Қазақ тілі тұғырына қашан орнығар екен?

Выпуск - №40(537)   :   14.10.2022
673

Мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрді дамыту бағытында біршама жұмыстар жүргізу қажеттігіне ерекше мән берілгені белгілі. Ұлт ұстаздары, өз танымымда зиялылар шоғыры ана тіліміздің азаттығы үшін күреске баса назар аударды.

Елімізде кезінде белсенді құрылған «Қазақ тілі» қоғамы көп істерге ұйытқы болғаны рас. Өкініштісі, «экономиканы өркендетеміз» деп қоғам жұмысын кейінге сырып, жабылғаны ақиқат. 1995 жылы қабылданған Ата Заңның 7-бабындағы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» делінген. Ал 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» Заңындағы «Мемлекетік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп көрсетілген құқықтық нормалар тиісті деңгейде жұмыс істемей, осалдық танытуда.

Қазақ тіліне келгенде бір-бірімізге кедергі жасап келеміз. Ресми орыс тілінің қызметін өрістетіп, ағылшын тілінің өркені өсіп жатқанда тәуелсіз қазақ елінде қазақ тілі өз деңгейінде оң шешімін таппауы елдігімізге сын. Қазақ мектептерінде орыс тілі пәнін оқыту топқа бөлініп, аптасына 3 сағатты құрайды, ал жеке алып қарағанда, мысалы, жаратылыстану бағыты бойынша жоғары буындағы 10-11 сыныптарда біздің қазақ тілі аптасына 1 сағатты құрайды. Осы әділетті ме? Қазақ тілі 1989 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болды. Содан бергі уақыт ішінде тіліміздің қанатын кеңге жаюға бағытталған шаралар да өткізілді. Тіліміздің қанат қағуымен қатар көңілімізге кірбің келтірер көлеңкелі жайттар да кездеседі.

Қазақ тілінің өз тұғырына орныға алмауының бірнеше себептері де бар. Осы жыл Ахмет Байтұрсынұлының, бар ғұмырын тілімізге арнаған ана тiлiмiздiң жылы. Мәдениеттiң күшi – тiлде! Аналар қай тілде сөйлесе, баласы да сол тілде сөйлейді, ол бұлтартпас шындық. Біріншіден, әлеуметтік тілдік орта әлсіз. Екіншіден, ата-ананың, ата-әженің тілге деген көзқарасының, нақты шешімінің орнықсыздығы. Үшіншіден, тілге деген қажеттіліктің жоқтығы. Төртіншіден, қазақша кітап, қазақы кино, қазақы құралды қолданбауымыз. Осы орайда қазақ ата-аналарының өзі тілді білмесе де, қазақ сыныптарына, қазақ мектептеріне, мемлекеттік тілдегі балабақшаға балаларын беруі керек. Көбінесе ата-ана өзі қиналатындығын біліп, оңай жолын іздейді. Балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқан өзге ұлт өкілдері бар, сонда біздегі намыс, сана-сезім қайда?

Қазақ мектептерінің білім сапасы орыс мектептерінен әлдеқайда алда, озық тұр. Мемлекет басшысының: «Ағылшын тілін 5-сыныптан бастап оқыту орынды әрі тиімді болады деп санаймын», – деген пікірін құптаймын. Өйткені, қазақ баласы талапты, талантты, қабілетті. Ұлттық тәлім-тәрбиені іске асыратын ұлттық тіл екені даусыз. Осы мәселенің түп-тамырын шешу үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, тіл жанашырларына көп салмақ түседі. Олай деу себебім: тілді балаға негізін қалап, дамытатын, ана тіліне деген сүйіспеншілігін бойына сіңіртетін – ұстаз. Жақсы үміттің сәулесіндей Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмысы жанданды, атқарар істер қолға алынды. Тіл жанашырларының темірқазығы – ұлт пен тіл мәселесі. Білек сыбана кірісер кез келді. Мақсат айқын. Тек науқанында, яғни тілдер мерекесі қарсаңында ғана белсенділік танытып, ат үсті қарамаса болғаны.

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие 200 тілдің қатарында екен. Жалпы тілдің әлеуеті сөз байлығымен, сөздік қорымен өлшенеді. Қазақ тілі түркі тілдер ішіндегі ең көркем, әрі бай тіл. Ол үшін іс қағаздары тек бір тілде болса, көш ілгері жүретініміз анық. Өкінішке қарай, қазақ тілі аударма ретінде орыс тілді құжаттың көлеңкесінде қалып отыр. Сондықтан идеология мемлекеттің басшыларынан басталуы керек. «Ұлттың сақталуына да жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл», – деген А.Байтұрсынұлының ұлағатты сөзі ойға оралады.

Қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт өкілі айналасындағы қазақтардың қазақ тілінде сөйлемейтініне таңғалады әрі түсінбейді. «Сонда мен кіммен сөйлесемін? Неге қазақтар өз тілінде сөйлемейді?» деп ойлайды. Әрине, көп тіл білгеннің артықшылығы мол. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұлағатты ұмытпауымыз қажет. «Үлгің ұрпағыңа ұласу үшін тәрбиең уызынан жарысын» дейді ғой бұрынғылар. Елбасының: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін», – деген сөзінде терең мағына жатыр. Әр халықтың рухани мәдениеті, ғылымы, әлеуметтік қызметі тоқталып қалмай, аударма жұмысы арқылы басқа халықтарға танылуда. Еліміз егемендік алып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі көтерілген кезеңде аударма жұмысына үлкен көңіл бөлініп отыр.

Тілдің қолдану аясын кеңейту шаралары бар. Қазіргі жастардың ана тілге деген құлшынысы қуантады, өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді ұлықтаған сайыстарға белсенді қатысып, тілдің қажеттілігін сезінуде. Мемлекеттік тілді еркін білетін халықтың орта буын өкілдерінің үлесі айтарлықтай артты. Бұл – тәуелсіздіктің үлкен жетістігі. Келесі он жылдан кейін мемлекеттік тілді білетін мектеп бітірушілер 100 пайызды құрауы қажет. Меніңше, қазақ тілі қоғамымыздың барлық саласында кең қолданыла бастаған кезде ғана өзінің шын мәнінде мемлекеттік тіл дәржесіне көтеріле алады. Ол үшін мемлекеттік деңгейде, облыстық басшылық тарапынан үлкен қолдау мен көмек қажет. Ал осы жетістіктерге жету үшін біз барлығын да жасаймыз.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін оның маңыздылығын арттыру қажет.
1.Тілдік ортаны кеңейтуде қоғамдық әлеуетті жұмылдыру, тілдің қолдану аясын, орынды қолдану сапасын арттыру.
2. Мемлекеттік тілді ұлттық рухани-мәдени болмысын насихаттау аясында өрбіту.
3.Тілдік ресурстарды нығайту, жетілдіруге ықпал ету. Кітапханаларға қазақ тіліндегі көркем шығармаларды көбейту. Көпшілік тамақтанатын жерлердегі ас мәзірі, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларындағы жазуды, жарнама, нұсқағыштар, хабарландыру басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде жазу.

Тілді меңгермейтін бала болмайды. Қазақ мектебінде тілдік орта бар. Ұлтыңа жаның ашыса, қазақ балаларын орыс мектебінен қазақ мектебіне үгіттеген жөн. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тілді меңгерсе, кейін үлгерімге назар аудару қажет. Бұл жерде мұғалімнің ықпалы, еңбегі, төзімділігі үлкен маңызға ие. Аралас мектептердегі қазақ басшылары қазақша бағытта жұмыс істеуге құлықсыз, алдымен соларда патриоттық сезім болу керек. «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек», – деп Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтпаған. Тәуелсіз елімізде қазақ ұлтына қызмет ететін болашақты бірге тәрбиелейік!

Қымбат БІРМАНОВА,
Б.Майлин атындағы
№7 мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының мүшесі,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.