Тілге жанашырлық керек

Выпуск - №23(671)   :   20.06.2025
426

1

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына енді бірер жылда қырық жыл толады екен. Аз уақыт емес. Әйтсе де мемлекеттік тіл өз тұғырына нық қонды дей аламыз ба?
Осы сұрақ төңірегінде, ең алдымен, мемлекет құраушы ұлт өкілдері көбірек ойланса екен дейміз. Бұлай деуіме негіз жоқ емес. Бірде жақын араласатын әріптесімнен: «Қазақ тіліне жаның аши ма?», – деп сұрадым. Оның ойланбастан: «Маған бәрібір», – деген жауабы мені әлі күнге таңғалдырады. Ұзақ жылдар бойы қазақ тілінен сабақ берген, білімі мен білігі терең педагогтің сол сөзі әлі күнге жадымда жаңғырып тұр. Сол кезде зиялы қауым өкілі саналатын мұғалімнің тіл сынды елдік мәселеге атүсті, бейжай қарағанына қайран қалған едім.
Демек, тіліміздің көсегесінің көгеруіне тұсау болып жүрген кедергілердің кесегі – туған тіл тағдырына деген енжарлық. Тілге бейжай қарау – ел тағдырына үлкен соққы. Тілге жан кіргізетін, нәр беретін – сол тілде сөйлеуші жұрт. Бұл турасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды», – демеп пе еді?! Қазақ мемлекетінің бас тіліне басымдық берілуі бауырлас этнос өкілдерінің, ұлты бөлек отандастарымыздың төл тілін шектеу дегенді білдірмейді. Әр қазақ, сондай-ақ Отанымыз бір кез келген жерлесіміз туған тілін қолдана отырып, мемлекетіміздің бас тіліне жанашыр болуы, сол тілдің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысуы тиіс. Қалай? Өз тәжірибемді аз-кем тарқатып көрейін.
Бала күнімнен кітап, газет-журнал оқуға өте құштар болдым. Әлсін-әлсін пошта жәшігін қарап жүретінмін. Газеттің бір нөмірі келмей қалса, жүгіріп поштаға баратыным әлі күнге есімде. Есейе келе, мұғалімдік қызметке тұрғаннан бері газет-журналдағы маңызды тақырыптарға қатысты материалдарды қиып алып, жинастырып жүруді әдетке айналдырдым. Әсіресе, тілге қатысты мақалаларды қалт жібермейтінмін, әлі күнге солай. Өткен жылы сол мақалаларды (жалпы саны 101) жинақтап, «Ұлт тірегі – тіл» деген атпен бірер данасын шығартып қойдым. Тілге жанашыр қалталы азамат табылар болса немесе ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын Тіл саясаты комитеті қолдау білдіріп, осы кітаптың жарық көруіне мұрындық болып жатса керемет қой.
Неге десеңіз, ұлт үшін баға жетпес асыл қазына – оның тілі, ал осынау қастерлі құндылыққа қорған болып, оны өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналдыру – әркімнің өз қолында. Сондықтан ұлтқа тірек саналатын туған тіліміздің мемлекеттік дәрежесін нығайта түсуге ұмтылу – сіз бен біздің қолымыздан келетін салмақты парыз, адами міндет. Мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілі туралы толғаған түрлі автордың өзіндік айтары, санаға қозғау салар тұжырым-түйіні бар. Әр автордың ой-пікірі маңызды деп санаймын. Оқырманға ой салып, тілге деген көзқарас-пайымын қалыпқа келтіретін тебіреністі пікірлердің бірерін келтірелік. Айталық, абыз Әбіш (Кекілбаев): «Тіл туралы ойлану – бәрі туралы ойлану. Тіл келешегін ескеру – артымызда қалған мен алдымызда тұрғанның бәрін ескеру», – деп, тіл тағдыры – ел тағдыры екеніне баса мән беріпті. Төл тілімен қатар мемлекетіміздің бас тілі саналатын қазақ тілін біліп, қолданып жүруді мемлекетшілдіктің, отаншылдықтың басты белгісі санайтын Асылы Осман («Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі) бұл турасындағы ойын былайша түйіндейді: «Мемлекеттік тіл – бірлік пен татулық кепілі. Тіл білігі – мәдениеттілігіміз бен елжандылығымыздың нышаны». Өзін сыйлайтын және сыйлататын кез келген ел алдымен мемлекеттік тілге құрмет көрсетеді.
Тілге қатысты түрлі ой-пікірлерді жеткізуде БАҚ үлкен рөл атқарады. Әбдіжәлел Бәкір бір мақаласында: «Жергілікті ұлт жалпы халық үшін ұйымдастырушылық, топтастырушылық рөл атқарады. Ұлттық тіл қоғамның барлық салаларында қолданыс тауып, мемлекеттің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналғанда ғана қоғамда демократия, азаматтық қалыптардың толық қалыптасуына қолайлы әлеуметтік жағдай туатыны даусыз», – деп жазады.
Әрбір азаматтың тілге қатысты сана-сезімі жаңғыруы керек. Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Ал ұлттың сапасы оның қоғамдық санасының салмағымен, оның ішінде тілін, салт-дәстүрін қастерлеу деңгейімен өлшенеді. Неге десеңіз, елін, жерін сүюдің астарында ұлттық құндылықтарға деген жанашырлық сезім жатыр. Ұлтқа жан бітіретін тілдің құдіреті соншалық, ол тіл иесі тұрып жатқан елдің еңсесін тіктеп, дәреже-мерейін өсіруге тікелей ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеде қай елде де мемлекеттік тіл – ішкі бірліктің кепілі. Тілі үстем елдің берекесі мол. Айталық, тұрғындары тек малай тілінде сөйлейтін Сингапур – әлемдегі озық елдердің қатарында. Төл тілімен қатар сингапурлықтар ағылшын тілін де жетік меңгерген. Жазушы Төлен Әбдік: «Тілі әлсіз ел мықты мемлекет бола алмайды», – де-ген болатын. Сондықтан тіліміздің еңсесін тіктеп, мерейін үстем етуге атсалысу – әр қазақстандықтың парызы, тіпті міндеті деуге болады.
Қазақ тілі – менің өмірім болса, оған қызмет ету – адами парызым. Мемлекеттік тіл менің бағымды ашты. Тіл тақырыбына қатысты жазған «Тілге тілектестер көбейсін», «Тіл тамыры – отбасы», «Тіл үйретудің жолдарын білу керек», «Қатемен жұмыс – сауаттылық кепілі», «Қазақ тілі алдымен қазаққа керек», «Қазақ тіліне қажеттілік неге аз?», «Оқушы неге қазақша сөйлемейді?», «Сауатты жазу – біліктілік өлшемі» және тағы басқа мақалаларым жергілікті басылымдардан бастап республикалық деңгейдегі мерзімді басылым беттерінде жарық көрді. Өзім «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» атты республикалық ғылыми-әдістемелік журналы ақылдастар алқасының мүшесімін. 2019 жылы «Фолиант» баспасынан «Кәсіптік қазақ тілі» атты оқу-әдістемелік құралым жарық көрді. Білім алушылардың жазудағы функциялық сауаттылығын дамытуға арналған «Қатемен жұмыс» атты көмекші құралымды әзірлеп қойдым. Алдағы уақытта сараптамадан өткізіп, мақұлданып жатса, оқушылар үшін таптырмас көмекші құрал болатынына кәміл сенімдімін.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қостанай облыстық филиалы жанынан құрылған «Тіл жанашырлары» жұмысшы тобының мүшесімін. Тіл жанашырларының ұйытқы болуымен Торғай-Тобыл өңірінде «Тіл тамыры – отбасы» облыстық байқауы өткізілді. Отбасында қазақша сөйлеу, қазақша кітап, газет-журнал оқу, жаңалықтар тыңдау қалыпты жағдайға айналғанда ғана, тіліміздің мерейі арта түспек. Осынау іс-шараға белсенді қатысқан отбасылар көп болғаны қуантты. Халыққа серпін берген жоба жалғасын таба бермегіне сенім мол. Жеңімпаз отбасы мүшелеріне сертификаттар мен дипломдар, сондай-ақ ақшалай сыйлықтар табысталды.
Бала тілін дамытуда, ойын орнықты жеткізуде, тіл байлығын арттыруда, білімін толықтыруда кітаптың рөлі айрықша. Осынау бірегей жобамен қатар облысымызда «Оқы және жең!» байқауын өткізу қолға алынды. Озық ойлы ұлт болып қалыптасуға бет бұрған еліміз үшін – бұл өте маңызды жоба. Жас ұрпақты кітап оқуға ынталандыру мақсатындағы бұл маңызды жоба әлі де жалғасын таппақ. Елімізде 23 сәуірдің – Ұлттық кітап оқу күні болып белгіленуі тегін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: тілге бейжай қарамай, оны халықтың бет-бейнесін, болмысын ашатын, келешегін болжайтын басты нышан ретінде бағалауымыз керек. Халықтың әр өкілі осыны жадында ұстаса дейсің. Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Максим Рожиннің: «Біздің әрқайсымыз: «Мен тіл үшін не істей алдым, кешегіден бүгін қалаймын, мемлекеттік тілді тік тұрып қолдау – маған парыз», – деуіміз керек», – деген сөзі әркімге ой салғанын қалаймыз.

Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Білім беру саласының
құрметті қызметкері,
«Ы.Алтынсарин»,
«Үздік педагог»
медальдарының иегері,
Қостанай қаласы

Реклама

Я спросил у посла Японии, каким образом его страна сумела так быстро достичь высокой степени развития, стала играть в мире столь важную роль? Мне очень понравился ответ посла: «Японцы верили, что единственный способ поднять страну – это дать своим детям лучшее образование, чем они имели сами, самым важным для них было уйти от своего положения крестьян и получить образование. Поэтому в семьях огромные усилия прикладывались к тому, чтобы поощрять детей хорошо учиться в школе, чтобы они могли чего-то достичь. Из-за этого стремления постоянно чему-то учиться, через систему образования распространялись новые идеи из внешнего мира. Это одна из причин быстрого развития Японии».

Всевозможные разновидности книги как объекта не изменили ни её назначения, ни её синтаксиса за более чем пять веков.
Книга – как ложка, молоток, колесо или ножницы. После того, как они были изобретены, ничего лучшего уже не придумаешь. Вы не сделаете ложку лучше, чем она есть…
В XVI веке венецианскому печатнику Альду Мануцию пришла в голову великая идея сделать книгу карманного формата, которую гораздо легче возить с собой. Насколько я знаю, более эффективного способа перемещения информации так и не было изобретено. Даже компьютер со всеми его гигабайтами должен быть включен в сеть. С книгой таких проблем нет. Повторяю: книга – как колесо.