Әрбір адам кішкентайынан саф ауасымен тыныстап, қуанса да, мұңайса да алақанына салып, тербеттер туып-өскен жерін қадір тұтады. Сол секілді мен де, өзімнің туған жерім, қыдыр қонып, құт дарыған, шежірелі өлке – Науырзым жерін мақтанышпен айта аламын.
Науырзымда республикамыздағы он қорықтың бірден бірегейі – Науырзым мемлекеттік қорығы орналасқан. Бұл күндері ашық аспан астындағы мұражай саналып, төрткүл дүниені өзінің адам қолы тимеген жабайы сұлулығымен таңғалдырып отырған Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы – Қостанай облысының Науырзым және Әулиекөл аудандарында орналасқан теңдесі жоқ ұлттық құндылықтарымыздың қатарына жатады. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енгізіліп, әлем елдерін мойындатып отырған шежірелі Науырзым өлкесінің қойнауы байлыққа толы, тарихы сырға толы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді.
Ауданымыздағы көнекөз қариялардың естеліктеріне сүйенсек, Науырзымның құт дарыған, киелі жері, бауырындағы перзенттерін ешқашан аш-өзек қалдырмай, сонау қиын-қыстау, ел басына күн туған шақтарда да қорған болған. Қарияларымыздың айтуынша, Ұлы Отан соғысы жылдары Науырзым жерінде ғана өсетін қарағай ағашынан қара май өндіріліп, көп мөлшерде майданға жөнелтіліп отырған. Ауданымыздағы Қарамайшы атты елді мекеннің аталуының да сыры осы деседі. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде өлкеміздегі халықаралық маңызды сулы-батпақты Рамсар тізіміне енгізілген Сарымойын, Жаркөл, Ақсуат көлдер жүйесінен де сол соғыс жылдары тұз қазылып, көлдерінен балық ауланып, майдандағы жауынгерлерге жөнелтілген екен.
Бүгінде ұлттық құндылығымыз – қорығымыздың жүгірген аңынан бастап, ұшқан құсына, жыбырлаған жәндігіне дейін қорған болып, олардың тыныштығын көзінің қарашығындай сақтайтын табиғатты қорғау инспекторларының еңбегі зор. Өлкемізде осынау қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүретін мамандықты адал атқарып жүрген, бүгінде еңбегі еленіп, халқы құрмет тұтқан Бекенов Рахан ағамыз берген сұхбатында, осы өлкенің кіндігі саналатын Ескінауырзым жерін өзінің ата қонысы екенін, ата-бабаларының да осы табиғатты қорғау ісінде өлшеусіз із қалдырғанын, бұл мамандықтың атадан балаға мұра болып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы екенін айтты. Атасы Өтебайдың он екі жыртқыш қасқырдың қоршауынан аман қалып, жанқиярлықпен құтылған ерлігі ел ішінде таралып, ұрпақтарына дем беріп, рухтандырып отырады екен.
Ағамыз табиғатты қорғау үлкен жауапкершілікпен қатар сақтықты, батырлықты талап ететінін айтты. Әсіресе, жаз кездерінде тілсіз жау өрттің, майлы қарағай ағашын жиі маңайлайтынын, сондықтан көктен түскен найзағай ұшқынын бірінші болып байқап, өрттің алдын алу осы табиғат сақшыларының қырағылығын талап ететінін айтты. Оның айқын дәлелі, Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының табиғи тілсіз жау – қызыл жалынға оранып, әлі түтіні басылмай жатқаны. Соңғы отыз жылдың ішінде мұндай төтенше жағдай тіркелмеген аймақтағы тілсіз жаумен күресе жүріп, 14 орманшы ерлікпен қаза тапты. Олар табиғаттың байлығы – жасыл орманды алқаптарымызды сақтап қалуға теңдессіз зор іздерін қалдырған, патриотизмнің ең жоғары шыңын бағындырып, биік нүктесін қойған ерлер.
Менің ойымша, осы табиғатты қорғау жолында адал қызмет етіп, жеке басының мүддесінен гөрі ел мүддесін жоғары қойып, өзінің туған жерінен, өз ата қонысынан ешқайда кетпей, елінің көркеюіне септігін тигізіп, ата жолын абыроймен жалғап, елінің елеулісі бола білген азаматтар – орманшыларымыз, мемлекеттік инспекторларымыз бүгінгі күннің нағыз патриоттары, Отанының адал ұлдары дер едім. «Мәуесі бардың әуесі бар» дейді халқымыз. Табиғатқа өз үйіндей қарап, оны аялаған адамның да қоршаған аясы әдемі болмақ. Сондықтан да үйің мен бау-бақшаңа қарағаның сынды, тұтас табиғатқа да сондай жанашырлықпен қараған жөн.
Сөз соңында «Туған елге тағзым ету – парызым, туған жерге қызмет ету – қарызым» демекші, еліміздің, туған жеріміздің одан әрі көркеюіне атсалысып, үлес қосу – әрбір пенденің туған өлкесінің алдындағы парызы, бұзылмас берік анты деп білемін. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, мансап қуып туған жерінен жырақ кетпей, өмір сүріп отырған ортасының сұлулығын сақтап, ауасының, суының ластануына жол бермей, оның өсіп-өркендеп, гүлденуіне үлесін қосса, игілігі мол іске үлес қосар еді деп есептеймін.
Гульнур УТЕЛЬБАЕВА,
Науырзым мемлекеттік
табиғи қорығы, экология
ағарту бөлімінің
нұсқаушы-экскурсоводы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.