Бауыржан Момышұлы: «Қазаққа орынсыз тағылған екі кінә»

Выпуск - №18(566)   :   16.05.2023
474

Белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Мен – халқымның Бауыржанымын» кітабында даңқты қолбасшы, әскери ғылымның білгірі Бауыржан Момышұлының жайшылықтағы мінез-құлқы, тапқырлығы мен шешендігі, ұлтжандылығы мен ойшылдығы, өскен орта ерекшелігі, елдік намысқа нұқсан келер жерде бет-жүзіне қарамай айтатын турашылдығы бейнеленген. Кітапта жарық көрген әңгіменің бір үзіндісін назарларыңызға ұсынбақпыз. 

– Кейбіреулер қазақ жалқау дейді. Бұған сіз қандай көзқарастасыз?

– Бұл түбірімен қате пікір. Қазақ ешуақытта жалқау болып көрген емес. Оны жалқау дейтіндер ақылды надандар емес, ақылсыз надандар!
Қазаққа – көшпенді, жалқау деп орынсыз тағылған екі кінә бар. Екеуі де – оттауизм. Қазақ ешуақытта көшпенді болған емес, қазақ – отырықшы. Ол сығандар секілді бір елден екінші елге көшіп жүрген жоқ қой. Өз жерінде малдың ыңғайына қарай жаз жайлауына, қыс қыстауына қоныс аударғанды сендер көшпенді деп оттап жүрсіңдер. Бұл тарих кешірмейтін қателік. 

Екінші, қазақ жалқау болса, мал баға ма? Мал – оның өмір сүрудегі ең негізгі көзі. Ол ғасырлар бойы өзін ғана емес, көрші елдердің халқын да етпен қамтамасыз етіп келді. Малды өсіру, егін салу, балықты аулау жалқаудың қолынан келе ме? Оны оңай деп кім айта алады? Малдың бабын табу, жаздық, күздік жайлауын, қыстауын таңдау, қай жерге қалай жаю, жейтін шөбін анықтау, ауырған малды емдеп жазу, айсыз, қараңғы түнде жұлдыздарға қарап сапар шегу, қыран құс, тұлпар баптау, ауа райын болжау, сырқатты емдеу, көкпар тарту, бәйге, күрес, асық, ақсүйек тағы басқа ойындарды ойлап табу дегенің білген адамға жатқан ғылым. Оны игеру үшін ақыл, тәжірибе, өте еңбекқор жандардың толассыз ізденісі керек. 

Қазақ көшпенді, жалқау деп халқымыздың өмір сүру кәсібінен хабары жоқ, жеңіл ойлы ақымақ, немесе ұрпағымыздың жігерін жасыту үшін қаскөй арамзаның айта салған сандырағы. Соны желөкпе, тайыз немелер іліп әкетіп, әлі күнге жалаулатып жүр. Әділетін айтшы, ғасырлар бойы қазақты кім асырады, жаудан, даудан кім қорғады? Білмесең біліп қой, ол өзін өзі асырады, өзін өзі қорғады. Бұл жалқаудың қолынан келе ме? Ең құрығанда бір сәт байсалдылық танытып, ойлансаңдар қайтеді? 

Бұрын бүгінгідей газ, электр қуаты, мұнай, көмір болған емес. Алты ай қыстан қысылмай шығу үшін төрт түлік малға қора-жай, шөп, отбасына отын дайындаған, малдың қиынан тезек жасауды ойлап тапқан, төрт түліктің сүтінен айран, шұбат, қымыз, қаймақ, сары май, құрт, ірімшік, жент әзірлеген. Мұның бәрі асыл тағамдар. Біздің бабаларымыздың ірі, ақылды, алғыр, тапқыр, табанды, батыл, денсаулықтарының мықты болуының бір себебі осы ішіп-жеген тағамына да байланысты. 

Өзің таразылашы, қазақ жалқау болса, осыншама жердің иесі атанар ма еді, осыншама данышпандарды тәрбиелеп, өсірер ме еді? Бүкіл түркі елінің қара шаңырағы бола алар ма еді? Мұны айтқанда басқаларға мақтанғандай көрінуім мүмкін. Сен, қарағым, дұрыс түсін, мұны мен мақтану үшін емес, қазақтың сан алуан қасиетіне көзім жеткеннен кейін айтып отырмын. Бір ғана мысал, Мұхаммед пайғамбарымыздың елінде жоқ қасиет қазақта бар. Ол жақта емшек ембеді деп ағасының ұлы інісінің қызына үйлене береді. Қазақ екі жастың жеті атаға жетпей тұрмыс құруына қатаң тиым салған. Тиым салуға ақыл-парасат, еңбек керек пе? 

– Керек.
– Ақыл-парасат – еңбек еткен адамда ғана болады, жалқауда – ақыл-парасат болмайды. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Сендер сегіз сағат жұмыс істейсіңдер. Айлықтарың ішетін тамағыңа, киетін киіміңе, қыдырғандарыңа жетеді. Сендерге мал бағудың да, егін егудің де керегі жоқ. Сүтті де, етті де, майды да, бәрін магазиннен сатып аласыңдар. Газет-журнал, кітап оқып, рухани байисыңдар. Бәлкім жалқау деп сен сияқты сегіз сағат жұмыс істеп, шөп басын сындырмайтындарды айтатын шығар? Рас, ауылдағы қайсыбір қазақ мал бағып, егін екпейді, шөп шаппайды. Ол әкесіне, ағасына, не туысқандарына сеніп, солардың көмегіне сүйеніп күн өткізгеніне мәз. Ондай бірен-саран факті арқылы бүкіл қазақты жалқау деуге бола ма? Кез келген адамды ақылды да, ақымақ та ететін – жағдай.
– Тағы сұрағың бар ма?
– Бар. Бұрынғы қазақ неге адал, әділ болған?
– Сен бала-шағаңды қалай тәрбиелейсің? Оларға не көргенділік көрсетесің? «Қарақтарым, ұрлық жасама, кісі ақысын жеме, орынсыз біреудің көңіліне тиме, жамандыққа барма, тұлабойыңа ластықты дарытпа, біреудің бірнәрсесін тартып алма, абыройыңды сақта, ұрлап бай болғаннан ақ, адал еңбегіңмен кедей болғаның артық» – деп тәрбиелейсің бе?
– Иә, солай тәрбиелеймін.
– Ол үшін кез келген ата-ана адал болу керек. Онсыз күткен нәтижеге жету қиын. Туыс халықтардың әдет-ғұрпы біздің әдет-ғұрпымыздан айнымайтынына қарағанда қазақ жақсы тәрбиеші болған тәрізді.
Кез келген халық жақсылыққа құштар, бірақ біздің халық жақсылыққа ерекше құштар. Оның бір дәлелі – қулыққа, сұмдыққа бармаған. Қазақтың өмірінде ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу ісі басты мақсат саналған. Тіпті ХІХ ғасырдағы қазақ халқының адал қасиеті қазіргі сіз бен бізде жоқтың қасы дерліктей. Қайсыбіріміз, жасыратыны жоқ, адал жанды: 
– Өй, мынау өмірге түсінбейтін ақымақ қой, – деп күстаналайды. Халқымыз қасиеті ыдырай бастаған кезде: «Заманына қарай амалы, тауына қарай түлкісі» деген мақал ойлап тапты. Мен бұл мақалды көп зерттедім. Қулық-сұмдықты заманыңа қарай қолдан дегені дұрыс па, бұрыс па деп таразыладым. Бүгінгі таңда сен айтып отырған аңғал, адал, ақкөңіл, жамандықтан аулақ адамның жолы бола ма? 
– Болмайды.
– Дұрыс.

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.