Жас өлкетанушылар мен туристер слёті

Выпуск - №24(471)   :   19.06.2021
437

Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін арттыруда өлкетанудың рөлі зор. Алтынсарин ауданындағы Генерал Бәкіров атындағы сауықтыру лагерінде жас өлкетанушылар мен туристердің облыстық слёті өтті.

Үш күнге жалғасқан айтулы шара Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының дене шынықтыру және балалар-жасөспірімдер туризмі өңірлік орталығының ұйымдастыруымен қазақтың педагог-ағартушысы, жазушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылғандығын айта кеткен ләзім.

Жылдағы дәстүрге сай өткізілетін слёт туризмді белсенді және саламатты өмір салты ретінде насихаттау, туристік көпсайысты және спорттық бағдарлауды танымал етуді көздейді. Сондай-ақ өзара туристік жұмыс тәжірибесімен алмасу, мықты командалар мен қатысушыларды айқындау мақсаты да назардан тыс қалған емес.



«Менің Отаным – Қазақстан» деген тақырып аясында бас қосқан жас өлкетанушылар мен туристердің облыстық слётіне биыл санитарлық талаптарды сақтай отырып Қостанай облысының түкпір-түкпірінен, тақтылар болсақ, Әулиекөл, Қостанай, Меңдіқара, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандары мен Қостанай және Лисаков қалаларынан жалпы саны 9 команда қатысты.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, қазіргі уақыт талап етіп отырған жағдайға байланысты, сайысқа қатысушылардың барлығында дерлік Covid-19 вирусымен ауырмайтындығын растайтын теріс ПТР-тест болды.



Лагерь аумағында жиналған облыстық слётке қатысушылар енжар демалушылар емес, үлкен белсенділік танытқан туристер болды. Демалыс алаңына келе салысымен, олар табиғат аясында шатырларын құрып, орналаса бастады. Слёт аясында үш күн бойы сол шатырда ұйықтап, өздері отқа тамақ әзірлегенінің өзі бір ерекше әсер сыйлағандығын айтады қатысушылар.

Бұның өзі слёт бағдарламасының, сайыстың негізгі бір бөлігі болды. Неге десеңіздер, жас туристердің дайындаған таңғы, түскі және кешкі астары назарға алынып, олар сайыс барысында өз бағасын алып жатты. Осы уақытқа дейін аспазшылар сайысында тек бір тағам ғана бағалануға ұсынылатын, ал биыл бір күнгі мәзір толық қаралды.



Қатысушы командалар тұрақтаған орынның абаттандырылуы мен тазалығы да әділ қазылар алқасы тарапынан бивуактар сайысында лайықты бағаланды. Ал бос уақыттарын тиімді ұйымдастыра білу қабілеттерін жас өлкетанушылар қатысқан туристік әндер байқауынан, команданың бір жыл ішінде жасаған сапарларынан жинақталған фотоесептерінен және төрешілер алқасы белгілеген тақырыпта дайындаған қабырға газеттерінен байқауға болады.



Слёт Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, қабырға газетінің тақырыбы да соған сай таңдап алынды. «Туристік слётте Ы.Алтынсариннің шығармашылығына арналған шығармашылық кеш» тақырыбындағы қабырға газеті өз деңгейінде ұйымдастырылды.

Биыл слёттегі капитандар сайысына да өзгерістер енгізілгенін атап өтсек ләзім.

Бұған дейін аталған сайыс қатысушылардың күш, ептілік және шыдамдылығын анықтауға бағытталған тапсырмалардан тұрған болса, енді оның қатарын топ басшыларының зияткерлік қабілеттерін көрсететін тапсырмалар да толықтырып отыр. Бұл да, өз кезегінде, өскелең ұрпақтың жан-жақтылығын көрсетуді көздесе керек.



Байқау бағдарламасынан басқа, слёт үш техникалық қашықтықтан тұрған дәстүрлі жарыстардан тұрды.

Атап өтер болсақ: туристік кедергілер жолағы, аспалы өткел, батпақ үстінен сырық арқылы өту, бөренелер мен параллель сүйеніштер арқылы өткел, зардап шегушіні тасымалдаумен алғашқы медициналық көмек көрсету, техникалық жолақтағы жеке-командалық біріншілік, туристік эстафета.

Төрешілер бригадасының өкілдері жарыс кезінде өз командаларын ғана емес, қарсыластарын да ыстық қолдағанын атап өтті.

Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпаққа достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастардың маңыздылығын терең ұғынуына ықпал ете отырып, бауырмалдық сезімдерін арттырады.



Тартысты әрі ерекше сайыс бағдарламасының нәтижесінде I орынға – Әулиекөл ауданынан қатысқан «Меридиан-Родник» командасы.

II орынға – Сарыкөл ауданынан қатысқан «Алтай» командасы, ал III орынға – Қостанай ауданының атынан қатысқан «Степная братва» командасы ие болды.

Ал слёт қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте I орынды Сарыкөл ауданының «Алтай» командасы, II орынды Қостанай қаласының «Самұрық» командасы, ал III орынды Қостанай ауданының «Степная братва» командасы қанжығасына байлады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен, кубоктармен және туристік құрал-жабдықтармен марапатталды.



Көтеріңкі көңіл-күй, өзіңмен ой-пікірі бағыттас жандармен өткізген қызыққа толы күндер, ерекше ұйымдастырылған әсерлі сайыстар, жолда кездескен кедергілерден командаластардың бір-бірін демеп, қолдау көрсетіп өтуі – мұның бәрі жас туристер мен өлкетанушылар слётінде алған әсердің бір парасы ғана. Қатысушы командалар табиғат аясында үш күнге созылған шытырманға толы уақыттан шабыттанып, ләззаталғандарын жасырмады.

Жыл сайын ұйымдастырылатын шара келер жылы да дәстүрлі жалғасын таппақ. Ал жас өлкетанушылар шатырлы лагерде өткізген күндерін көпке дейін ұмытпасы анық.


 

Жамал ШАУКЕН,
суреттерді түсірген
Алма РЫСМУХАМБЕТОВА

 

Реклама

Я никогда не учу своих учеников, я пытаюсь только обеспечить условия, в которых они смогут учиться. Учителю необходимо узнать об интересах ученика, увидеть в нём потенциал и бросить все силы на его развитие. Причём сделать это так, чтобы ребёнок хотел учиться и мог это делать. 

"К педагогическому делу надо призывать, как к делу морскому, медицинскому или тому подобным, не тех, которые стремятся только обеспечить свою жизнь, а тех, которые чувствуют к этому делу и к науке сознательное призвание и предчувствуют в нём своё удовлетворение, понимая общую народную надобность".