Кітапхана – қазынаға толы мекен

Выпуск - №28(625)   :   09.08.2024
606

13-1-1


Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы – аймақ кітапханаларының әдістемелік орталығы және республикадағы байырғы ірі мәдени ошақтардың бірі. Биыл қазынаға толы кітапханамызға Л Н. Толстой есімі берілгеніне 75 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай, Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі «Тарихы терең, қазынасы мол – кітапхана» атты библиографиялық көрсеткіш әзірледі.
Талай тарихи кезеңдерді бастан кешкен өңірдегі көне кітапхананың жылнамасы 1891 жылдан бастау алады. Еліміз қандай қиын заман болса да, рухани құндылықтары мен мәдени мұраларына селкеу түсірмеді. Өткенімізді ой елегінен өткізер болсақ, тағылымға толы салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениеті мен әдебиетін, тарихын қағазға түсіріп қаттап, кітап қылып шығарамаса да, ауыздан ауызға таратып, ұрпақтан ұрпаққа насихаттап, аманат етіп отырған. Кешегі дуалы ауыз дана бабаларымыз бен жырауларымыз ізгілік пен ізеттіліктің, имандылық пен ибалылықтың жаршысы болды.

13-1-2

Бүгінде сол асыл қазыналарымызды жас буынға жеткізуші алтын көпір – осы кітаптар мен кітапханалар. Өткен заманның тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Бұған жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін, ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары ретінде санаймын», – деген сөзі дәлел бола алады.

Тарихи құжатта айтылғандай, Торғай қамқорлық қоғамы Қостанай уезінің қоныс аударып келген орыстары арасында бастапқы білім беруді тарату үшін Қостанайда тегін «Халық оқу залын» ашу туралы Торғай облысының әскери губернаторына өтініш жасады. 1892 жылы осындай оқу залы ашылды, онда 467 кітап болды және ол Жарғы негізінде жұмыс істеді. 1894 жылғы желтоқсан айының 23-інде қала әкімшілігі «Қалалық қоғамдық кітапхана ашу» туралы қаулы шығарды. Ал, 1918 жылы Қостанай уездік және жұмысшылар мен шаруа депутаттары Кеңесінің басқа да атқару комитеттерінің қаулысымен барлық қоғамдық кітапханалар мемлекет меншігіне алынып, жергілікті халыққа білім беру органдарының қарамағына берілді.

Сөйтіп, 1919 жылы қарашада қалалық кітапхана «Орталық кітапхана» болып өзгертілді. Кітапхананың қолда бар құжаттарында мынадай мәлімет келтірілген: «1936 жылдың қаңтарынан бастап Қостанай облысының құрылуына байланысты қалалық кітапхана облыстық кітапхана деп атала бастады». 1949 жылы облыстық мәдени-ағарту жұмысы бөлімінің, облыстық кітапхана ұжымы мен оқырмандардың белсенді тобының өтініші бойынша Қостанай облыстық еңбек депутаттары Кеңесінің атқару комитеті Қостанай облыстық кітапханасына Лев Николаевич Толстой есімін беру туралы шешім қабылдады (Қостанай облыстық атқару комитетінің «Қостанай облыстық кітапханасына Л.Н. Толстой атын беру туралы» 1949 жылғы 29 маусымдағы №535 шешімі).

Бұл есімнің кітапханаға кездейсоқ берілмегеніне мұрағаттық құжаттар куә бола алады. Л.Н. Толстой мұраларының ішінде оның еш жерде жарияланбаған шаруа оқырмандармен хат алмасуы ерекше қызығушылық тудырады. Өмірінің соңғы жылдарында Л.Н. Толстой Ресейдің ең шалғай жерлерінен, ұлттық өңірлерден көптеген хаттар алды. Бірде-бір хат алушының назарынан тыс қалмады, бұған жауап хаттар мен алынған хат-хабарлардағы жазушының жазбалары дәлел бола алады. Бұл тұрғыда жазушының Торғай губерниясының Қостанай уезінің шаруаларымен хат алмасуы назар аударуға тұрарлық.

Мәскеудегі Л.Н. Толстой мұражайының қорында «қостанайлық іздер»: В.И. Касиванов пен И.В. Колесниковтың оннан астам жақсы сақталған хаттары бар. Әрқайсысында жазушының жеке жазбалары бар. Бұл тұрғыда жергілікті дереккөздер, оның ішінде Қостанай педагогикалық институтының әдеби мұражайының қорлары үлкен қызығушылық тудырады. Лев Николаевичтің қостанайлықтармен хат алмасуы туралы материалдарды Қостанай педагогикалық институтының марқұм болған профессоры Н.И. Кандалин жинады, ол аталған мәселе бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысып, Мәскеудегі Л.Н. Толстой мұражайында бірнеше рет болды.

Ұлы Отан соғысы – Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапхананың өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі. Соғыстың жүріп жатқанына қарамастан, жұмыс тоқтаған жоқ: кітап қоры толықтырыла берді, мерзімді басылымдар түсіп жатты, Кеңес Одағының ірі қалаларынан – Мәскеу, Ленинград, Симферополь, Киев, Херсон және басқалардан эвакуацияланған адамдардың есебінен оқырмандар саны артты. Ал, 1978 жылдан бастап кітапхана әмбебап-ғылыми кітапхана ретінде сапалы жаңа күйге көшті.

Көптеген жылдар бойы кітапхана ғимаратының орналасқан жері – Повстанческая көшесіндегі 74 үй болды. Кітапхананың одан әрі дамуы аумағының кеңеюімен, техникалық құралдарының, кітапханалық ресурстарының, бөлінетін қаржының, штаттың артуымен қатар жүрді. 1979 жылдың шілдесінде ерекше оқиға орын алды – кітапхана аумағы 6000 шаршы метр, 500 мың томнан астам кітапты сақтауға болатын қоймасы бар, 500 оқырманды қабылдай алатын жаңа ғимаратқа қоныс аударды.

Л.Н. Толстой атындағы Қостанай ОӘҒК – облыстағы баспасөз шығармаларының орталық қоймасы, өлкетану өңірлік әдебиетінің депозитарийі, кітапханалардың әдістемелік, зерттеу, библиографиялық және ақпараттық жұмыс орталығы, кітапханааралық абонементтің өңірлік орталығы. 1997 жылы Л.Н. Толстой атындағы ОӘҒК дүниежүзіне белгілі Сорос қорының грантын алды. Кітапхана байқауға қатысып, жеңімпаздар қатарына енді. Гранттың арқасында Интернет жүйесіне кіруге мүмкіндік туды, жаңа технологиялар сатып алынды, кезең-кезеңімен оқыту семинарларына шақырулар алынды, көптеген жаңа әдебиеттер алынды.

Бертін келе, 2001 жылы «РАБИС» бағдарламасын сатып алуға байланысты кітапханалық процестерді автоматтандыру кітапхана жұмысын түбегейлі өзгертті. Кітапхана қорына ағымдағы түсімдер туралы ақпарат енгізілетін электрондық каталогты қалыптастыру қарқынды жүріп жатты. 2018 жылдың қараша айында Web-RABIS бағдарламасы сатып алынды. Және 2019 жылдың қаңтарынан бастап кітапхана жаңа бағдарламамен жұмыс істей бастады. Кітапхананың ақпараттық ресурстарының негізі – оның үнемі толықтырылып, дамып келе жатқан кітап басылымдары мен мерзімді басылымдарының бай қоры. Мазмұны бойынша кітапхана қоры әмбебап болып саналады және 2023 жылдың басында мұнда 500,3 бірлік құжат болды.

XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген сирек кездесетін, аз танымал, ескі басылымдары бар кітап сақтау қоры кітапхананың мақтанышы болып табылады. Атақты жазушылардың, ақындардың, ғалымдардың қаламызда, соның ішінде кітапханамызда өткен әртүрлі шығармашылық кездесулерге, конференцияларға, онкүндіктерге қатысу барысында қолтаңбалары қойылған кітаптар аса құнды дүниелер болып саналады. Осы жылдар ішінде кітапхана оңалту, әлеуметтену, білім алу, демалу орталығына айналды. Оқырмандар сұранысын қамтамасыз ететін барлық жағдай жасалған.

Жыл сайын заманға сай ақпараттық технологиялар базасында жұмыс істейтін инновациялық үлгідегі заманауи мəдени ошақ оқырмандарының қатары артып келеді. Кітапханада көптеген мəдени жобалар мен бағдарламалар іске асырылуда, сондай-ақ оқырмандарға қызмет көрсететін 6 бөлім жұмыс істейді. Абонементтер бөлімінде ғылыми, оқу және көркем әдебиеттің әмбебап қоры және журналдар мен газеттердің 100-ден астам атауы бар. Телефон арқылы және онлайн қызмет көрсету жүргізіледі.

Ал, кітапхананың өнер бөлімінде құрамы және көлемі бойынша бірегей және теңдесі жоқ дыбысхана жинақталған. Бұл жерде әлемдік музыканың, ТМД елдерінің, шетел музыкасының, эстрадалық әндердің, әдеби қойылымдардың, балалар шығармаларының маржандарымен және шу әсерлерімен танысуға болады.

Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі (АБҚБ) анықтамалық-библиографиялық және ақпараттық қызмет көрсетуді жүргізеді, ОӘҒК қорлары мен анықтамалық-библиографиялық аппаратының, соның ішінде электрондық каталогтары мен дерекқорларының, сондай-ақ ҚазҰЭК мен интернет-ресурстардың базасында жергілікті және қашықтағы пайдаланушылардың ауызша және жазбаша библиографиялық сұратуларын орындайды. Мұның сыртында бөлімде Құжаттарды электронды жеткізу қызметі (ҚЭЖ), Виртуалды анықтама қызметі (ВАҚ) жұмыс істейді.

Бөлімнің ұжымы кітапхананың анықтамалық-библиографиялық аппаратын жасайды. Барлық санаттағы пайдаланушылар үйден шықпай-ақ кітапхана қорында бар кітаптар мен мерзімді басылымдар туралы қажетті ақпаратты алуы үшін ЭК сайтқа қойылған. 1973 жылдан бастап жыл сайын «Қостанай облысының атаулы күндері және оқиғалар күнтізбегін», сондай-ақ дербес және тақырыптық библиографиялық құралдар шығарады.

2016 жылы төрт бөлім (мерзімді басылымдар бөлімі, қазақ әдебиеттер бөлімі, кітапхана процестерін автоматтандыру және механизациялау бөлімі және оқырман залы) біріктіріліп, оқырмандар үшін ашық қолжетімді қоры бар Әмбебап оқу залы ұйымдастырылды. Бөлімде материалдарды пайдалану үшін барлық жағдайлар жасалған, «BestProfi» анықтамалық-құқықтық жүйесін пайдалануға болады. Тегін Wi-Fi Әмбебап оқу залын жұмыс істеу, оқу және демалу үшін тамаша орынға айналдырады. «Компьютер әліппесі» жобасы аясында келушілерге компьютерлік сауаттылық бойынша тегін курстар өткізіледі.

Кітапхана қабырғасында 2017 жылы өлкетану әдебиеттерінің жаңа бөлімі ашылды. Бөлім екі құрылымдық бөлімшеден: Электронды өлкетану ресурстарын жасау және көрме-бұқаралық жұмыстар секторы, сондай-ақ Әдеби-ақпараттық сектордан тұрады. Төрт әдеби бірлестік: «Ақ қауырсын» әдеби клубы, «Крылья» жастар әдеби студиясы, «Ковчег» аймақтық әдебиет бірлестігі, «PrataMartis» әдеби бірлестігі тұрақты жұмыс істейді.

2020 жылы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға қызмет көрсету қолайлы және жайлы болуы үшін Қостанай облысы әкімдігінің 2020 жылғы 19 қазандағы №369 қаулысына сәйкес, Қостанай облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасын Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына қосу туралы шешім қабылданды. 2021 жылдың 5 қаңтарынан бастап кітапханада жаңа құрылымдық бөлімше – Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтармен жұмыс бөлімі пайда болды.

Аталмыш бөлім жанынан Брайль қарпімен (БНҚ), үлкейтілген қаріппен (ҮҚ) шығарылған және дыбысталған кітаптардан тұратын арнайы әдебиет қоры құрылды. Үй абонементі жұмыс істейді. Оқырмандардың ой-өрісі мен қызығушылығын қалыптастыру мақсатында «Дода» үстел ойындары клубы жұмыс істейді.

Кітапхана 2020 жылы Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына-2020» ІІІ республикалық фестивалінің «Кітапханалық үздік онлайн жоба» номинациясы бойынша сертификат және диплом; 2021 жылы Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына-2021» IV республикалық фестивалінің «Облыстық маңызы бар үздік мемлекеттік кітапхана» номинациясы бойынша сертификат және диплом; 2023 жылы мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараларға белсенді қатысқаны және қолдағаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатына ие болды. Осы және басқа да марапаттар Л.Н. Толстой атындағы Қостанай ОӘҒК» КММ жемісті жұмысының нәтижесі болса керек.

Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылықтың киелі ордасы. Ал осындай киелі орданың жүрегі – кітапханашылар екені рас. Осы тұста, облыстың кітапхана ісінің дамуына үлкен үлес қосқан қызметкерлерді атап өтпеуге болмас. Олардың алдыңғы қатарында: Е.М. Петрушина, В.А. Лапшин, Л.П. Селиверстова, А.П. Вертинская, М.С. Щедрина, Н.А. Токарева, Н.А. Ченцова, К.К. Калимова, С.С. Юсупова, У.Абишева, В.А. Ким, Г.Ғ. Қазина, Д.Т. Дүйсебаева және басқалары бар.

Болашаққа зор сеніммен қарай отырып, жаңа үлгіге сай ғимараттың болуын армандаймыз. Тәуелсіз еліміздің экономикалық әл-ауқаты жыл өткен сайын көтеріліп келеді. Ендеше, бұл арманымыздың көп кешікпей-ақ шындыққа айналатындығына күмән жоқ. Қостанай қаласы мен облыс тұрғындары үшін ағартушылық және мәдени демалыс орны саналған кітапханамыз, ең бастысы, өңіріміздің мәдени-тарихи мұрасын сақтау және дамыту орталығы ретінде тәуелсіз елімізбен бірге әлі де талай ғасыр өмір сүріп, дами берері сөзсіз...

Бахытгүл РЫСПАЕВА,
Л.Н. Толстой атындағы
Қостанай облыстық әмбебап-
ғылыми кітапханасының
ақпараттық-библиографиялық
қамтамасыз ету бөлімінің
бас әкімшісі

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.