ еді, жағымды иіс жетелеп, бір топ наубайханашылар жиналған жарық кабинетке тап болдым. Ортада – жаюлы тұрған ақ дастархан, ал үстінде әлі суып үлгермеген хала наны мен киш бәлішінің түр-түрі қойылған. Бұл – «Наубайхана шеберлігі» бойынша чемпионатта бақ сынап жатқан қолдары алтын алты қатысушының 6 сағат ішінде әзірлеп шығарған тағамдары.
– Worldskills чемпионатына, басқа да қатысушылар сияқты, тәжірибе үшін келдім. Біздің құзыреттілік бойынша чемпионат екі күнге созылады. Алғашқы күні бәрімізді қарсы алған соң, қауіпсіздік ережелерімен таныстырды, артынша жұмыс орнымызды көрсетіп, қажетті ақпараттарды түсіндіріп өтті. Содан, алғашқы модуль бойынша жұмысқа кірісіп те кеттік. Бірінші күні хала наны мен киш дайындадық. Санитарлық талаптар сақталды ма, жұмыс орның қаншалықты таза болды, қамырмен қалай жұмыс істедің, қанша уақыт пісірдің, дұрыс пісірілді ме, салмағы қандай – бәрі де сарапшылардың бағалауы барысында ескеріледі, – дейді Қостанай жоғары политехникалық колледжінің 2-курс студенті Валерия Вольтер. – Білім ордасының қабырғасындағы іс-тәжірибенің бізге берері мол. Мұнда жұмысқа қажеттінің бәрі бар. Оқытушыларымыз да бар білгенін үйретуден жалыққан емес. Оқуды тәмамдаған соң, жұмыссыз қалмайтынымыз анық. Неліктен наубайхана ісін таңдадым десеңіз, ең алдымен, бұл мамандықты оқып шыққандар ешқашан аш қалмайды (күледі). Екіншіден, бұл іс өзіме ұнайды, әйтпегенде жалғастырудың еш мәні болмас еді.
Расымен, қатысушылардың барлығы да өз ісіне риясыз қызығушылық танытқан жандар. Айтуларынша, бұл істе дұрыс бағыт-бағдар мен тәжірибенің маңызы жоғары. Сол мақсатта оқу жылы басталған сәттен үйренгендерінің бәрін тәжірибемен бекіту мүмкіндігі бар.
– Чемпионатқа дайындықты қыс кезінен бастадық. Курстастарымның ішінен осы Worldskills чемпионатына қатысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігін алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Айтқандай, әр колледждің киш болсын, круассан болсын – дайындау жолдары әртүрлі. Мысалы, киштің үгілмелі қамырдан жасалған себетін қалағаныңызша толтыра аласыз. Мен ірімшіктің екі түрін, тауық етін, жуа және болгар бұрышын қостым. Осы рецепт бойынша дайындауды шебер оқытушыларымыз үйретті. Бастапқыда наубайханашылық іс қолымнан келеді деп ойламадым, жұмыс оңай емес, дегенмен бәрі де тәжірибемен келеді екен. Біздің колледждің ұнайтын жақтарының бірі осы – бірінші курстан бастап, теорияның тәжірибемен қатар берілуі, – дейді Рудный технологиялар мен қызмет көрсету колледжінің 1-курс студенті Вероника Южукова.
– Worldskills чемпионатына сарапшы ретінде 2019 жылдан бері қатысып келемін. Жыл сайын деңгейі өсіп жатыр десем, қателеспеймін. Студенттерге ғана емес, бізге де ұнайды. Былтыр 8 қатысушы болғандықтан екі ауысымда жұмыс істедік, оңай болмады. Ал, биыл қатысушылардың саны – 6. Чемпионатқа жиналғандар – кіл мықтылар, олар қатарластарының арасынан іріктеліп шықты. Жыл сайын жүлдегерлердің қатарынан табылып жүрдік. Былтыр колледжіміздің атынан екі студент қатысып, нәтижесінде үшінші орын мен медальон иеленген едік. Биыл да нәтиже жаман болмайды деп ойлаймын, – дейді Верониканың жетекшісі, Рудный технологиялар мен қызмет көрсету колледжінің өндірістік оқыту шебері Татьяна Горботенко.
Екінші күні қатысушылар қара бидай наны мен круассан пісіру бойынша бақ сынайды. «Басқа да тағамдар сияқты, круассанның да рецепті әрқайсымызда әртүрлі. Әрбір наубайшы, кондитер, аспаздың тағамды дайындауда өз құпиялары болады. Ойлап қараңызшы, круассанға қажетті қатпарлы қамыр екі жүз елу алты қабаттан тұруы керек. Қамыр бөлініп, ішіндегі майы шығып кетпеуі үшін асқан ұқыптылықпен, ең бастысы, тез жұмыс істеу керек», – деп өз тәжірибесімен бөлісті қатысушылардың бірі меңдіқаралық Александр Осипов. Болашақ мамандарға сәттілік серік болсын дейміз.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.