Бала тәрбиесі – қоғамның басты құндылығы және мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы арқылы жас ұрпақты ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу маңызды бағыт болып отыр.
«Адамның бір қызығы бала деген...», – деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, ұрпақ тәрбиесі – адам өмірінің мәні мен жалғасы. Бала тәрбиесі – тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан, жас ұрпақты ізгілікке, игі істерге баулу, оларды рухани құндылықтарға бағыттау баршамыздың парызымыз. Осы тұста барлық білім ордасында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, баланың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру және балабақша мен отбасы арасындағы байланысты нығайту – тәрбие жұмысының негізгі бағыттары саналады.
Осы мақсатқа жету үшін білім мен тәрбие ошақтарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізілуде. Бағдарламаның басты мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, саналы, еңбекқор, адал, жасампаз азаматты тәрбиелеу. Ұлттық тәрбие мәселесінде бағдарламаның рөлі ерекше. Ол жас ұрпақтың ұлттық мәдениетпен, салт-дәстүрлермен терең танысуына, рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне ықпал етеді. Тәрбиесіз берілген білімнің қауіпті екенін ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деп ескерткен. Сондықтан, тәрбие – жеке тұлғаның қалыптасуындағы басты фактор.
Қазіргі тәрбие мазмұны – ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелердің, қоғамдық сананың даму ерекшеліктері мен құндылықтық ұстанымдардың жемісі. Кезінде дана Абай айтқан «толық адам» ұғымына жету үшін тәрбие үздіксіз, көпжақты және қоғамдық сипатқа ие болуы қажет. Ел болашағы – жас ұрпақтың қолында. Сондықтан, әрбір азамат тәрбиелі, рухани бай, мәдениетті және ұлттық рухы жоғары тұлға қалыптастыруға үлес қосуы тиіс. Бұл – баршамыздың басты міндетіміз әрі ортақ парызымыз.
Мөлдір МАНАТОВА,
№16 бөбекжайдың тәрбиешісі,
Қостанай қаласы