Амангелді ауданына қарасты Үрпек ауылының Жаңа ауыл жалпы білім беретін мектебінде мектеп оқушыларының жазғы демалысы аясында «Қазақ ауылы» этножобасы ұйымдастырылды.
Жас ұрпаққа қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныту, төл мұра, ұлттық ойын түрлерін меңгерту мақсатында өткен шараға Амангелді ауданы білім бөлімінің басшысы Мұрат Дихамбаев, мектеп директорлары, ата-аналар, ауыл тұрғындары қатысып, оқушыларға бабаларымыздан келе жатқан ізгі дәстүрлер мен ұлт құндылықтарын насихаттауға атсалысты. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Мұрат Сембайұлы:
– «Қазақ ауылы» этножобасы ұлттық болмысымызды насихаттаудың айқын үлгісі, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртудың маңызды көрінісі ретінде жүзеге асырылуда. Тағылымды тарихы бар батыр ата атындағы аудан шәкірттері болашақта өз елінің нағыз ұлтжанды азаматы болып қалыптасуы үшін өмірге рухани құндылықтармен қанаттанып өсуі қажет деп есептеймін, – деп, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тіледі.
Бұдан әрі іс-шара қазақтың ұлттық ойындарымен жалғасты. Алтыбақан басына жиналған оқушылар Үрпек ауылын, алтыбақан айналасын, мектеп ауласын думанға бөлеп жіберді. Олар халық әндерін орындады, қыз бен жігіт болып айтысты. Асық ату, арқан тартыс, бестас ұлттық ойындарынан жарысқа түсті.
«Асық жілік» шеберлік сыныбында мектептегі әкелер клубының төрағасы Әлімов Мақсұт Қылышбайұлы арнайы қой сойып, шеберлік сабаққа қатынасқан ер балаларға қой сою, қой терісін сыпыру, етті мүшелеп бөлу дәстүрлерінен сабақ берді. Ауыл ақсақалы, ардагер ұстаз Жұмабеков Серік Үмбетұлы қазақы дәстүр бойынша малға бата беріп, оқушыларды ұлттық таным, дәстүрлер сабақтастығы жөніндегі ақпараттармен қанықтырды.
Осы сәтте халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі саналатын «Қымызмұрындық» мерекесі де өтіп жатты. Халықтық мерекеге атсалысқан көпбалалы ана, мектептегі аналар клубының мүшесі Асанбаева Тамаша Қуанышқызы қыз балаларға бие сауу, ауыл аналары күбі пісу, қымыз баптау тәсілдерін үйретті. Үрпектің бал қымызын бір мезетте күбіге құйып, бір уақытта піскен ақ жаулықты аналар көрінісі жобаның ерекшелігін айқындап берді.
Осылайша бауырсақ пісіру, оның түрлері, ет асу, құрт жасау, диірмен тарту, сөк дайындау әдістері бойынша ошақ басында шеберліктерімен бөліскен аналар тәлімі, киіз басу, жүн түту, ұршық иіру, шұлық тоқу тәсілдерін үйреткен әжелер өнегесі қыз балалардың болашақ өміріне қажет, құндылығы жоғары іс болды.
Құрылған киіз үйде оқушылар үшін дайын болған тағамдардардан дәм тартылып, табақ тарту салты жөнінде де ақпараттар берілді. Мұрат Сембайұлы жобаның өтуіне атсалысқан барша ауыл тұрғындарына, педагогикалық ұжымға, мектеп оқушыларына алғыс білдірді.
Мақпал КӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
Амангелді ауданы
білім бөлімінің әдіскері
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.