Еңбегі сіңген ұстазға – алғыс пен құрмет

Выпуск - №40(637)   :   11.10.2024
101

Білімнің шырағын жаққан ұстаздардың төл мерекесі – Мұғалімдер күнінде Ақордада еліміздің түкпір-түкпірінен үздік педагогтер бас қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев олардың қажырлы еңбегіне алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

1

Педагогикалық қызметтің маңыздылығы дәріптелген салтанатты жиын барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
– Менің тапсырмаммен арнайы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ, қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұға-лімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді Мемлекет басшысы.
Алқалы жиын соңында білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері үшін жиырма үш мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын айшықтайтын төсбелгі тапсырды. Солардың бірі – Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ағыбай Нугуманов. Кездесу барысында ол Президентке білім саласына тұрақты қолдау көрсетіп, ұстаз мәртебесі мен мамандықтың беделіне, мектептерде білім алу үшін қолайлы жағдай туғызуға көңіл бөлгені үшін алғысын айтты.
 

2

– Қазақстан халқына Жолдауыңызда: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты», – деген болатынсыз. Бұл – біздің қызметімізге берілген үлкен баға және жауапкершілік. Барлық әріптестерімді осындай биік бағаға лайық болу үшін аянбай еңбек етуге шақырамын, – деді Ағыбай Каринович.
Мемлекет басшысы ұстаздардың рөлі мен қоғамдағы мәртебесін тағы бір мәрте айшықтап: «Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі, сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық», – деп атап өтті.


Қостанай облысының білім беру саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ұстаз Ағыбай НУГУМАНОВТЫ редакция тарапынан жоғары марапатымен құттықтап, тағылымды тәжірибесі, шәкірттерінің жетістіктері және ұстаздық қызметтің маңызы мен мәртебесі жайлы пікірін білдік.

3

– Ағыбай Каринович, ең алдымен, өткен кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Жақында Президенттің қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісін алдыңыз. Бұл – ұстаздық жолыңыздың лайықты бағасы болса керек. Әңгімеміздің әлқиссасын ұстаздық жолға қалай келгеніңізден бастасақ. Ойыңызда қалған қызықты оқиғалармен бөліссеңіз.

– Құттықтауыңызға рақмет. Жалпы, мен мектепті 1977 жылы тәмамдадым. Сол кезде бірден жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады. Сөйтіп, 1978 жылы әскерге шақырылдым, екі жыл бойы Германияның Дюссельдорф қаласында әскери борышымды өтедім. Әскерден келген соң бір жыл жұмыс істеп, кейін Арқалықтағы совхоз техникумына оқуға түстім. Оқуды аяқтаған соң еліме – Әулиекөл ауданындағы Қазанбасы ауылына қайтып келіп, бір жарым жылдай техник-механик болып қызмет атқардым.
Сол кезде мектептегі ұстазым әрі сынып жетекшім Гехт Отто Альбертовичпен жиі кездесіп, волейбол, футбол ойнайтынбыз. Бір күні менен: «Ағыбай, мектепке жұмысқа келгің келмей ме?» – деп сұрады. Қателеспесем, 1982 жыл болатын. Әрине, мен ол кезде қажетті білімім жоқ екенін айтып, тартқыншақтап қалғанымды жасырмадым. Бірақ, ұстазым қайтпай, директорға ұсыныс тастағанын айтып, бірге сөйлесуге шақырды. Ауылда сол кезде егін науқаны қызу жүріп жатқан. Содан бір күні жұмыстан келсем, Отто Альбертович үйімде отыр. Келіншегім де ол кісіні біледі, сол мектепті тәмамдаған, осы ұстазымның тәрбиесінде болған. Ол кісі маған күлімдеп: «Ертең таңертең мектепке кел, директормен келісіп қойдым. Сені төменнен күтіп аламын, сосын бірге директорға кіреміз», – деді. Енді ұстазым әдейі іздеп үйіме келгесін, келісе кеттім.
Жұмыстың алдында таңертең мектепке соқтым. Барсам, директор екеуі мені күтіп тұр екен. Кабинетке кіргенімізде Отто Альбертович директорға: «Міне, ұсынып отырған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі – осы кісі», – деп таныстырды. Директор жақсы кісі екен, әңгімелесіп отырып білімім туралы сұрады. Педагогикалық білімім жоқ екенін бірден жасырмай айттым. «Спортпен айналысасыз ба?» деген сұрағына, «Иә» деп жауап беріп, совхоздың сборный командасында ойнап жүргенімді айттым. Ұстазым да бүкіл іс-шараларға қатысатынымды айтып, директордың алдында мені жан-жақты мақтап отыр. Біраздан соң директор ұжыммен ақылдасатынын айтып, бірнеше күннен кейін қайта келуімді сұрады. Мен қуанып, жұмысыма қарай бет алдым.
Онда телефон деген жоқ қой, Отто Альбертович өзі келіп, директордың мектепке жұмысқа шақырып жатқанын қуана жеткізді. Бір жағынан, педагогикалық білімімнің жоқтығына ыңғайсыздандым. Әлі есімде, аптаның сәрсенбісі болатын. Әкем: «Сәрсенбінің сәті деп, барып кел», – деп батасын берді. Мектепке барсам, директор: «Арыз жазыңыз, мектепке жұмысқа аламын», – демесі бар ма. Қуанып кеттім. Осылайша, 1982 жылы педагогикалық еңбек жолым басталды. Мұғалімдік жолға қалай түскенімді өзім де байқамай қалдым. Жастарды тәрбиелеп, жарыстарға апарып, 5–7-сыныптарға сабақ бере бастадым. Сол уақытта спорт әдіскері (методист) қызметін де қатар атқардым.

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәніне ауысуыңыздың өзі бөлек тақырып шығар. Бұл шешімге қалай келдіңіз?

– Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін сол кездегі Қостанай педагогикалық институтында көптеген факультеттер ашыла бастады. Қатарында қазақ филологиясы да бар екенін естідім. Бір жағынан, отбасымның ықпалы да болған шығар, осы бағытқа қарай бет бұруға тура келді. Өзім орыс сыныбын бітіргенмін. Дене шынықтыру факультетіне түсе алмаған соң, «Тәуекел түбі – жел қайық» демекші, басқа факультеттерді байқап көруді шештім. Сөйтіп, қарасам, әлгі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсемін деушілер аз екен. Ойымда ештеңе жоқ: «Болса болды, болмаса жоқ», – деп, соны таңдадым. Тапсырдым да, оны растайтын қағазымды алып, үйге бет алдым. Бір аптадан кейін: «Сіз қабылдандыңыз», – деген хабар келіп тұр. Сөйтіп, осы факультетке түсіп, оны 4 жыл сырттай оқып, 1996 жылы «Ұлттық мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алдым. Осылайша, ұстаздық жолымның жаңа бір тармағы ашылды.
Алғашында Қазанбасы ауылындағы орта мектеп директорымен сөйлесіп, мамандығымды ауыстырғанымды айттым. Қазақ тілінен сағат берді. Негізінде ұстаздық жолым ертерек басталса да, еңбек кітапшамда 1986 жылдан деп жазылған екен. Қазір еңбек жолым 40 жылға жуықтапты. Өткенге көз жүгіртіп отырсам, 1982 жылдан 1991 жылға дейін Қазанбасы мектебінде жұмыс істеппін. Екі мыңыншы жылға жақын Қостанай қаласына көштік. Алғашында С.Мәуленов атындағы гимназияға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналастым. Онда бес жыл жұмыс істеп, 2004 жылы Ы.Алтынсарин атындағы мектепке ауыстым. Міне, дәл осы мектептегі еңбек өтілім жиырма жыл болды. Бұл уақыт ішінде біраз шәкірт тәрбиеледім, оқушыларым көптеген олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

– Ең алғашқы сабақтарыңыз есіңізде ме? Оқушыларды қызықтыру үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолдандыңыз?

– Әрине, басында қиын болады ғой. Балалармен жұмыс істеп көрмегенмін. Бірақ, бірте-бірте адам үйренеді екен. Негізі, балаларды қызықтыра білу керек. Әуелде оқыту әдістемесін толық меңгере қоймағаным түсінікті. Қиналған кездерімде мектебімдегі ұстаздарымнан ақыл сұрайтынмын, бұл маған үлкен көмек болды. «Ұстаз – бала жанының бағбаны» деген сөз расында дұрыс айтылған. Балалармен әңгімелесіп, олардың ішкі әлемін түсіне бастадым. Қандай істерді ұнататынын, нені оқығанды жақсы көретінін сұрап, әңгімеге тартуға тырыстым. Олар да ашылып, маған жақындай түсті. Бұл – ұстаз үшін ең маңызды дүние деп ойлаймын.
Кейін балаларды ұйымшылдыққа тәрбиелеу мақсатында табиғат аясына шығуды әдетке айналдырдық. Ауылда рахат қой, велосипедке мініп алып, сенбі, жексенбі күндері серуенге шығатынбыз. Жағалай ағаштар, қайыңдар көп болатын. Тамағымызды, добымызды алып, күні бойы уақыт өткіземіз. Сонда ата-аналар да балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырғаным үшін алғысын айтатын. Осындай бірге өткізілген уақыттар ұстаз бен шәкірттің арақатынасын нығайта түседі.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған кезімде қазіргідей жаңа технологиялар жоқ еді. Балаларды қызықтыра білуім керек қой. Сол себепті, үйден өзім иллюстрациялар дайындап әкелетінмін, одан қалды балаларды сурет салуға, шығармашылыққа баули бастадым. Мысалы, ертегілер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, батырлар жырларын өткенде оқушыларға оқиға желісі бойынша сурет салып келуді тапсыратынмын. Жоғарғы сынып оқушыларымен М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармаларын өткенде, олардың өмірмен байланысын бірлесе талқылайтынбыз. Балалар сол кезде өз ойларын еркін айтып, жасқанбай пікірлерін білдіретін.

– Ағыбай Каринович, тәжірибелі маман ретінде жас ұстаздарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Айтпақшы, қазір өзім тәлімгермін. Мектебімізге жас ұстаздар келіп жатыр. Кез келген жас маманға айтарым: аянбай еңбек етіңіздер. Ұстаз үнемі білімін жетілдіріп отыруы қажет. Бұл саланы таңдаған соң, жаңа дүниелерді танып-білуден жалықпаған жөн. Семинарларға қатысып, тәжірибе алмасудың маңызы зор. 2010 жылы Өскемен қаласында педагогика саласына еңбегі сіңген Қанипа Бітібаева апайдың семинарына қатысқаным ерекше есімде қалды. Мықты тұлға, көптеген кітаптар жазған. Шеберханасын көріп, таңғалғанымды жасырмаймын.
Жас мамандарға келер болсақ, олардың балаларды табысқа жетелеуге бағытталған өзіндік әдіс-тәсілдері бар екенін байқадым. Көбіне сабақтарды ойын түрінде өткізеді. Бұл тәсіл баланы оқыту процесіне елітіп әкетеді. Бұған өткенде 5-сыныптың сабағына кіргенімде тағы бір мәрте көзім жетті. Балалардың сабаққа қызығып, белсенді қатысып отырғаны қуантты. Бұл – жас ұстаздардың білім деңгейінің көрсеткіші деп білемін.
Мектебіміздегі жас ұстаздардың қатарында Сымбат, Сәуле апайларымыз, тарих пәнінен Риза, математикадан Нұрболат ағайларымыз бар. Тәжірибелері аз болғанмен, сабақ беру тәсілдері өте жоғары деңгейде. Жас та болса бас болып жүрген алғыр ұстаздар. Педагогика саласы дамып жатыр ғой, қазір жоғары оқу орындарында мықты мамандарды дайындайтынын мойындауымыз керек. Ізбасарларыма ризамын.

– Ұстазға шәкіртінің жетістігі – ең үлкен қуаныш дейді ғой. Сіз де бірталай шәкіртіңіздің биіктерді бағындырғанына куәсіз. Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас. Еңбегің кетпес далаға» деген сөзі қажырлы еңбегіңізді лайықты бағалап отырғандай. Шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айтсаңыз.

– Ы.Алтынсарин атындағы қара шаңырақтағы алғашқы түлектерім 2011 жылы тәмамдады. Елордада жүрген сол шәкірттерім Мұғалімдер күніне орай марапатталғанымды ести сала, бірден хабарласып, мені құттықтап, кездесуге келді. Одан 2019 жылғы түлектерім де хабарласты. 2014 және 2015 жылғы түлектерім келе алмады, көпшілігі шетелде немесе Алматыда. 2022 жылы бітірген Альбина мен Сабина деген екі оқушым да хабарласып жатыр, олар қазір Түркияда.
Жоғарыда айтып өткен Қанипа Бітібаеваның атында қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада бар. Соған Аруза Боранбаева деген шәкіртім қатысып, бірінші орын алып келген еді. Қазір ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алуда. Оныншы сыныптағы шәкіртім Сания Белгібай арнайы бағдарламамен АҚШ-қа кетіп, сонда оқып жатыр. Кейбір шәкірттерім өзімнің жолымды қуып, ұстаздықты таңдаған. Мысалы, Айдана Бекеева Қарасу ауданының орталығында мұғалімдік қызметте, мектеп директорының орынбасары болып істейді.
Шәкіртім Эльмира Ертышбаева қызын мектебімізге 5-сыныпқа әкеліп түсірді. Енді шәкіртімнің баласына да ұстазбын. Педагогикалық институтта Самал Маусымбаева, Шыңғыс Тәуекел деген шәкірттерім қызмет етеді. Шыңғыс қазір докторантурада білім алуда. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді ғой. Шәкірттерім жеткілікті. Бәріне ризамын. Әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты. Спорт факультетінде оқып жатқан студенттеріммен кездесіп, кейде доп ойнап тұрамыз.

– Осы алған марапатыңыз сізге қандай жауапкершілік жүктейді?

– Бұл – үлкен жауапкершілік. Іс-шара барысында Президенттің алдында сөйлегенде уәде бергендей болдым. Мұндай құрметті атақты алғаннан кейін, зейнеткерлік жаста болсам да, ары қарай жұмыс істеуге дайын екенімді айттым. Еңбегіңнің лайықты бағаланып жатқанына куә болған кезде, бұл сені одан сайын шабыттандыра түседі екен. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір ұстаздарға көп көңіл бөлініп жатыр. Ұстаз – қоғамның бағыттаушы күші. Кездесуде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та бұл туралы айтты. Қазіргі білім жүйесінде жаңа бағдарламалар қосылып жатыр. Мұғалім деген абыройлы мамандықтың иесі болғандықтан, заманға сай сол үрдіске ілесіп отыру – бізге міндет.

– Сөзіміздің жарасымды қорытындысы ретінде болашаққа жоспарларыңызбен бөлісе өтсеңіз.

– Ең алдымен, әрине, отбасым жайлы ойлаймын. Қазір немерелерім бар, үлкені С.Мәуленов атындағы гимназияда 5-сыныпта оқиды. Олар еліміздің лайықты азаматтары болып өссе екен деймін. Биыл қара шаңырақ – Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 140 жылдық мерейтойы. Осы орайда, Ырысалды Сиелханқызы бастаған ұжымға, әріптестеріме алғысымды білдіремін. Менің қуанышыма олар да ортақтасып, барынша қолдап жатыр. Армансыз адам болмайды ғой, әлі де осы ұстаздық жолымды абыроймен жалғап, шәкірт тәрбиелей берсем деген мақсатым бар. Ақын Абай Құнанбайұлы «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» өлеңінде: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп нақтылайды. Осы ұғымдарды бала бойына сіңіріп өсірсек, жарқын болашаққа бастайтын негіз қаланар еді.

– Тағылымға толы әңгімеңізге алғыс білдіремін! Еңбегіңізге деген құрмет қашан да биік болсын дейміз.

Жамал ШАУКЕН

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.