Биыл астықты өлке, сан түрлі өнерді бойына жиған дарынды жастардың мекеніне айналған Қостанай шаһары өзінің 145 жылдық мерейтойын атап өтпек. Мерекелік іс-шаралар легі тамыздың 13-і күні басталып, алты күнге дейін жалғаспақ.
Қаламыздың түкпір-түкпірінде ойын-сауық бағдарламалары ғана емес, мерекелік кештер мен ауқымды концерт өткізу жоспарланған. Қала тұрғындары мен қонақтары дарынды жастарымыз бен шығармашылық ұжымдардың өнеріне де куә болады. Концерттік бағдарламалар «Мирас» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдарының «Өнер алаңы» көшпелі кешкі концерттік бағдарламасымен басталмақ.
Екінші күн «Қостанайдың болашағы – балалар» атауымен өтеді. Бұл күні қалалық балалар шығармашылығы мектебі оқушыларының шығармашылық жұмыстарының көрмесі, «Қостанай – балалар талантының қаласы!» атты балалар шығармашылық ұжымдарының фестивалі өтпек. Ал, кешкі сағат 21.00-де Сити-орталықтағы сахнада «Музыка нас связала...» ретро-фестивалі өткізіліп, онда қаламыздың танымал орындаушылары Азамат Ибраев, Руслана Пономарева, Зарина Кульмухамбетова, Айсұлу Туткушева және басқалар 80-90-шы жылдардағы танымал ретро-би хиттерін орындайды.
Қала күнінде өнерлерін ортаға салып, шығармашылықтарын арнайтын жас дарындарды мереке алдында сөзге тарттық. Назарларыңызға ұсынылған фотосуретте мың бұралған бишілер де, күміс көмей әншілер де, домбыраның құлағында ойнайтын жастармен қатар қыл қаламымен кенеп бетіне туған жерін бейнелеген жас суретші де бар. Иә, түр-түрлі өнер иелері бас қосып, шығармашылықтарын қаланың мерейтойына арнамақ.
Халқымыз аспаптың үнімен елдің тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Домбырада ойнау өнері ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отыр. Бүгінде жеткіншектерді ұлттық аспапта ойнауға баулитын үйірмелер, музыкалық мектептер жетерлік. Солардың бірі – «Жұлдыз» музыкалық студиясы. Шәкірттері – Дружба ЖББ мектебінің оқушысы, биыл 8-сыныпқа көшкен Еламан Контрабаев пен №10 ЖББ мектептің оқушысы, биыл 9-сыныпқа көшкен Ерұлан Досмұхамбетов тыңғылықты дайындықтың арқасында бұл күрдері ұлттық аспаптың құлағында ойнайды.
«Жұлдыз» студиясының шәкірттері Ерұлан мен Еламан
– «Жұлдыз» студиясына қатысып келе жатқаныма екі жыл болды. Қасиетті қара домбыраның аты қазақпен қатар аталады емес пе?! Қос ішекті аспаптан шыққан күмбірлеген дыбыс терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Домбыраны таңдау себебім – үніне ғашық болдым, өзіне елітіп әкететін бір сиқыры бар сияқты көрінеді. Жақында болатын қала күніне арналған концертте біз «Әлқисса», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерін орындаймыз, – дейді Еламан.
Өнердегі жолдасының сөзін жалғаған Ерұлан болса, «Жұлдыз» студиясына алғаш рет 2019 жылы жазылыпты. Міне, содан бері бес жыл да өте шыққан. Осы уақыт аралығында ансамбльмен Франция, Германия, Қырғызстан және т.б. әлем елдерінде өнер көрсетіп үлгерген.
– Домбыра – өте ерекше аспап. Өз басым домбыраны шерткенде өзімді жеңіл сезінемін. Шетелде біздің ұлттық аспабымызды қатты біле қоймайды, сондықтан әлем елдерін аралап, ансамбльмен өнер көрсетіп, ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымызды насихаттап жүрміз, – дейді Ерұлан Нұрланұлы.
Жас суретші Сафина Шуакбаева
Ал, он бір жасар Сафина Шуакбаева – №18 мектеп-гимназияның оқушысы, биыл 6-сыныпқа барады. Одан бөлек, жас суретші «Мольберт» көркемсурет студиясының шәкірті. Аталмыш студия көпшілікке жақсы мәлім Айгүл Тимербекованың «Жұлдыз» музыкалық студиясымен байланысты. Кішкентай кезінен сурет салғанды жаны сүйетін Сафина қазіргі таңда А.И. Никифоров өнер мектебіне де барып жүр. Осы уақытқа дейін ұйымдастырылған көрмелерге де қатысып, жұмыстарын көпшілік алдында таныстырып үлгерген.
– Кенеп бетіне оннан астам сурет салдым, ал қағазға салған суреттерім одан әлдеқайда асып жығылады. Әртүрлі тақырыптарда жазамын. Қала күніне арналған шығармашылық жұмыстардың көрмесіне қолымдағы «Менің Отаным» деп аталатын картинамды ұсынбақпын. Суретімнің алдыңғы фонында ұлттық киім киіп, ұлттық аспабымыз домбыраны ұстап тұрған қыз баланы бейнеледім. Ал, артқы жағында еліміздің картасы, «Бәйтерек» монументі және «Хан Шатыр» орталығы, Қостанай қаласының астықты өлке екендігін айғақтайтын көрнекі орындар, басқа да негізгі құндылықтарымыз бейнеленген, – дейді Сафина. Айтуынша, осы суреті арқылы еліміздің тәуелсіз әрі еркін ел екенін көрсетуді көздеген.
Иә, өнер атаулының бір елітіп әкетер сиқыры бар секілді. Қаламыздағы тағы бір беделді өнер ордасы – «Айсұлтан» өнер мектебінің шәкірттері де қала күнінде ән шырқамақ. Негізінде трио болып өнер көрсетіп, республика деңгейінде биіктерді бағындырып жүрген Дильназ Алембаева мен Асыл Бекбаеваның болашағы зор. Тоғызыншы сыныпты тәмамдай салысымен келешек мамандығына қадам жасаған Асыл қазір Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің 2-курс студенті. Халық аспаптары оркестірінің жетекшісі мамандығы бойынша білім алуда. Дильназ бүгінде 10-сыныпқа көшті. Екеуі де Қостанай ауданындағы Мемлекеттік тілде оқытатын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖББМ шәкірттері екенін айта кеткен жөн. Олар – алтын ұя мектебінің ғана емес, өңіріміздің мақтаныштары.
Қыздар биыл Түркістан қаласындағы халықаралық байқауда Гран-при иеленді. Қос өнерпаздың топ болып қана емес, жеке орындаушылық бағыттағы жетістіктері де аз емес. Мәселен, Дильназ Италияда өткен «Sun of Italy» халықаралық жазғы фестиваль-байқауының бірінші дәрежелі лауреаты. Қазылар алқасының мүшелерін өзінің вокалымен таңғалдырған ол, осылайша жоғары марапатты қанжығасына байлап әкелген. Ол «Айсұлтан» өнер мектебімен қатар Музыкалық мектепке де барып, осы бағытта білімін жетілдіріп жүр. Ал, биыл Астана қаласындағы көп жанрлы байқауға қатысып, Асыл 1-орынды иеленсе, Дильназ Гран-приді жеңіп алған. Өнерге жақын Дильназ да болашағын осы музыкалық бағытпен байланыстырмақ ниетте.
Болашағы зор Розалина Каканова
Небәрі төрт жасынан әншілік өнерді жанына серік еткен Розалина Каканова болса, көбінеки қазақ халық әндерін орындайды. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні – сүйікті әндерінің бірі екендігін айтады бізбен әңгімесінде. Мерекелік фестиваль барысында қостанайлықтарға «Балғын денем балқыған, шат көңілім шалқыған туған жер, / Анашымның ақ сүті-ау, топырағымнан аңқыған туған жер. / Ойын қуып аунаған, жүрегімді баураған туған жер, / Кең даласы әкемнің, құшағынан аумаған туған жер!», – деп келетін «Туған жер» әнін орындап бермек. Жас өнерпаз дәл осы әнімен биыл Алматы қаласында өткен көп жанрлы республикалық «BigShow» өнер байқауында өңіріміздің абыройын асқақтатып, Гран-при иеленіп келген жайы бар.
«Фаворит» би ұжымының сұлу қыздары
Ашылғандарына үш жыл ғана болған «Белая мама» балаларды дамыту студиясының қадамы құтты. Шәкірттері де – түрлі деңгейде ұйымдастырылатын байқаулардың белді қатысушылары. Студиядағы «Фаворит» би ұжымының жетекшісі Зарина Гапбасованың айтуынша, би үйірмесін барынша дамытып, барлық облыстық, қалалық іс-шараларға қатысуға тырысады. Қала күні – сондай мерейлі іс-шаралардың бірі. Ал, өнерлі жастардың фестивалі – сүйікті қаламыздың 145 жылдығына деген тартуы болса керек. Біз айтпаған әлі талай шығармашылық ұжымдар бар.
Қала күнін мерекелеу аясында спорт сүйер қауым тамыздың 15-інде «Қостанай – спорт қаласы» тақырыбында өтетін спорттық додалардың куәсі болады. Негізгі мерейтойлық іс-шаралар 16-17-сі күні өткізілмек. Арнайы шақырылған қазақстандық танымал жұлдыздар: күміс көмей әнші Роза Рымбаева, Қазақстан мен Ресей тыңдаушыларын «Дарите женщинам цветы» хитімен баураған Jazzdauren (Жандаурен Аблаев), «Салют, Вера» әніне ерекше кавердің авторы Mona Songz (Манарбек Жуматай) және «Жүрек» әні әлемді жаулап, 5 миллиардтан астам тыңдауды жинаған ADAM (Фаррух Тохтамуратов) өнер көрсетпек.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.