Жас ұрпақ Әмір Темірді біле ме?

Выпуск - №24(521)   :   17.06.2022
718

Әлемді мойындатқан даңқты қолбасшылардың бірі – Ақсақ Темір. Атақпен қатар аңыз бен аярлық ілесіп жүретінін ескерсек, Темір туралы түрлі мысал-деректер өте көп. Әмір Темір – әлем тарихындағы ең ұлы және қатыгез жаулап алушылардың бірі болған.

Кейбір зерттеушілердің жазып қалдырғандары бойынша оның ақсақтығы: іштен біте-туған кемістігі делінсе, көптеген деректерде: кезінде қарақшылар басшысы болған жас жігіттің аяғына барымта кезінде жебе қадалған дейді. Яғни, бір аяғын сылтып басатыны – өмір тірлігі, дене бітіміндегі бір белгісі екені шындық.

Тарихқа сүйенсек: Ақсақ Темір 1336 жылы Бұхар хандығының Кеш шаһары маңындағы Шахрисабз қыстағында дүниеге келген. Әкесі: Тарағай найман руының Барлас руынан. Түркі қыпшақтар Мауреннахрды жаулап алғанда, Шыңғыс ханның ұлы Шағатайдың әскері құрамында бірге келген найман тайпасының біраз аталықтары осы араға қоныс тепкен көрінеді.

Әмір Темір бұрынғы Хорезм империясын және оның Мәуереннахр аумағын толықтай жаулап алғасын, ортаазиялық Самарқанд қаласын өзінің резиденциясына айналдырған. Өйткені, Самарқандтың Үндістан мен Мысырға және басқа да мұсылман мемлекеттеріне баратын «Жібек жолының» оңтайлы, дәл төсінде тұрғанын қалай стратегиялық-көрегендікпен есепке алғанын көрмейсің бе?!

Заманында «хан» атағын тек Шыңғыс ханның ұрпақтары иемденгендіктен, Темірлан өмірінің соңына дейін «әмір» атанды. Оның 200 мыңға жуық сарбаз-әскері болған. Бұл дегеніңіз – жер қайысқан, ғажайып қарулы күш қой?! Темір Шыңғыс ханның әскер құрудағы әдіс-тәсілі мен үлгісін қатаң сақтады. Оның өзімен қатар отбасы да Шыңғыс заңдарына құрметпен қарап, қосындары мен олардың отбасыларында, мерекелер мен жиындарда да берік ұстанды.

Атақты билеушіні сонау ертеде-ақ зерттеп-жазған америкалық (Хильда Хукхэм) еуропалық (испандық Клавихо сияқты) ғалымдардың жазба зерттеулеріне сүйенсек, Әмір Темірдің өзі мен оның армиясы негізінен көшпелі тайпалардан құрылған. Оларға Шыңғыс хан жасақтарының әскери құрылымы және соғыс тәсілдері соншалықты жақын-ұқсас болыпты. Әскеріндегі тәртіпті және оның қажеттілігін қамтамасыз ету үшін – қазіргі әлем елдеріндегі Қорғаныс органдары сияқты құрылым болған.

Ақсақ Темір өзіне қараған халықты соғысқа шақырғанда, бәрі бала-шағасымен, қолындағы мал-жанымен барады екен. Жорыққа шыққанда жауынгер әйелдер кішкентай сәбилерін ердің алдыңғы қасына қондырылған бесікке бөлеп алатын көрінеді. Атқа мініп үйренген, ерлерімен тізе қоса соғысып-жаттыққан әйелдері мен қыздары, сөйтіп, жауынгер-жасақтардың алаңсыз шайқасып, үнемі жеңіске жетуіне жол ашып отырғанға ұқсайды.

Әмір Темір бүкіл Самарқандты, Бұқараны, Хиуа мен Үргенішті, Мәуереннахрды бағындырып, өзіне қаратқаннан кейін өзінің үзеңгілес досы Қыраншы деген батырынан: «Енді бұл елдердің тұрғындарын әскерге дайындаймыз ба, не істейміз?», – деп сұраса керек. Сонда жаңағы батыры: «Әмірім, бұлар қыстақтан шықпайтын ел ғой, ат үстінде отырып, жауға дұрыс шаба алмайды. Тақымдары әлсіз. Есек үстінде отырып жүк тартуы мүмкін?! Бұлардың ұсталарын жинап алып, қару-жарақ, жебе жасатқанымыз әлдеқайда оңды болар. Ат үстінде ойнап өскен өзіңіздің қыпшақтарыңыз – әскеріңіздің негізгі күші емес пе? Оларға мына сарттарды қоссаңыз – әскеріңіздің жауынгерлік қабілетін әлсіретіп алуыңыз мүмкін», – дегені бар. Соны ескеріп, Әмір Темір осы өлкенің бүкіл ұсталарын жинап, арба-арба жебе жасатып отырыпты. Сондай-ақ ұсталарды да жорыққа бірге алып жүріпті деседі.

Енді Әмірдің ойына Кіші Азияны билеп отырған Баязидтің жерін жаулап алу кіреді... Сөйтіп, содан кейін Үндістанды, Мысырға дейінгі жерлерді және Мысырдың өзін басып алып, нәтижесінде, бүкіл Азия құрлығын өзіне бағындыру еді.

Америкалық ғалым Х.Хукхэм кезіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарында сол уақыттағы көп оқиғаларға өте ұқыпты, шынайы көңіл аударып, көптеген деректерді ашық, шынайы түрде талдап, мән берген екен. Әмір Темірдің әскер басылары – бәрі тегіс төрелер емес – түркі тектілер екені, тіпті, басым бөлігі өзінің найман, оның ішінде барлас руынан екенін ерекше атап көрсетіпті.

Тарихтан: 1402 жылдың жазында, сол заманның аса ірі соғыстарының бірі – Кавказ бен Қырымды жаулап алған Әмір Темірдің Осман түріктерімен енді Анкара түбінде шайқасы болғаны бар. Дегенмен, мына бір қызықты деректі күні бүгінге дейін біздің жастарымыздың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін?! Осман түріктері әскерінің үштен екісі Дешті Қыпшақ жерінің жалайырлары болыпты. Кезінде жаяу жүріп қана соғыса білетін, көп жағдайда атты сарбаздардың артында жүріп, демеушілік соғыскерлердің рөлін атқарған түрік янычарлары кейбір елдермен соғыста шамалары келмей, жеңіліс таба бергесін, түрік сұлтандары көшпелі қыпшақ хандары мен тайпа басшыларына елшілерін жіберіп, мол сый-сыяпаттар мен сандық-сандық алтын-күміс беріп, басым бөлігі жалайыр тайпаларынан тұратын атты әскерлерін жалға алған. Біз, кейінгі ұрпақ, Кіші Азияға үш жүз жыл билігін жүргізген Осман империясының жаугершілік соғыстарын олардың көпсериялы киноларынан біршама жақсы білетін сияқтымыз.

Мына ғажапты қараңыз, Осман түріктері мен Әмір Темір әскерлері Анкара түбінде соғысуға қарсы тұрғанда жаңағы жалайырлар өз қандастарына қол көтеруге дәті бармай, Темірлан жағына шығып кеткен көрінеді. Осы оқиғаны испандық зерттеуші Клавиха: «...Олар шайқасуға бір-біріне жақындаған кезде, Баязид сұлтанның басына түскен бірінші бақытсыздық сол болды, әскерінің басты бөлігі болып табылатын көшпелі Жалайыр қауымының сарбаздары теп-тегіс оны сатып, өз қандастары жағына шығып кетті. Сөйтіп, оның армиясы қатты әлсіреп қалды».

Амалы таусылған түрік билеушісі қылышы мен балтасын ұстап, айқас алаңына өзі шығуға мәжбүр болды. Алайда, зерттеуші Хильда Хукхэмнің дерегінде келтіргендей, болаттай берік қыпшақ сарбаздары түрік янычарларының тас-талқанын шығарды. «Христиандық Батысты ұзақ жылдар бүріп ұстаған сайыпқыран Баязид сұлтан, сөйтіп, наймандар бүркітіне жем болды».
Оңбай жеңілген Түрік қағанатының қайта көтерілуіне жарты ғасырдан аса уақыт кетті. Дегенмен олар енді қыпшақ тайпаларынсыз көп ешкімді жаулап ала алмады. Осман империясының осы бір жорығында ғана ойранын шығарған Әмір Темір армиясы қыпшақтардан тұратын Алтын Ордаға да үш рет соққы бергенмен, тек қана әлсіреткенін білеміз. Бірақ ыдырата алмады. Қазақ елдігінің бастауы – Алтын Орда Тоқтамыс хан мен Едіге батырдың және Мамайдың таққа таласуынан жеке хандықтарға бөлініп кетті. Оны біздің мектеп оқушылары – тарих пәнін оқитындықтан – біледі деп есептеймін. 

Өмірінің ұзақ уақытын соғыспен өткізген билеуші, шет-аймаққа жасаған өзінің жаугершілік-жорықтарынан тұтқын-олжаға түскендерден: ғалымдарды, суретшілер мен сәулетшілерді еліне әкеліп, топтастырған. Қатал билеуші болғанымен, ол танымал ғалымдарды, ақындарды және философтарды жоғары қойып, құрметтеген. Олармен сұхбат жүргізгенде тақтан түсіп, жандарына келіп отыратын көрінеді. Олардың көмегімен жаңа қалалар, жолдар және түрлі ғимараттар салынғаны тарихтан белгілі. Тапсырмаларының орындалуы үшін не қажет болса – барлық мүмкіндікті беріп, жағдайды жасағанын заманындағы жылнама-жазбалардан оқуға болады. Оның нақты бір дәлел-мысалы: Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, өзбектің Самарқанд шаһары, т.б.

Билік-жасының ұлғайған кезі: 1404 жылы Қытайды жаулап алу мақсатында әскер жинап, осы мемлекет жеріне аттанған екен. Бірақ сол жылы қыс басталысымен-ақ қатты суық басталыпты да, жорықты тоқтатуға мәжбүр болған. Ал 1405 жылы Әмір Темір көз жұмып, қытайлықтар қатыгез билеушінің шабуылынан аман қалыпты.

Ақсақ Темір өмірден өткеннен кейінгі бес ғасыр бойы: «Әмірдің қабіріне тиіспеу керек! Тиіссе – үлкен зауал болады!» деген мұсылмандық діни-сәуегейлік ұстаным айтылып келген. Алайда, әруақ-Құдайды елеп-ескермейтін, ділі басқа кеңестік археологтар 1941 жылы маусымның 20-сында оның қабірін ашқан. Содан гитлерлік Германияның КСРО еліне тұтқиылдан шабуылы басталып, соғыс ашқанын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.

Бала кезінен аң аулау және соғыс ойындарын ұнататын Темірдің денсаулығы, өте мықты болған. 68 жасында қайтыс болғанына қарамастан, қабірін ашып, мәйіт-сүйектерін зерттеген зерттеуші-ғалымдар, оның сүйектерінің сапалық көрсеткіші 50 жастағы адамның сынамасымен бірдей деген қорытындыға келген.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдығына арналып «Ұлық Ұлыс хандары жолымен» атты тарихи-танымдық республиалық экспедиция өтіп жатқан кезеңде бұл мақаланы жариялап отырғандағы ойым: ел тарихындағы бір тұлға төңірегіне ғана қатысты шындық-болмыстан бүгінгі жас ұрпақ хабардар болып жүрсін деген ниет.

Әбдіқадыр ӘБІЛТАЕВ,
Зейнеткер, оқу-тәрбие
жұмыстарының ардагері

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.