Оқушылар «Ер Едіге» жырын жатқа оқыды

Выпуск - №45(492)   :   18.11.2021
298

Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының бастамасымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өңір мектептерінің 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айту бойынша облыстық байқау өтті.

«Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық мәнерлеп оқу байқауы өскелең ұрпаққа көне жыр туралы мәлімет беру, қазақ халқының тарихын, дәстүрлері мен халық шығармашылығын зерделеу мақсатын көздеді. Қалалық балалар шығармашылығы мектебінің қабырғасында өткен байқауға Қостанай облысының 20 өңірінен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары атанған 20 оқушы бақ сынайды.

Бас жүлде иегері облыс әкімінің орынбасары Бахыт Есімованың қолынан марапатталып, толқып тұрған сәт

Оқушылардың есте сақтау қабілеттері мен зейіні сынға түскен байқау 3 кезең бойынша өтті. Алғашқы мәнерлеп оқу сайысына қатысушылар жұптасып шықты. Аталмыш кезеңде қатысушылардың алғашқысы жырды оқып бастайды, артынша қазылар алқасы тоқтатқан тұстан екінші қатысушы оны іліп әкетуі тиіс болды. Келесі сұрақ-жауап кезеңінде қатысушыларға «Ер Едіге» жырына қатысты сұрақтар қойылды. Ал үшінші кезеңнің шарты бойынша оқушылар эпостағы фразеологиялық бірліктердің, қанатты сөздердің анықтамасын, сондай-ақ көнерген тарихи сөздердің мән-мағынасын түсіндіруі талап етілді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова әділ қазылар алқасының мүшелерін Алғыс хатпен марапаттады


Байқау қатысушыларының эпостық жырды мәнерлеп оқу шеберлігіне А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессорлары, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Ақылбек Шаяхмет, Серікбай Оспанов, өңірлік университеттің «Тіл және әдебиет теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Нұрмұхаметова, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының директоры, актёр Әлімхан Мырзахан, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру әдістемелік кабинетінің әдіскері, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша шебер педагогі Жанар Ташетова төрелік етті.

Тартысқа толы байқаудың облыстық кезеңінің жабылу салтанатына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бахыт Есімова мен облыстық білім басқармасының басшысы Зауре Байменова қатысушыларды құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады. Қатысушылар мен олардың ұстаздарының алдында сөйлеген сөзінде Бахыт Амангелдіқызы:

– Облысымызда қазақ әдебиетін жатқа білетін ең мықты деген оқушыларымыз «Ер Едіге» жырын жатқа айту бойынша сайысқа түсті. Байқау балалар арасында кітап оқуды және қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында өтіп отыр. Алғаш рет 2019 жылы өткізілген байқау оқушылар арасында қызығушылық тудырып, жылдан-жылға қатысушылардың саны артып келеді. Биыл облысымыздың 700-ден астам оқушысы байқауға қатысып, олардың 20-сы облыстық кезеңге өтті, – дей келе, «Ер Едіге» жырын жатқа айту – үлкен жетістік екенін атап өтті.

Жыр жолдарынан ғана емес, прозалық мәтіндермен де араласып келетін «Ер Едіге» эпостық жырын түгелдей жаттап алып, облыстық сайысқа жолдама алған дарындарға жеке-жеке тоқталып өткен жөн болар. Олар: Фариза Асылбек (ұстазы Анар Какимбекова), Жантөре Төлеубай (ұстазы Бакыткул Уатканова), Елнура Сыздыкбаева (ұстазы Тимур Сыздыкбаев), Айзере Алтай (ұстазы Жанагуль Назарбаева), Байжан Асқар (ұстазы Меруерт Илимжанова), Аружан Қабыкен (ұстазы Индира Бекенова), Диана Тубекбай (ұстазы Сафура Тлекешева), Жандос Касаев (ұстазы Толкын Айтмаганбетова), Алтынай Умирзакова (ұстазы Алмабике Ескиндирова), Томирис Аяпберген (ұстазы Айдана Бөлтірікова), Шапағат Құрманғазықызы (ұстазы Нуржан Панияз), Мейрамгүл Сулейманова (ұстазы Ванга Карымсакова), Аружан Газиз (ұстазы Гулбану Ташмагамбетова), Индира Абдрахманова (ұстазы Назерке Бейсембина), Райгул Тұрсынғалей (ұстазы Гульбаршин Турегельдина), Жауһар Талант (ұстазы Әртісхан Байғаныс), Марал Есмагызам (ұстазы Гүлбаршын Боранова), Нұржігіт Мағзұм (ұстазы Жулдызай Кокышева), Айша Хамит (ұстазы Дарья Тулебаева), Нұрсила Адебова (ұстазы Кымбат Бірманова).

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, академик Қаныш Сәтпаев алғысөзін жазған «Ер Едіге» аңызы 1927 жылы жарияланғаннан кейін арада 62 жыл өткен соң барып қана – 1989 жылы жарық көрген Қ.Сәтпаевтың бір томдық таңдамалы мақалалар жинағына енгізілді. Жырдың алғысөзінде жырда қазіргі буынға мүлдем жат көрініп, ұмытылып бара жатқан қазақтың ескі сөздері көп кездесіп отырады. Бұл – «тіл сақтау», «тіл байыту» жақтарынан үлкен бағалы нәрсе екендігі жазылған. Қазылар алқасының мүшесі Әлімхан Мырзахан да осыған қатысты пікір білдірді:

– «Едіге батыр» жыры түркі тілдес халықтардың біразында бар. Сондықтан тілі ауыр, көнерген сөздер жиі кездеседі. Мысалы, жырда: «...сол қыз буаз болды», «...ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ» дегендей бүгінгі тілдік нормаға жат сөз тіркестері жиі кездеседі. Осының бәрі балаларға, әсіресе, 6-7 сынып оқушыларына қиындық келтіргені рас. Жалпы, балалар жақсы дайындалып келген, – деп атап өтті.

Байқаудың нәтижесінде 4 жүлдегер анықталды. Гран-приді Рудный қаласындағы Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Нұрсила Әдебова жеңіп алып, 600 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал ұстазы Қымбат Бірманова 500 мың теңге ақшалай сыйлық алды. Қарабалық ауданынан келген М.Сералин атындағы мектептің оқушысы Алтынай Умирзакова бірінші орынға лайық деп танылып, 500 мың теңгені қанжығалады. Алтынайдың мұғалімі Алмабике Ескендірованың үлесіне 450 мың теңге тиді. Екінші орынға Қостанай ауданына қарасты Айсары мектебінің шәкірті Шапағат Құрманғазықызы 300 мың теңгеге ие болса, ұстазы Нуржан Паниязға 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал жүлделі үшінші тұғырға Жандос Касаев тұрақтады. Оған 250 мың теңгенің және ұстазы Толкын Айтмаганбетоваға 200 мың теңгенің сертификаты берілді.

– Осы сайыстың болатыны жайлы шамамен үш ай бұрын жетекшім Қымбат Исланбекқызы хабарлады. Естіген бойда жоспар құрып, көнерген сөздермен, мектеп бағдарламасынан қойылатын сұрақтармен, көнерген сөздер жиі кездесетін «Ер Едіге» жыры бойынша әрбір сөздерді талдап, тыңғылықты дайындық жасадық. «Ер Едіге» сынды батырлардың ерлік істерін дәріптеуге бағытталған жыр-дастандар баланың рухын көтеруге ықпал етеді, – деп атап өтті бас жүлде иегері Нұрсила Әдебова. Ол мектепті ойдағыдай тәмәмдаған соң, журналист мамандығын таңдауға ниетті.

Жеңіс тұғырынан көрінбей қалған қатысушылар да құр қол қайтқан жоқ. Оларды облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова байқауға қатысқандығы туралы сертификат пен 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапаттап, байқаудың әділ өтуіне төрелік еткен қазылар алқасына Алғыс хаттарын табыс етті. Облыстық кезеңнің жеңімпазы Қостанай облысын республика деңгейінде таныстырады, онда бабалар мұрасының үздік білгірлері бас қоспақ.


Жамал ШАУКЕН,
суреттерді түсірген автор

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.