Өмірдегі бақытым – жүрек қалауымен ұстаз болуым деп есептеймін. Бұл жай ғана әдемі сөйлем болып құрала салған создер емес, бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы.
Егер де қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам тәрбиелеп, өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені, мен – ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Бұл сөздерді үлкен мақтаныш сезіммен айта аламын. Шәкірттерім егемен елдің толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын. Міне, осындайда «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан есіме аламын.
Әрине, ұстаз болу үшін жоғарғы педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұстаздық атты шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізуге болады деп білемін. Бұл менің ұзақ жылдар ұстаздық еткен қызметімнің алтын арқауы, бәйтеректей биік діңгегі. Ұстаз ретінде жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Ешуақытта есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген ұлағатты сөзі шыққан емес. Оны басты өмірлік кәсіби ұстанымым ретінде мақсатымды алтын қазыққа байлап келемін.
Менің ұғымымда, біріншіден, ұстаздың міндеті өз пәнін шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңде жатыр. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, ұстаздардың айнымас борышымыз. Екіншіден, ең бастысы, мұғалім шын мәнінде баланы жақсы көруі керек. Ең әуелі, рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мұғалім өз мәртебесін көтере алады. Үшіншіден, балаға үнемі қолдау көрсету – үлкен мәнді, ізгі ұстаным. Оның астарында көптеген қағидалар бар: баланы жақсы көру, оның адами өмір сүру ортасын шама жеткенше ұйымдастыру, баланың бойынан өзінің балалық шағын зерделі көзбен көру.
Ұстаздың асыл да ауыр еңбегінің мұраты сонда ғана ақталады. Осы айтылған талаптардың деңгейінен табылу жолында бар күш-жігерімді, білімім мен білігімді, жылдар бойғы тәжірибемді жұмсап келемін. Тіл маманы болу – бір күнде ойыма келе қалған арман емес, ол жылдар бойы кітапқа деген сүйіспеншіліктің, түрлі әдеби шығармаларды оқу арқылы туған армандардың нәтижесі деп бағалауға болады. Қазақ даласындағы аумалы-төкпелі заманда ұрпақ болашағын ойлап, балалар мен жас жеткіншектердің тағдырына терең үңілген ағартушы ұстаз, осы жолда аянбай еңбек еткен Ыбырай атамыздың сара жолы, ұстаздық өнегесі әр мұғалімнің жүрегінде тұмар етіп тағулы деп ойлаймын.
Расында да ұстаздық жайлы сөз қозғалса, Ыбырай атамызды айтпай кету мүмкін емес. Ыбырай Алтынсарин – қазақ жерінде оқу-ағарту ісін жүзеге асырған, қазақ зиялылырының арасынан шыққан тұңғыш халық ағартушысы, қоғамда өзгерісті жасау жолында талмай күрескен аса талантты педагог, дарынды жазушы, ақын әрі қоғам қайраткері. Көрнекті әдебиетші ғалым Қ.Жұмалиев өзінің «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» деген ғылыми-зерттеу еңбегінде педагог-жазушыға: «ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Европа мәдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушылар дәрежесіне көтерілген әрі педагог, әрі ақын-жазушы Ыбырай Алтынсариннің өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор», – деп баға берген.
Ал заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Ыбырай Алтынсарин туралы былай жазды: «Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогрессшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді... Ыбырай да сол бір бағытта болумен қатар, өмірі, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік-қоғамдық қайраты, әрекеті жөнінде Шоқанға да, Абайға да ұқсамайды. Ыбырай Шоқан мен Абайдыңда ісін өз өмірінде еңбегіне түйістіріп, қоса білді. Сөйтіп, ол Шоқан мен Абайдың істеген тың тарихтың ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол жаңа үлгідегі ақын, әрі сол кездегі Ресейде батыл жаңалық жасап, тың үлгідегі мектеп ашушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты ол аса шебер өнерлі түрде қабыстырушы».
Кезінде қазақ халқының болашақ тағдырын орыс мәдениетімен бірлікте алып қараған Шоқан, Абай және Ыбырай секілді ұлы ағартушы-демократтар тарихымызда өшпестей ізін қалдырды. Қазіргі таңда Қазақстандық білім беру мен ғылым жүйесін жаңғырту кезеңінде тұрмыз. Әрбір адамның сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен мектептегі білімге қолжетімділігін, жаңа кәсіби білім алуын, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шығармашылық құзыреттерін дамыту мүмкіндіктерін көздейді. Яғни, Ыбырай Алтынсариннің сара жолын әлі де жалғастырып келеміз. Білім беру саласындағы реформалар, әлбетте жаңалықтар, оны тәжірибеге енгізу, артынша оның нәтижесін, қорытындысын шығару үшін жылдар керек болады. Ыбырай атамыздың салып кеткен жаңа мектебінде жаңаша оқыту түрі енгізілді. Ондағы әр бала жеке тұлға ретінде қабылданады.
Қазіргі мектептерге енгізілген жаңаша технологияның бірі – тұлғаның ойын дамыту, ендеше оқу мен жазуды сыни тұрғыдан ойлау технологиясы бүгінгі білім беру саласында кеңінен етек жайды. Сыни тұрғыдан ойлау бағдарламасы екі мағынада қарастырылады: оқушылардың және мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту. Бұл дегеніміз – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни тұрғыдан ойлау, көбінесе, қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді. Жаңаша оқыту дегеніміз – мағынаны іздеу, өзінің көзқарасымен ғана шектелмей, басқалардың да пікірін ескеріп, қандай да обьективті ойлау және қисыны бар өзіндік қате сенімінен бас тарта білу.
Тұлға жаңа идеяларды ұсынуға және жаңа мүмкіндіктерді көруге қабілетті. Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді. Жаңа инновациялық технологияларды қолдану, яғни ойлауға үйрету, оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруына, достарының ойын тыңдауға, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған. Оқушы бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім – осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. Бұл күндері өзекті мәселелердің бірі – мектеп оқушысының әдеби кітап оқымайтындығы. Олар бар ақпаратты интернеттен іздеп, тауып алып, оқып, көшіріп алып, дайын материалмен жұмыс жүргізіп, қысқа оймен шектеліп жүр.
Оқу материалынан басқа әдеби, тарихи кітап оқуға деген ынтасы болмағандықтан да бүгінгі оқушылардың сөздік қоры тайыз деуге болады. Ыбырай атамыздың барлық білімдік, тәрбиелік мәні бар әңгімелері, өлеңдері оқулыққа енгізілген, қазіргі ата-аналар мен мұғалімдер соған шүкіршілік етеді. Осындай жағдайда жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден бір шарты – мұғалімнің ізденімпаз болуы. Неге десеңіз, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейімен өлшенеді. Сол себепті сабақты жаңаша құрып, инновациялық түрлі тәсілдерді, педагогикалық білімдерді жетілдіре отырып, оны дер кезінде қабылдап, өңдеп, нәтижелі пайдалана білу – әрбір ұстаздың міндеті болуы керек. Қазіргі сабақтар оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, жұптық және ұжымдық бірлесіп жұмыс істеуге, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Ең бастысы, оқушы білімінің тереңдігі мен тиянақтылығын арттырады.
Білім берудің әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ бұлар бір-бірімен өзара өте тығыз байланысты. Қазіргі балаларды оқытуда ойлауды үйрету үшін әлеуі уақыт керек, оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру, әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау, үйрену барысындағы оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдану, бір-бірінің жауабына жасаған жұмыстарының дәлелді, дәйекті болуын талап ету. Сол сияқты тіл тазалығын сақтау, тіл дамыту жұмыстарын сабақта жүргізу тіл пәні мұғалімдерінің ғана мәселесі болмауы керек, барлық пән мұғалімдері талап етуі тиіс. Тұлғаның ойын тіл арқылы жеткізуі, сауаттылық проблемасын да жүзеге асыру мұғалімнің білімділігіне де байланысты.
Жаңаша оқытудың тиімді жақтарына тоқталсақ, ол оқушылардың өздігінен жан-жақты білім алуына жағдай жасайды, сабақ кезінде уақытты ұтымды пайдалану мүмкіндігі артады, оқушылар өзара пікір алмасуға мүмкіндік алып, мұғалім мен оқушылар арасында ізгілікті қарым-қатынас орнайды, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, түсіну сезімдерін арттыру, сауатты жазу, мәнерлеп оқу, мағыналы сөйлеу, өлең шығару, эссе жазу, тағы да басқа көптеген қасиеттерін дамытып, қалыптастыруға болады. Білім беру саласында мұғалімнің алдына қойған қазіргі мақсаты – Ы.Алтынсарин атамыздың салып кеткен сара жолымен, оқушыларға ұлттық педагогикалық тәрбие және білім берумен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін арттыру. Сол себепті сабақты идеялық жағынан ғылыми негізде, өмірмен байланысты ұйымдастыру, білім құмарлығын таныту, әр сабақта оқушыларды ойлануға өздігінен ізденіс жасауға баулып, ойын ауызша, жазбаша жинақтап баяндай білуге, мәдениетті сөйлеуге үйрету арқылы ұлттық әдет-ғұрыпты бойына сіңіруге дағдыландыру – әрбір ұстаздың абыройлы борышы деп санаймын.
«Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім», – деп Стронг айтқандай, ұстаздық білімділікпен қоса ізденпаздықты, дарындылық, ұйымдастырушылық, тағы да көптеген құндылықтарды талап ететін маман иесі. Иә, мен ұлт мұраты, мемлекет пен халық мүддесін орындап, қоғамның рухани дамуына сай асыл құндылықтарға қол жеткізген мамандық иесі – ұстазбын!
Кенжегүл СЕЙДАХМЕТОВА,
Ә.Боранбаев атындағы
ЖББ мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Амангелді ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.