Миопия: таралу жағдайы және алдын алу шарлары

Выпуск - №22(570)   :   12.06.2023
488

Адамның қос жанары әлемдегі тұңғиық терең жаратылыстың бірі іспеттес. Ол арқылы таңғажайып табиғаттың тамаша көріністеріне тамсана аламыз. Халқымыздың «көзімнің қарашығындай» деген тіркесі осыған байланысты айтылса керек.

Көз – ағза, сезім мүшелерінің ішіндегі ең сезімталы. Шамамен денедегі сезім рецепторларының 70%-ы көз қарашықтарында орналасса, ал көздер кішкентай экран тәрізді түскен жарық сәулесін бірден қабылдайды екен. Көз ауруларының алдын алу бойынша халықаралық агенттіктің ақпаратына сүйенсек, әлемде шамамен 285 миллион адам көру қабілетінің нашарлауынан зардап шегеді. Соның ішінде 19 миллионнан астамы – балалар, ал 39 миллион адам тіптен көру қабілетінен айрылған жандар. Ал біздің елімізде, ресми дерек бойынша, жыл сайын шамамен 1 миллион адам офтальмолог-дәрігерлердің көмегіне жүгінеді.

Көп кездесетін дерт түрлері: қабыну аурулары, алыстан көрмеушілік, сығырлық, қылилық, катаракта, су қараңғы. Жыл сайын елімізде көзі көрмей қалған 2 мыңға жуық адам мүгедек атанады. Тіркелген зағиптар саны 56 мың адамды құрайды, соның ішінде 2 мыңға жуығы – балалар. Бүгінгі таңда Қазақстанда оқушылардың 70 пайызының көзінің көру қабылеті төмен. Республикамыздың офтальмолог мамандар смартфонға тәуелді болып қалған балалардың көз жанары құрғап, сығырлыққа жиі ұшырайтынына қатты алаңдайды. «Біз бірдеңеге жақыннан үңілсек, көздің бұлшық еті қатаяды. Соның нәтижесінде көз бұршағы ісіп, адамның қос жанары үлкейеді. Бұл үдеріс көпке созылғанда бұлшық ет қатты жиырылады. Ұзақ уақытқа жиырылғанда сығырлық пайда болады», – дейді олар.

Офтальмолог-дәрігерлер таңнан қара кешке дейін оқудан көздерін демалтпайтын оқушылардың үйге келіп, смартфоннан көз алмауының әсерінен жанарлары әлсірейтіндігін айтады. Мектептерде дәрігерлік тексеріс жүргізгенде орта және жоғары сынып оқушыларының 70 пайызы көзілдірік киіп жүреді. Көзілдіріксіз жүргендерінің өзінде көру қабілеті төмендеген. Көз ауруларының ішінде сығырлық (миопия), алыстан көрмеушілік (близорукость) көп кездеседі. Жас мөлшері алуан түрлі. Тіпті кейбір сыныптарға кіре қалсаңыз, дене тұрқы ірі балалардың алдыңғы парталарда, ал бойы қысқа оқушылардың артқы жақта отырғандарын көресіз. Ал сынып жетекшілері көзі нашар көретін болған соң оларды алдыңғы жаққа отырғызғанын айтады.

Негізі көз аурулары мен омыртқада болатын өзгерістер мектеп жасындағы балаларда жиі кездесетін ауру. Соңғы уақытта жоғары сынып оқушыларын былай қойғанда, бастауыш сынып оқушыларының өзі алыстан көрмейтін болып барады. Көздің бұлай нашарлауына, біріншіден, сабақта отырғанда және үй жұмысын орындаған кезде жарық түсудің гигиеналық нормаларының дұрыс сақталмауы себеп болады. Екіншіден, көзбен жұмыс жасағанда ережелер сақталмайды. Үшіншіден, балаларды сабақ кезінде дұрыс отырғызу керек. Айта кетерлік тағы бір жайт, сабақ оқыған кезде көзге көп салмақ түсірмей, уақытында демалдырып тұру керек. Көз қарашығын оңға-солға, жоғары-төмен, қиғаш қозғалтып, жаттығу жасағанның пайдасы мол. Үй тапсырмасын орындағанда әр сағаттан кейін 3-5 минут үзіліс жасап, көзді демалдырып тұру қажет.

Балалардың теледидар алдында сағаттап отыруы көзге орасан зор зиянын тигізеді. Негізі теледидарды 40 минуттан артық көруге болмайды. Компьютермен жұмыс та солай 40 минуттан аспау керек. Мектеп жасындағы балаларда жиі кездесетін миопияның дамуы салдарынан көру қабілеті төмендейді. Медициналық статистика мәліметтері бойынша, мұндай ауруға жоғары сынып оқушыларының үштен бір бөлігі шалдығады. Офтальмолог дәрігерлер мұндай патологияға ресми емес атау берді – «Мектеп оқушыларының алыстан көре алмаушылығы». Миопия (алыстан көре алмаушылық) – алыстағы нысан суреті көз торқабығында емес, торқабық алдында пайда болатын көру қабілетінің бұзылуы. Нәтижесінде бала алыстағы нәрселерді (мысалы тақтаға жазылғанды) анық көре алмайды. Бала өскен сайын миопия дәрежесі де ұлғаяды және 20 жасқа келгенде, ағзаның қалыптасуы тоқтағанда ғана тұрақтанады.

Көру қабілетінің бұзылуы екі түрге бөлінеді: туа біткен және жүре қалыптасқан. Кей жағдайларда тұқым қуалаушылық, мерзімінен бұрын босанғанда баланың шала тууы, көру мүшесінің туа біткен бұзылуы, туа біткен глаукома, көзге артық күш түсіру, инфекциялық аурулар, дұрыс тамақтанбау, төмен иммунитет, қант диабеті мен Даун синдромы сияқты аурулар да көру қабілетінің нашарлауына әкеп соқтырады. Миопияның бірінші белгісі – алыстағы нәрселерді көре алмау және көзге теріс линзалар таққан кезде көру қабілетінің жақсаруы. Кейбір науқастар жақын нәрселермен жұмыс істеген кезде көздің тез шаршауына, көзде, маңдай және самайда аурушаңдықтың пайда болуына шағымданады. Мұндай науқастарды тексерген кезде жалған алыстан көре алмаушылық немесе аккомодацияның қысылуы анықталды. Жалған миопияны окулист дәрігерге көрсету қажет, өйткені бұл аурудың асқынуынан шынайы алыстан көре алмаушылық пайда болуы мүмкін.

Алыстан көре алмаушылық бала жасында пайда болатындықтан, ең алдымен балалар мен жасөспірімдерде бұл аурудың алдын алу керек. Тексерулер жүргізіледі, оптикалық түзету, дәрі-дәрмектермен, физиотерпиялық және хирургиялық емдеу әдістері қолданылады. Бұл әдістер алыстан көре алмаушылықты тоқтатуға, жақсы көру қабілетін сақтауға және торқабық тарапынан болатын асқынулардың алдын алуға бағытталады. Ата-аналардың көпшілігі көзілдірік немесе линзалар тағу алыстан көре алмаушылықты ұлғайтады деп ойлайды, бұл – теріс пікір. Офтальмология саласындағы зерттеулер көзілдірік кимеу – ең дұрыс емес әрекет екендігін көрсетті.

Көп жағдайда алыстан көре алмаушылық кітап көп оқитын немесе жақын жерде орналасқан заттармен жұмыс істейтін балаларда пайда болады. Дамып келе жатқан алыстан көре алмаушылыққа немқұрайды қарауға болмайды, өйткені кейіннен бұл торқабықтың орталық бөлімдерінің бұзылуына және көру қабілетінің төмендеуіне ұшыратады. Сондықтан жылына екі рет офтальмолог дәрігерге қаралу керек. Миопияның дамуын бәсеңдетудің ең қарапайым әдісі – балалардың таза ауада жиі болуын көбейту. Бірақ бұл әдістің әсер ету механизмі әлі толық зерттелген жоқ, сондықтан бұл әдіс миопияның алдын алу әдісі ретінде ұсынылады.

Алыстан көре алмайтын бала үшін көз гигиенасы маңызды болып табылады. Бұл жанарында патологиясы жоқ балалар үшін де қажет. Баланың көзіне түсетін күштің мөлшеріне де көңіл бөлу қажет. Кітапты тек жақсы жарықтандырылған жерде, үстел басында отырып оқу керек. Жатып немесе тамақтанып отырып оқуға болмайды. Теледидарды көп көруге болмайды, ал екі жастан кіші балаларға теледидарды мүлдем көріп қажеті жоқ. Бұл тек көзге түсетін күш мөлшеріне ғана емес, сондай-ақ баланы қоздыратын орталық нерв жүйесіне тигізетін әсерге байланысты. «Екі көзің – шырағың, екі аяғың – пырағың» дейді дана халқымыз. Сол айтқандай, жоғалса орны қайта толмайтын денсаулығымызды сақтауды әрқайсымыз өз отбасымыздан бастайық. Ал ұрпақ денсаулығына әрбір ата-ана, ұстаз және әр адамның өзі жауапты.


 

Арайлым АХМЕТОВА,

Арқалық қаласы медицина

колледжінің оқытушысы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.