Ыбырайдың ұстаздық мектебі

Выпуск - №26-27(722-723)   :   07.08.2026
16

1

Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметтегі тәжірибесі өміршең, қашанда өзекті болып қала бермек. Неге десеңіз, ағартушының мұрасы – мән-маңызын жоғалтпайтын, әлі талай ғасыр бойы бағыт-бағдар сілтейтін баға жетпес құндылық. Сондықтан ағартушы Ыбырай Алтынсариннің тағылымынан нәр ала отырып, ұстаздық ету қай заманда болсын жемісін берері анық. Ыбырайша еңбек ету үшін оның өнегесін басшылыққа алған абзал.

Ұлы ұстаздың мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеп, зерделей жүріп, оған қатысты жазған мақалаларым өңірлік, республикалық басылымдарда жарық көрді. Сол жазған еңбектерім мен түрлі деңгейдегі конференцияларға дайындаған баяндамаларымның басын біріктіріп, 2017 жылы баспаға әзірлеген кітабымды «Ы.Алтынсарин – кәсіптік білімнің негізін салушы» деп атадым. Ыбырай мұрасына үңілген сайын, ұстазды жаңа бір қырынан танығандай боламын. Қазақтың тұңғыш педагогінің білім беру саласындағы қызметін тағы бір мәрте саралай отырып, енді, міне, оның мұғалім, тәлімгер, әдіскер ретіндегі тәжірибесін «Ұлы ұстаз мектебі» деп атауға болатынын пайымдадым.
Ыбырайдың педагогикалық мұрасы – мұғалімдер қауымы үшін классикалық мектеп, нағыз ұстаз болып қалыптасу мектебі десек те болады. Мұндай тұжырым жасау, әрине, негізсіз емес. «Ыбырай мектебі» дегенде, әдетте, қолданыстағы «аударма мектебі», «өмір мектебі» секілді тіркестер тілге оралады. Соңғы кездері «Абай мектебі», «Жетісу дәстүрлі ән мектебі» сынды тіркестер де қолданыла бастады. Мұндағы «мектеп» сөзі ауыспалы мағынаны білдіреді. Оның анықтамасына жүгінер болсақ, түсіндірме сөздікте мағынасы былайша тарқатылыпты: «Бір нәрсені үйреніп шығу, тәжірибе алу мектебі».
Ыбырай бабамыз – қазақ жерінде алғаш рет білімге бет бұрып, тыңнан түрен сала білген жаңашыл тұлға. Елімізде жаңа үлгідегі мектептер ашып, сол мектептер үшін оқулықтар жазды. Тіпті, оқушылар пайдаланатын оқу құралдарын да өзі таңдап, сарапшы рөлін атқарды. Әрине, ағартушы-педагогтің өмір сүріп, қызмет еткен кездегі қоғамдық сана деңгейін қазіргі кезеңмен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан, ол жаратылысынан құлшынысы бөлек жан екенін танытып, заманынан оза қимылдайтын дарабоз, бастамашыл тұлға деңгейіне көтерілді. Жоқтан бар жасаған, табанды, қайсар қазақ перзентінің ерекшелігі – айтып, жазып қана қоймай, халық мүддесі жолында ұлы мақсаттар қоя отырып, оларды жүзеге асыра білуінде. Білім саласындағы ізашар тұлғаның жанқиярлық қызметін бүгінде бәрі біледі, құрмет тұтады.
Десек те, байқауымша, мұғалімдердің көбі Ыбырайдың ұстаздық мектебіне жүгіне бермейді. Бұған бір ғана дәйек келтіре өтсем, түсінікті болар. Ұстаздық қызметімде оқу орнының басшысы маған «Ыбырайтану» курсын жүргізуді жүктеді. Сонда тоғызыншы сыныпты тәмамдап, оқуға түскен бірінші курс студенттерінен алғашқы сабақта «Алтынсарин туралы кім не біледі?» деп сұрағанымда, ең болмаса, «педагог» деген жауапты ести алмай бір қынжылғаным бар. Демек, мектепте мұғалімдер Ы.Алтынсарин туралы айта қоймайды. Өкінішті-ақ. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалім мамандығын мәртебелі етудің ілкімді қадамдары жасалды. Педагог мәртебесі тек жалақының өсуімен көтерілмейді. «Нағыз ұстаз» деген атқа лайық болу үшін педагог өз пәнін меңгеріп қана қоймай, жан-жақты білімді, кәсіби білікті, шығармашыл маман, қоғамдық белсенді азамат болуы шарт.
Сондай ұстаз болудың бір шарты – Ыбырай мектебінен өтіп, тағылымынан нәр алу, лайықты ізбасары болуға ұмтылу. Ұлы ағартушының педагогикалық мұрасы – мұғалімдер қауымы үшін заманмен қатар жаңғыра түсетін іргелі мектеп, себебі Ыбырай ұстанған қағидалар, оның ой-пікірлері мен идеялары қашанда өзекті. Мәңгілік мәнді құндылық саналатын біліммен бірге ұлт ұстазының мұрасы да өміршең. Ыбырай әлеміне үңіліп, кезінде ол ұстанған «өмір бойы оқып-үйрену, ізденісте болу» қағидасын басшылыққа алудың арқасында жетістіктерге жеттім. Еңбек жолым еленіп, 2011 жылы «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталғанымды айтып өтсем, артық болмас. Сондай-ақ өзге де марапаттармен қатар республикалық байқаудың жеңімпазы атанып, «Үздік педагог» медаліне ие болғаным да мені қанаттандыра түсті.
Ыбырай тағылымы демекші, ұзақ жылғы қызметімде, негізінен, орыстілді білім алушылармен жұмыс істей жүріп, кезінде Ыбырайдың бір ауыз орысша сөз білмейтін қазақ балаларына орыс тілін қалай меңгерткеніне ден қойдым. Мені Ы.Алтынсариннің орыс тілі мұғалімі ретіндегі әдістемесі қызықтырып, оның әлі күнге дейінгі өзектілігі тәнті етті. Бұл туралы мақалам «Ы.Алтынсарин тәжірибесі» деген тақырыпта «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» журналында жарық көрген еді (№2, 2005 ж.). Артынша «Ы.Алтынсарин және қазіргі әдістеме: тілді оқытудағы сабақтастық» атты мақалам басылып шықты. Әлі күнге дейін «Алтынсарин оқуларына», ағартушы-педагогке арналған түрлі деңгейдегі конференциялар мен семинарларға қатысып, ұлт ұстазының мұрасын насихаттауға қолдан келгенше үлесімді қосып келемін.
Соңғы жылдардың өзінде ғана колледжішілік педагогикалық оқулардан бөлек Арқалық педагогикалық институты ұйымдастырған «Ы.Алтынсарин – қазақстандық зайырлы білім жүйесінің басты тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға, Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай педагогикалық институты өткізген «Алтынсарин оқулары. Қазіргі білім берудегі жаңалықтар мен дәстүрлер» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға, сондай-ақ Шымкент қаласының білім басқармасы ұйымдастырған конференцияға, Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі мен Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған бірнеше басқосуға, телехабарларға қатыстым. Таяуда, ақпанның 13-інде Қостанай педагогикалық институтының ұйымдастыруымен «Білім беру тәжірибесіндегі технологиялар мен инновациялар: жаңа қиындықтар мен тиімді шешімдер» тақырыбында өткізілген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан да тыс қалмай, «Педагог мәртебесі және Ыбырай өнегесі» баяндамасымен атсалыстым.
Туған халқын «Өнер-білім бар жұрттардың» қатарына қосылуға үндеген ұстаз қазақтардың көрші қонған орыс халқының білімі мен ғылымын үйренуін қош көрді. Одан өзге де қазақ ағартушылары алға басудың алғышарты орыс тілін үйрену деп санады. Бұл турасында досы әрі ұстазы Н.И. Ильминскийдің: «Алтынсарин ақылды, адал әрі сымбатты адам ретінде өзінің жеке басының қасиеттерімен мейлінше тамаша кісі болды. Мен ұдайы оған шын ықыласты ниетте болдым, мен оның бойындағы орыс біліміне деген ықыласты ынтызарлықты және осы білімнің қазақтар үшін қажеттілігі туралы ой құшағында болуын ерекше бағаладым», – деп жазғаны бар.
Ы.Алтынсарин қазақтың жастары орыстың тілі мен жазуына мәдениет пен білімнің тілі деп қарайтын болады деп пайымдады. Өзі қазақ балаларына орыс тілін оқыта жүріп, осынау екінші тілді үйретуге арналған «Қазақтарға орыс тілін оқытудың бастауыш құралын» жазды. Балаларға жаңа бір тілді үйретудің нәтижелілігі мұғалімнің әдіскерлік шеберлігіне де байланысты екенін былайша түйіндеді: «Қазақ балаларына орыс тілін оқытудың ойдағыдай жүруі оқытушылардың жеке бастарының қабілеттілігіне ғана байланысты. Сондықтан қазір қазақтарға білім енді беріле бастаған кезде, ең әуелі қабілетті оқытушылар болуы керек». Тамаша әдіскер де бола білген Алтынсариннің бұл пікірінің өзектілігін орыстілді дәрісханаларда сабақ жүргізетін қазақ тілі пәнінің оқытушысы ретінде өзім де мойындаймын.
Лингводидактика іліміне сүйенер болсақ, екінші тіл ретінде оқытылатын пәндер бойынша білім берудің ұқсас жақтары көп. Бұл жөнінде осы таяуда ғана Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сауалнамасына педагогикалық колледж атынан орыстілді мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тілін оқытуға қатысты өз пікірім мен ұстанымдарымды жазып жібердім. Ондағы ой-тұжырымдарымды Алтынсарин әдістемесінің тиімді тұстарымен түйіндегенімді айтып өткенім жөн болар. Ыбырайдың екінші тілді оқытудағы тәжірибесі, әсіресе, оқушының сөздік қорын байыту, сөз тіркесін, диалог құрастыру, бір тілден екінші тілге аудару және т.с.с. тіл дамыту, сөйлеуге машықтандыруға қатысты әдістері өзектілігін жоймақ емес.
Екінші тілді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін бір өзі тайға таңба басқандай жазып кеткен Ыбырайды еске ала отырып, бүгінде бәріміз жабылып, мемлекеттік тіл ретінде оқытылатын қазақ тілін үйретудің тиімді әдістемесін жасауға пәрменсіз болып отырғанымызды айтпасқа болмас. Бұл турасында мерзімді басылым беттерінде талай жазылып та жүр. Амалдары да айтылуда. Мысал келтірер болсақ, белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкеновтің «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту бағдарламасын қайта жазу керек» (№24, 2021 ж.) атты жанайқайы тіл мамандарына, қазақ тілі мұғалімдеріне ой салар болса, кәнеки...
Ол нағыз ұстаз қандай болу керектігін өз ісімен, өсиетімен, мұрасымен көрсетіп, жол сілтеп кетті. Өміршең де өзекті пікірлерімен, идеяларымен қазақ педагогикасының негізін қалады. Ұстаздық тәжірибесімен бөлісіп, авторлық мектебінің негізін қалады. Ыбырай ұлағаты, оның мектебі мәңгілікке жол тартты. Неге десеңіз, Ыбырай жан-тәнімен сүйген мәртебелі мамандық иелері – қазіргі мұғалімдер – оның педагогикалық идеяларын, тәжірибесін жаңғыртып, жаңаша сипатта жалғастыруда. Нағыз ұстаздың символы – ағартушы Ыбырай Алтынсарин – алыстаған сайын іріленіп, қандай құрмет-қошеметке болсын лайық екені айқындала түсуде.
Ыбырайдың «Жақсы мұғалімді дүниедегінің бәрінен де қымбат көремін» деуінің астарында бүгінгі күннің шындығы жатыр. Ұлт ұстазының көрегендігі, данышпандығы таңғалдырады. Неге десеңіз, туған Отанымыз – Қазақстанның қуатты, бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы адами капиталымыздың сапалық деңгейіне байланысты. Ал ел болашағы – жастарымыздың білімді де білікті, саналы болып қалыптасуы ұстаздарымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекетіміз үздік, талантты педагогтер қатарының қалыңдауын қалайды.
Инспектор Алтынсарин де кезінде жақсы мұғалімдерге құрметпен қараған. Ол Орск қаласында мұғалімдер даярлайтын мектеп ашып, бұл турасында В.В. Катаринскийге былай деп жазады: «Оқытушылар мектебінде оқушыларымыз белгілі бір білім алып, қазақ халқының тұрмысына да, шынында да, пайдалы болған болар еді. Қазақ халқының ақыл-ойы мен экономикасының дами беруіне көмектесе алатын адамдар болар еді». Осы сөздерінен-ақ Ыбырайдың халық сапасын көтеретін оқытушыларға, оның ішінде қабілетті мұғалімдерге зор үміт артқанын көреміз. Мұның бір айғағы – Ы.Алтынсарин жазған хаттарының біршамасын А.Мозохин, Ф.Соколов сынды беделі жоғары мұғалімдерге арнағаны.
Ыбырай бабамыз әспеттеген үздік педагогтер қатарын көбейту, мұғалім мәртебесін көтеру, сол арқылы бәсекеге қабілетті адами капиталымызды қалыптастыру мақсатында алдағы уақытта келесі ұсыныстарыма назар аударылса: еңбек жолын бастамақшы жас мамандар Ы.Алтынсарин туралы эссе жазса; мектеп оқушылары арасында Ыбырай оқуларын өткізу дәстүрге айналса; «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен өзге жетістіктерімен қатар ұлы ағартушы-педагог мұрасын зерделеп, насихаттаушы педагогтер марапатталса.
Ыбырайдың ұстаздық мектебінен сабақ ала отырып, заман талаптарына сай қызмет ету әр педагог үшін кәсіби әлеуетін, мамандық мәртебесін көтеруге мүмкіндік берері сөзсіз. Оның ұстазға қойған талабы, балаға деген жанашырлығы, білім мен тәрбиеге деген көзқарасы қазіргі педагог үшін де аса маңызды. Олай болса, Алтынсаринге қарап ой түзеу қазіргі педагогтер ұстанымына айналса, игі дейміз. Өйткені ұлт ұстазының өнегесін жалғастыру – оның есімін құрметтеумен ғана шектелмей, сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуден көрінуі тиіс.

Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
ҚР Білім беру саласының
құрметті қызметкері,
«Ы.Алтынсарин»,
«Үздік педагог»
медальдарының иегері,
Қостанай қаласы

Реклама

Мир, в котором живет человек, зависит прежде всего от того, как его данный человек понимает, а следовательно, от свойств его мозга: сообразно с последним мир оказывается то бедным, скучным и пошлым, то наоборот, богатым, полным интереса и величия.

Умный человек и в одиночестве найдёт отличное развлечение в своих мыслях и воображении, тогда как даже беспрерывная смена собеседников, спектаклей, поездок и увеселений не оградит тупицу от терзающей его скуки.

Учитель – это светоч нации. Ежедневным кропотливым трудом каждый из вас вносит неоценимый вклад в развитие страны. Вы сеете семена знаний в молодые сердца и растите мыслящую нацию. Ибрай Алтынсарин говорил: «Превыше всего я ценю хорошего учителя». Педагог – ключевая фигура в построении будущего страны, поэтому ему должно быть отведено достойное место в обществе.