Инновациялар мен жаңа технологиялар уақыты

Выпуск - №16(564)   :   28.04.2023
779

Жылдағы дәстүрге сай Қостанайдағы Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 21 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған «Кітапхана түні – 2023» әлеуметтік-мәдени акциясы өтті.

Анастасия Степанова келушілерге өз бөлімінің жұмысын таныстыруда

Барлық қостанайлықтарды ерекше тақырыптары мен қызықты бағдарламасымен өзіне еріксіз тартатын «Кітапхана түні» әлеуметтік-мәдени акциясы Л.Н. Толстой атындағы кітапханада 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. 2020 және 2021 жылдарда карантинге байланысты 2 жылдай ұйымдастырылмағанымен, былтырдан бері ауқымды шара жалғасын табуда. Биылғы «Кітапхана түні» «Іргелі ғылымдар» тақырыбына арналған. Тақырып кездейсоқ таңдалмағанын айта кеткен жөн. БҰҰ-ның шешімімен 2022 жыл «Тұрақты даму үшін іргелі ғылымдардың халықаралық жылы» болып аталды. Іргелі ғылымдар жылына арналған ресми ұлықтау үстіміздегі жылдың маусым айының 30-ында Парижде өтеді деп күтілуде.

Жастар викториналық сұрақтарға жарыса жауап берді

Бүгінде жарты миллионға жуық кітап сақталған кітапхана қорында тек көркем әдебиеттер ғана емес, ғылыми тақырыптағы кітаптар да баршылық. «Кітапхана түнінде» ғылыми білім мен техникалық шығармашылықты насихаттайтын бірнеше алаң бір мезетте келушілер назарына ұсынылды. Кітапхана табылдырығын аттай сала зағип жандар қолданатын дүниелер қойылған көрменің куәсі болдық. Бұл жерде Брайль шрифтімен басып шығару үшін қолданылатын Брайль принтері, бұрындары зағип жандар қолданған баспа машинкасы, сондай-ақ графикалық, рельефті-нүктелі форматтағы кітаптар, арнайы бағдарламаланған жинақ кітаптағы мәтінді оқитын қаламсап, балаларға арналған тактильді кітаптар қойылған. Л.Н. Толстой атындағы кітапхана жанынан құрылған зағип, нашар көретін азаматтармен жұмыс жөніндегі бөлімнің жұмыс істеп жатқанына биыл екінші жыл. Бұған дейін зағип жандарға арналған бөлек кітапхана болған.

– Бүгінде кітапхана оқырмандардың қатарында 750 зағип жан бар. Оларға кітапхана қабырғасында жаңа ақпарат алуға көмектесумен қатар үйлеріне барып, қажет деген кітаптарын, сұраған аудио-кітаптарын апарып береміз. Сонымен қатар шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Біздің бөлімде «Шекарасыз кино» жобасының да қолға алынғанын айта кеткен жөн. Аталған жоба аясында аптасына бір рет оқырмандарымызды тифлокомментарийлері бар фильмдерді көруге шақырамыз. Айына бір рет облысымызда орын алған маңызды деген жаңалықтар топтамасын дайындасақ, аптасына төрт рет жаңалықтардан бейне шолу ұсынамыз, – деп атап өтті аталған бөлімінің библиографы Анастасия Степанова.

Медициналық колледждің оқытушылары микроскоп арқылы келушілерге қанның құрамын көрсету сәті

Нақты ғылымдарға қызығушылығы жоғары Арлан

«Менталды арифметика», «Математикалық лабиринт» шарасы, Biblio-дартс «Не? Қайда? Қашан?» ойыны, «КосмоSTAR» фотоаймағы, «Ғалымдар мен өнертапқыштар» фотогалереясы, Quest Game ойыны, «Наука вокруг нас» сиқыршы-көз байлаушылар, «IQ Man» ғылыми квиз, «Ежелгі заманнан қазіргі заманға дейін» өнертабыс мұражайы және т.б. іс-шаралары да көпшілікке қызық болды. «Ежелгі заманнан қазіргі заманға дейін» өнертабыс мұражайында өткен ғасырдағы заттармен заманауи уақыттағы заттарды салыстырмалы түрде қойған. Мысалы, өткен ғасырдағы байланыс құралы сымды, қолмен нөмірді теретін телефон болса, қазіргі заманауи байланыс құралы смартфон, магнитафон, энергияны үнемдейтін шам түрлері, құм сағаты мен заманауи smart-сағаттар қойылған.

Кітапхана түнінде квест, викторина, тренинг, дәріс, шеберлік сыныптармен қатар кездесулер, ойындар, жарыстар, балаларды ерекше қызықтырған тәжірибелер, сараптамалар, шығармашылық шеберханалар, инсталляциялар мен көптеген фотоаймақтар жұмыс істеді.

– Кітапхана оқырмандарына тәжірибемнен көрсетейін деп біраз дүние алып келдім. Бәрі де біздің күнделікті өмірде қолданатын органикалық заттар. Қарапайым нан, су, сірке қышқылы, май, лимон қышқылы, йод, сода және басқаларын қолдана отырып, олар жайлы деректерді айтып, қызығушылық танытқан жандарға кішігірім эксперименттер жүргіздік. – дейді №115 ЖББМ химия пәнінің мұғалімі Жаңылқан Муслимова. – Жалпы еңбек өтілім – 38 жыл. Ал №115 ЖББ мектепте биыл төртінші жыл жұмыс істеп келемін. Жанымдағы шәкіртім Диана Тутембаева А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіндегі химия пәнінің мұғалімі мамандағының 4-курс студенті. Біздің білім ордасында тәжірибеден өтуде. Осындай жастарымыз ертең біздің жолымызды жалғайды.

Іс-шараға А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушылары мен студенттері, қаламыздағы білім ордаларының ұстаздары мен оқушылары қатысты. Ал Қостанай жоғары медициналық колледжінің оқытушылары Лязат Итесова мен Айнура Кубланова тәжірибелерімен бөлісіп, кітапханаға келушілерге микроскоп арқылы қанның құрамын көруге мүмкіндік берді.

– Микроскоптың көмегімен қанның құрамын көруге үлкен-кішінің бәрі де қызығушылық танытты. Көз алдындағы дүниені салыстырып, не көріп жатқаны түсінікті болуы үшін, арнайы фотосуреттерді жасап әкелдік. Оқырмандар эмоцияларын жасырмай білдіріп жатты. Осы шараның көмегімен қала тұрғындарына қанның құрамын ғана емес, оның ағзадағы маңызын жеткізуге тырыстық, – дейді Лязат Итесова. Лязат Мухамбедбадековна денсаулық сақтау саласында 29 жыл жұмыс істеген. Кейін зертханалық диагностикадағы тәжірибесімен бөлісу мақсатында Қостанай медициналық колледжіне микробиология пәні бойынша оқытушылық қызметке шақырылған. Соңғы төрт жылдан бері сол қызметте, жастарға өз іс-тәжірибесі негізінде білім беріп келеді.

Кітапхана түніне ізденімпаз кішкентай оқырмандар да келіп, ғылыми деректерге қанық болды. Бірі қаламыздағы №20 ЖББ мектептің 4-сынып оқушысы Арлан Самуратов болса, енді бірі 7 жасар Мария Чурбакова. Бұл олардың «Кітапхана түніне» алғаш қатысуы. Өте ерекше сезіммен көңілдерінен шыққанын айтады. Осылайша кішіні де үлкенді де қызыққа бөлеп, танымын арттырған кітапхана түні сағат 23.00-де аяқталып, келушілер қимай-қимай қоштасты. Енді келер жылғы «Кітапхана түнін» де асыға күтпек.


Гүлжанат ӘМІРХАМЗИНА,
Кітапханаларды дамыту
бөлімінің әдіскері,
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.