Өмірін әділетсіздікпен күреске арнаған ағартушы. (32 жасында өмірден өткен Жұмабай Нұркеұлы хақында)

Выпуск - №34(631)   :   30.08.2024
305

image


Адамның көзі кеткенмен, өзі туралы естеліктерді жинап, ұрпақтарына баяндап, ешкімге бергісіз өмір жолын ұмыттырмайтын ең болмаса бір адам болса – адам өмірі әлі де жалғасын тауып жатқандай болады екен. Сол сақталып қалған естеліктер мен тарихи деректер – баға жетпес қазына іспетті.


Қазақ даласында білімнің шырағын жағып, халықты ағарту жолында даңғыл жол салып кеткен Ыбырай Алтынсариннің ізін жалғап, небір-небір тарлан тұлғалар өткен. Кейбіреулері жұлдыздай жарқыраса, енді біреулерінің есімдері тасада қалып қойған. Ағартушылық жолға барын салған сондай жанның бірі, қазақ мүддесі үшін күрескен қоғам қайраткері – жерлесіміз, Ұзынкөл ауданына қарасты Жаңатілек ауылының тумасы Жұмабай Нуркин (Нұркеұлы). Көзден кетсе де көңілден кетпеу керек тау тұлға бір ауылдың емес, қалың қазақтың ардақты азаматы болғанын естен шығармай, өскелең ұрпаққа өнеге ету керек-ақ.

Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген ол, бала кезінен дарынды, алғыр, ақылды болып өседі. Нұрке ата мен Көке (Ғазиз) әжеміздің жиырма төрт баласы болған деседі. Балаларының көпшілігі ерте қайтыс болған, көзі тірі қалған он екі баласының ең үлкені Ерғали (1883-1966) колхоз жұмысшысы болып қызмет істеген. Екінші баласы Сәлима (1885-1987) соғыс жылдары колхозда еңбек етті, мақаламызда сөз етіп отырған Жұмабай (1889-1921) ағартушы мұғалім, Кәк (1891-1918), Темірбай (1894-1911), Сәуірбай (1899-1958) еңбек армиясында, Абен (1901-1956) соғыс ардагері, Кәкім (1903-2003) соғыс жылдары тракторист, Болат (1906-1951) мұғалім және колхоздар мен совхоздар министрінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген, Тұрлыбек (1908-1942) соғыста із-түсссіз жоғалып кеткен, Күлямай (1912-1998) колхозда сауыншы болған, ал балалардың кенжесі Бітән (1915-1991) ағасы Болаттың жанында, бірге жұмыс істеген.

Үлкен отбасыда дүниеге келген Жұмабайдың білімге ұмтылысы алға жетелеп, 1913 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын тәмамдап шығады. Сол жылы Ақмола губерниясының Қарабұлақ болысының Күндік ауылында мектеп салып, сонда мұғалім болып еңбек еткен. «Сонау бір дүниені от-жалын шарпыған аласапыран заманда уақыт тынысын дәл кезеніп, қараңғылықтың қою қара тұманына батқан қазақ жұртына дұрыс бағыт нұсқап, ақылшы бола алған ұлағатты ұстаз еді», – деп жазады Сұлтанбек Қожанов «Ер есімі ұмытылмайды» мақаласында.

Жұмабай Нуркиннің революционерлік қызметі Ақмоланың «Жас қазақ» саяси ұйымына мүше болып кірген 1916 жылдан басталды. Оның төрағасы Сәкен Сейфуллин болатын, ал Жұмабай Нуркин Бюро мүшелерінің бірі еді. «Жас қазақ» ұйымының қатарында бола отырып, ол халық арасында революциялық насихатпен айналыса бастады. Қазан төңкерісінің жеңісімен Жұмабай Нуркин басқа революционерлермен бірге: «Енді біздің уақыт келді!», – деп, қарапайым халықты көтеріліске қосылуға шақырды.

Большевиктердің басқа ұлтшыл партиялардың өкілдерімен өткір күресінде 1918 жылғы ақпанның 28-і мен наурыздың 2-сі аралығында жұмысшылар, солдаттар, шаруалар, қазақ және казак депутаттары Кеңестерінің Ақмола уездік съезі өтті. Мұнда 79 адамнан тұратын уездік кеңестің атқару комитеті сайланды, олардың қатарында Нуркин де болды. Мұнда ол халықтық милиция бастығы лауазымына тағайындалып, уездік трибуналдың құрамына кірді. 1918 жылы ақ гвардияшылар мен ел ішіндегі Совет өкіметіне қарсы топтар Ақмолада бүлік шығарып, Совдеп басқарушысы Авдеевті, Павловты, Сейфуллинді, Асылбековті тұтқынға алады. Бұл кезде Жұмабай Нуркин Ерейменге Олжабай болысының малын тәркілеуге кеткен болатын. Алайда, оны орта жолда тұтқындап, түрмеге қаматады. Қатты аяздың салдарынан қиын жағдайда жеткен Жұмабай Нуркин ауырып қалады. С.Сейфуллин, А.Асылбековпен бірге Ж.Нуркин «Атаман Анненковтың азап вагонында» Омбы түрмесіне жіберілді. Дәл осы жерде Жұмабай Сәкен Сейфуллинмен бауырласып кетеді. Екеуі түрменің аумағынан қар шығаратын австриялық тұтқындармен келісіп, қашу жоспарын құрады.

Бұл туралы Сәкен Сейфуллин қазақ халқының Қазан революциясына қатысқаны, оның жеңісін қорғау жолында талай ерлік көрсеткені, бақытты өмірге жету үшін қандай қиын өткелдерден өткені жайлы жазған тарихи-мемуарлық шығарма, революциялық күрестің көркем шежіресі – «Тар жол, тайғақ кешу» романында толықтай баяндайды.

2


***

«Қашып ұсталған тұтқын тергеусіз атылады», – деп Колчак жарлық шығарды. Бірақ, оған қарамай-ақ аурудан сауларымыз қашпақ болдық.

Жұмабай шығып әкесімен кетпек. Өзгеміз басқа жөнмен кетпекпіз. Жылымық түсіп, қар ери бастаған соң, барактардың аралығындағы, алдарындағы жиналған қарларды, төгілген шайынды сулар мен еріп қатқан мұздарды ойып, атқа жеккен шаналарға салып, тасып шығара бастады. Қар тасушылар – жиһангерлер соғысында тұтқын болған австриялықтар. Бұлармен сөйлесіп, тасып шығаратын қардың астына жатып шықпақ болдық...

Ол күні ерте тұрдық. Жүрек қаттырақ соғады. Көңіл алабұртады. Таңертеңгі қатқан салқын уақыт. Аспан бұлттау еді. Күн сұрғылт. Жуынып-киініп алдық. Шүмекті қазаннан қайнаған су әкеп шай іштік. Ол арада тұтқындардың бәрі де тұрды. Күндегідей бәрі де құмырсқаша қыбырлай бастады. Біз тықыршып, тысқа дамылсыз шығамыз. Біраздан соң қар тасушылар да келді. Барып сөйлестік... Әуелі Жұмабайды жөнелтпекпіз. Тәуекел қайығына тағы да мінер сағат таянды... План әбден жасалып біткен. Сөз әбден сөйленіп байланған. Енді тек бір-бірімізге үндемей қараймыз... Бел буылған. Екі барактың арасында қарларды ойып, даярлап, шананы қамап, оннан аса тұтқын қолдарына күрек алып тұр. Сырттан күзетші солдат сезбесін деп, бәрі де шанаға қар салған болып жай қоршап тұрған жұрт.

«Кәне, жүр, даяр болып қарап тұрмыз», – деп жолдастар Жұмабайды шақырды.

Жұмабай жылдам басып жөнелді. Келіп тез шанаға жатты. Күрек ұстап, мұзды, кірлі қарларды даярлап тұрған тұтқындар тез жан-жағынан бастырып, тоң қарды салып жіберді. Жұмабай қарға көмілді. Қардың үстіне тақтай қойып, тақтайдың үстіне австриялық отырып: «Шүу!», – деді. Пар жегілген екі ат дырылдатып шананы алып жөнелді... Шана тікен сым шарбақтан аман өтті. Сым шарбақ аузындағы чех солдаттары қарап тұрып қалды. Одан өткен соң, шанаға қақпа аузындағы солдаттар қақпаны ашты. Шана аман лагерьден шықты.

***


Осылайша алдын ала келісілген жоспар бойынша Нұрке қарт ескі шанаға атын жегіп, әбден жүдеп, адам танымастай болып өзгеріп, ауруға шалдыққан аяулы ұлын туған ауылына алып келеді. Бірақ, Жұмабайға ел ішінде қалуға болмады. Күндіз-түні «қашқын» Жұмабайды іздеген ақ гвардияшылар елдің астаң-кестеңін шығарып, берекесін алады. Ақпараттарға сүйенсек, Жұмабай елден тысқары жақтағы Ешкі көлінің қамысын паналап, бой тасалайды. Оны құрмет тұтқан ауыл адамдары азық-түлік әкеліп, жағдайын біліп кетіп жүреді.

Күндердің күні Нұрке қарт баласына Сәкен Сейфуллиннен келген хатты әкеліп береді. Мәтіні жоғарыда атап өткен Сұлтанбек Қожановтың «Ер есімі ұмытылмайды» мақаласында көрсетілген: «Жұмабай, сенен кейін мен де түрме құрсауын бұзып, қашып шықтым. Бірақ, алашордашылар күн сайын соңыма түсуде. Бұл жерде қалуға болатын емес. Әулие-атаға жүргелі отырмын Бастаған істі бірге жалғастырайық. Маған кел», – деп жазады Сәкен Сейфуллин. Хатты алысымен Жұмабай жолға шығады, алайда ауыр дерті оны жолдан кейін қайтарады. Сөйтіп, 1921 жылы мамыр айында жалынды большевик-революционер әрі ағартушы ұстаз Жұмабай Нуркин небәрі 32 жасқа қараған шағында қыршынынан қиылады.

Бүгінде Ақкөл ауданына қарасты Кеңес ауылының орта мектебіне 100 жыл толды. Бұны айтып жатқанымыз бекер емес. Білім ордасының тарихы сонау 1924 жылдан басталады. Алғашында Кеңес мектебі «Шаруа жастарының мектебі» деп аталды. Кейіннен, 1950 жылы өзінің ұсақ мал фермасы, мектеп-интернаты, орыс-қазақ сыныптары бар Кеңес орта мектебіне айналды. Ал, 1967 жылы мектептің атауы «Жұмабай Нұркин атындағы орта мектебі» болып өзгертілді. Елге танымал бірталай тұлғаларды тәрбиелеп шығарған білім ордасы биыл мерейлі тойын атап өтті.

Алдағы жылдары осы білім ордасының атынан арнайы делегация Жұмабай Нуркиннің туып-өскен жері – Ұзынкөл ауданына, ағартушының зиратына соғып, зиярат етіп, арнайы экспедициямен келмек ниетте. Жұмабай Нуркиннің қабірі Ешкі көліне жақын жерде орналасқан.


3


Әрине, уақыт өзінің еншісін алады деген рас. Ескерткіш тасының шеттері шытынап, қирауға шақ қалып тұр. Қостанай өңірінің, Ұзынкөл ауданының аумағында тарихтың іздері көп емес. Ал, ХХ ғасырдың басында қазақ халқы үшін маңызды тұлға болған Жұмабай Нуркиннің ескерткіші жақсы бір жөндеу жұмысына мұқтаж. Осындай киелі орындарды сақтап қалу – абыройлы міндетіміз болса керек.

P.S. Мақала Жұмабай Нуркиннің үлкен ағасы Ерғалидің жалғыз ұлы Дәулеттің (Даулекей) ұрпағы Рамазан Дәулетұлының (суретте) редакциямызға ұсынған ақпараттары мен мұрағат материалдары негізінде әзірленді.


4


Бүгінде Рамазан Дәулетұлының анасы Бикамал Қасымқызы 83 жасқа аяқ басты. Ақ шашты абзал анамыз – қара шаңырақтың ұйытқысы. Осы әулеттің мұғалімдік жолын жалғастырып жатқан немере келіні Эльмира Еркебұланқызы Ергалиева «Үздік мұғалім» атанған. Ұрпағы ата-балаларының ерлік істерін ұмыт қалдырмай, үнемі баяндап отырады. Мәселен, Рамазан Дәулетұлының баласы Әділхан Ерғали 2018 жылы жазған «Жумабай Нуркин – глазами потомков» мақаласында Жұмабай атасы туралы:

«Кішентайынан өз көзқарасын берік ұстанып, шындықты бетке айтатын адам болатын. Осы асыл қасиеттермен қатар ол, біреу көмекке мұқтаж болса, шетте қалмайтын, соның арқасында ешқашан жалғыз болған жоқ. Бала кезінде мектеп оқушысы болғанына қарамастан, мұғалім болып, жас ұрпақты тәрбиелегісі келді. Жұмабайдың әділетсіздікті ұнатпайтын қыры оның патша сарбаздарының шаруаларға қатыгездікпен қарауын көргенде большевиктер жағына өтуінде шешуші рөл атқарды», – деп жазады. Осындай ұрпағы барда тау тұлғалардың есімі ұмытылмасы анық.

Дайындаған Жамал ШАУКЕН

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.